Қағаз қаптамалар өндірісін қалай жолға қоюға болады?
Нан өнімдері мен тәттілерді өндірушілер көбіне қағаз қаптамаларға сүйенетіні белгілі. Олар тек сырттан ғана жеткізілмейді. Елімізде де өндіріледі. Өндірісті оң жолға қою атыраулық кәсіпкер үшін оңай емес. Шығарылған қағаз қаптамаларға сұраныс аса үлкен емес. Десек те нәзік жан қолға алған кәсібінің тынысын кеңейтуге мықтап бел буған.
Ақмарал Байлауованың мамандығы – экономист. Талай жыл бойы «Ақ Жайық-7» ЖШС инженерлік қызметті абыроймен атқарған. Бірақ денсаулығы сыр беріп, жұмыстан қол үзді. Ем-дом, сауықтыру шаралары өз нәтижесін берді. Жігерлі нәзік жан қайта аяғына нық тұрды. Ол үшін өмірге налу, қол қусыру – жат. Ынта мен талпыныс ІІ топтағы мүмкіндігі шектеулі жанды кәсіпкерлікке жетеледі.
Белсенді нәзік жанның көңіліне үміт пен сенім ұялады. 6,5 пайызбен 3 млн теңге көлемінде жеңілдетілген несие рәсімделді. Ақмарал қаржыны экологиялық таза қағаз қаптамаларды шығаратын өндірісті ашуға бағыттаған. Қажетті құрылғы сатып алынды. Атырау бизнес-инкубаторынан орын жалға алынды.
– Өндірісті кеңейту үшін тәжірибені біліммен ұштастыру қажет. Кәсіпкерліктің негіздерін түртіп алдым. Бағым жанып, 2 миллион теңге көлемінде мемлекеттік гранттың иегері атандым. Оған Қытайдан қажетті құрылғыға тапсырыс берілді. Бірақ оның жеткізілуі ұзаққа созылып кетті. Қыл аяғы әлемдік қаржы дағдарысы және доллар бағамының көтерілуінен құны қымбаттап кетті. Қондырғыны орнатылғанымен, оның тілін меңгеруге біраз уақыт жұмсалды. Нұсқаманы жете зерттедім. Барлық жұмыстың басы-қасында өзім жүрдім. Маған экономикалық мәселелермен қатар өндірістің ахуалын жете бақылауға алуға тура келді. Станоктардың айналысында өзім жүріп, қағаз қаптамаларды дайындадым, – деп өндірістің тынысымен «Бум-2020» ЖК жетекшісі Ақмарал Байлауова таныстырды.
Азық-түлікке арналған қаптамалармен қатар крафт қағаздар да кеңінен қолданылады. Нәзік жан ұсынылатын өнімдердің сапасына және беріктігіне баса мән береді. Қазақстандық қағаз қаптамаларды көбіне наубайханалар, жеке және интернет дүкендер сатып алады. Сұраныс аса көп емес. Ірі сауда орындары мен супермаркеттердің бірі целофаннан экологиялық өнімге көшуге асықпайды. Ал екіншілері сырттан жеткізілетін қағаз қаптамаларға қолқа салады.
– Өнімді өтікізу жағы қиындау. Тұрақты тұтынушыларды табу қиын. Әзірге сырттан жеткізілетін қағаз қаптамалардың бағы жанып тұр. Қуаттылық төмен. Әлі де өндіріс толық жүктелмеген. Айына шамамен 30 мыңға жуық қағаз қаптамаларды шығарамын. Бірақ қазір оның өндірілетін көлемі төмен. Себебі сұраныс аз. Көбіне наубайханалар, өнімді жеткізумен айналысатын тамақтандыру орындары тапсырыс береді. Бұл кәсіптің болашағы бар. Әуелі оның ұзақ мерзімділігіне баса мән беремін. Оны аяғынан тік тұрғызу мен үшін оңайға соқпай отыр. Десек те қиындықтарға қарамастан, өндірісті аяғынан тұрғызып, оны жаңа деңгейге шығаратыныма кәміл сенемін. Азық-түліктің әдеттегі целофаннан гөрі нан қағазға оралғаны жөн емес пе? – дейді кәсіпкер.
Өндіріс барысы көбіне адамның қол еңбегіне артылған. Қолдағы қондырғы дайын қаптамаларды шығармайды. Тек оның бүйірін және төменгі тігісін желімдейді. Ал оның төртбұрышты түбін жасауды Ақмарал өз мойнына алған. Станоктың басы-қасында өзі тұрады. Қондырғының тілін меңгерген нәзік жан біліп-түйгенін қызметкерлерге меңгертуде. Бүгінде өндірісте 7 адам тер төгеді.
Бүгінде қағаз қаптамаларға логотиптерді салатын қондырғыға тапсырыс берілді. Үлкен сұранысқа ие құрылғы жақында менің цехыма жеткізілуі тиіс.
Венера Мұстафина