Құс өсірушілер өндірісті еселеуге бел бумақ
Тарих парағына айналған 2016 жылғы деректерді тергіштеп көрелік. Қазақстанның құс өсірушілері одағы есеп-қисабына сүйенсек, еліміздегі жұмыртқа өндірісі 5 млрд еңсерген. Отандық құс еті бойынша көрсеткіш 150 тоннаға теңеледі. Ішкі нарық жұмыртқамен 100 пайыз қамтамасыз етілген.
Бірақ қазақстандық құс еті әлі де қат. Әзірге импорттық өнімнің мысы басым. Десек те отандық құс фабрикалары өндірісті қамшылауды көздеп отыр. Болжам бойынша 2017 жылы елімізде 157 тоннадан астам құс еті өндіріледі деп күтілуде.
– Құс шаруашылықтары 2010 жылдан бері асыл тұқымды мал шаруашылығын қолдау мен дамытуға, мал шаруашылығы өнімінің сапасы мен өнімділігін арттыруға бағытталған субсидиялау бағдарламасына қатысады. Биылғы 10-14 қаңтар аралығында аталмыш салада тәжірибесі мол қаржыгерлерден, технологтардан, зоотехниктерден және ветеринариялық дәрігерлер іспетті 12 маманнан тұратын жұмыс комиссиясы құс фабрикаларының өтінімдерін қарастырды. Субсидиялау бойынша 57 құс фабрикасы құжаттарын жолдаған. Оның ішінде 32-сі жұмыртқа бағытындағы, 17-сі бройлерлік, 3-уі суда жүзетін, 1-і күркетауық өсіру, 7-і асыл тұқымды шаруашылықтар. Биылғы жылық ұс шаруашылықтарын демеуқаржыландыру талаптары өзгерді, – деп атап өтті «Қазақстанның Құс өсірушілер одағы» ЗЖТБ баспасөз хатшысы МиланаДжафарова.
Мемлекеттік қолдаудың игілігін «Инфрастрой ЛТД» ЖШС де сезінеді. Кәсіпорын қазақстандықтардың дастарханын сапалы құс етімен қамтамасыз етеді. Өткен жылы 2800 тонна өнім нарыққа жол тартты. Биыл құс фабрикасы жылдық қуаттылыққа шығуды межелеп отыр. 2017 жылы өндіріс 15% ұлғаймақ. Кәсіпорын 4800 мың тонна құс етін саудаға ұсынуға дәмелі.
– Өндіріс қарқынын арттыру үшін инкубаторлық шкаф іспетті қажетті құрал-жабдықтармен қамдануға кірістік. Асыл тұқымды жұмыртқаларды сатып алып, етті қанаттыларды күтіп-баптаймыз. Жұмыртқаны жарып шыққан балапандар 42 күнде жетіледі. Оларды ет күйінде көтерме бағамен өткіземіз. Бүгінде бір келісі 600 теңге саудаланады. Өзіміздің дүкеніміз жоқ. Сондықтан бір кәсіпорынмен шарт жасасып, олар біздің өнімді еліміздің түкпір-түкпіріне жеткізеді, – деп өндірістің бүгінгі тынысымен «Инфрастрой ЛТД» ЖШС атқарушы директоры Жомарт Мұртазаев жан-жақты таныстырды.
Оңтүстік Қазақстан облысында қанат жайған құс фабрикасының тарихи тамыры тереңге бойлайды. Кәсіпорынның іргетасы 1937 жылы қаланды. Оны тәуелсіздік таңы атқан жылдары Жомарт Мұртазаев сатып алған. Кәсіпкер әбден тозған құрылғыларды кезеңмен жаңартуға және өндірісті қамшылауға мықтап кірісті. Бүгінде құс фабрикасындағы құрылғылардың 60 пайыздан астамы ауыстырылды. Енді көрсеткішті 100% жеткізу жоспарланған.
– Сол технология жұмысты жеңілдетіп, кәсіпорынның қауқарын күшейтеді. Құс шаруашылығының тәуекелі басым. Десек те шаруамызды дөңгелетуге бел будық. 2015 жылы құс етін өткізу қиынға соғып, оны жарты жыл тоңазытқыштарға сақтауға т ура к елді. К ейін ө нім бүлініп, оны қоқысқа тастауға мәжбүр болдық. Бүгінде құс етін саудалауда әбігерленбейміз. Өткізу нарығы қалыптасқан. Сұраныс көбейген соң, өнім көлемін көбейтуді ұйғардық. Қазір еншімізде 300 мыңға жуық бройлерлік құс бар. Енді оның санын 4 миллионға жеткізуге тырысамыз. Экспортқа шығуға асықпаймыз. Әуелі елімізді толық қамтамасыз ету қажет, – деп өзінің алдағы жоспарымен «Инфрастрой ЛТД» ЖШС өкілі бөлісті.
Әзірге өндірілген өнім шикізат түрінде нарыққа жол тартады. Биылғы тамыз айында «Инфрастрой ЛТД» ЖШС құс етін өңдейтін цех ашылады деп күтілуде. Қағаздағы жоспар өмірге жолдама алса, «Қазақстанда шығарылған» белгісі бар шұжықтар мен сүрленген еттің көлемі артады.
Ресми деректерді тергіштесек, Оңтүстік Қазақстан облысында ірі және шағын 35 құс фермасы бар. Онда өсірілетін қанаттылардың саны 2 миллионнан асып жығылады. 2016 жылы өңірде 300 миллион дана жұмыртқа, 12,1 мың тонна құс еті өндірілген. Енді облыс халқын отандық өніммен толық қамтамасыз ету мақсатында 2020 жылға дейін 78 құс фабрикаларын ашу жоспарлануда.
2016 жылы мемлекет тарапынан саланың дамуына аймаққа 2 миллиард теңгеден астам көлемде демеуқаржы бөлінген. Оның 1 млрд теңгеден астамы күрке тауық шаруашылығына бағытталған.
Венера Мұстафина
23.01.2017 ж. мақала