Етті мал шаруашылығы: ұсынылған жаңа бағдарлама несімен ерек?
Ірі қара саны 2 есе артады
Ресми деректерге жүгінсек, табындағы мүйізді ірі қара 7 миллионды құраса, отарлардағы қойлар 18 миллионға жеткен. 2027 жылға қарай алғашқысын 15 миллионға жеткізу көзделсе, соңғысы 30 миллионға дейін көбеймек. Атқамінерлер оның есебінен экспорттан түсетін табыс көлемі ұлғаятынына үміттенеді. Қазіргі көрсеткіш – 30 миллион АҚШ доллары. 9 жылда оны 2,4 млрд долларға жеткізу міндеті тұр. Ал сиыр мен қой етінің өндірісін 600 мың тоннадан 1,1 млн тоннаға дейін арттыру жоспарланған. Оның негізінде етті қайта өңдеу кәсіпорындарының санын еселеу көзделіп отыр: 14-тен 21-ге дейін. Бірақ бүгінде қолдағы ет комбинаттарының өзі толық жүктелмегені белгілі. Қағазда айқындалған міндеттер қаншалықты іс жүзінде өмірге жолдама алатыны әзірге беймәлім.
– Бағдарламаның мақсаты – мал шаруашылығын дамыту. Оның аясында мүйізді ірі қараны 2 есе арттыру жоспарланып отыр. Оның санын 7 милионнан 15 миллионға көбейту діттелген. Бұл көрсеткіш қолжетімді. Себебі бұған дейін ірі қараның экспорттық әлеуетін дамыту бағдарламасы жүзеге асырылған жылдары ірі қара 5 миллион 300 мыңды құрады. Бүгінде оның саны 7 миллионға жуықтады. 5 жылдың ішінде мал басы 1 миллионға көбейді. Бұл жақсы үрдіс. Оны жалғастырып, фермерлерге жағдай жасау көзделіп отыр, – деп жаңа бағдарламаның жобасын ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Мал шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу департаментінің директоры Еркебұлан Ахметов таныстырды.
Жеңілдетілген несие не үшін қарастырылған?
2011-2015 жылдарға арналған мүйізді ірі қара етінің экспорттық әлеуетін дамыту бағдарламасы аясында шетелден 55 мың асыл тұқымды сиыр жеткізілген. Одан төл алынды. Нәтижесінде өсім 3 есе артып, 135 мыңнан асты. Жылда асыл тұқымды шаруашылықтар шағын қожалықтарға 65 мың бас мал сатады. Сондықтан бүгінде асыл тұқымды мал бойынша өз қажеттілігімізді толық қамтамасыз еттік дейді атқамінерлер. Ендігі кезекте тауарлы малдың санын көбейту діттеліп отыр. Оны, бірінші кезекте, еліміздегі шаруа қожалықтарындағы малдың есебінен өсіру жоспарланған. Екіншіден, өз ісін жаңа бастаған фермерлер үшін тауарлы сиырды сатып алуға қолдау көрсетілмек. Өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы бойынша жеңілдетілген несие беріледі. Оның жылдық үстем ақысы – 4%. Рәсімделетін мерзімі 15 жылды құрайды деп күтілуде. Жоспар бойынша 1 млн жуық сиырды сырттан сатып алу жоспарланған. «Бұл жерде біз фермерге малды шетелден әкел немесе біздің еліміздің ішінен ал деген талап қоя алмаймыз. Оны қайдан сатып алатынын шаруаның өзі шешеді», – дейді министрлік өкілі.
Шығын мен кіріс: министрліктің мысалы
Құзырлы министрлік ата кәсіпке бет бұрғандардың шығыны мен кірісін сараптаған. Олар орта шаруашылықты дамытудың жолын мысал ретінде қағазға түсірген.
– Фермер бизнесті құруға 50 миллион теңге инвестициялайды, несиені қайтару мерзімі 15 жылды құрайды. Оның 50 бас сиыры болса, онда алынған төл арқылы жылына бордақылау үшін 20 бұқашық және жаңадан құрылған фермерлік шаруашылыққа 15 тайша сатады. Жыл сайын барлығы 4,7 миллион теңге таза пайда табады. Аталған мысал пессимистік көрсеткіштерге сүйене отыра есептелген. Аналық басты көбейту және төл алу көрсеткіштерін жақсарту есебінен кірісті ұлғайту мүмкіндігі бар, – деп есеп-қисапқа ҚР Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Арман Евниев тоқталды.
Етті мал шаруашылығын дамыту бағдарламасы 2018–2027 жылдарды қамтиды. Фермерлік шаруашылықтарды дамыту – белгіленген басымдықтардың бірі. 10 жыл ішінде оларды 100 мыңға жеткізу қажет. Әзірге мал шаруашылығымен айналысатын қожалықтардың саны 20 мыңды ғана құрайды. Жоспар іске асса, онда ата кәсіпке бет бұрғандардың қатары артпақ. Құзырлы министрліктің есеп-қисабы бойынша мал шаруашылығы саласында жұмыспен қамтылғандардың саны 100 мыңнан 600 мыңға дейін көбейеді.
Демеу шаралары
Ұсынылған бағдарлама өзгелерден ерекше көрінеді. Бұл жолы тікелей мал шаруашылығына берілетін демеуқаржыларды алып тастау ұйғарылған. Тек жайылымдағы құдықтарды салуға ғана инвестициялық субсидия қарастырылмақ. Сонымен бірге «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы мобильді тұрғын вагонды, мал қораны, жылжымалы станокты еншілеуге несие ұсынылмақ. Малға арналған жем-шөпті дайындауға қажетті техниканы лизингке беру жоспарланып отыр.
– Министрлік ауыл шаруашылығы саласының стратегиялық даму бағыттарына талдау жүргізді. Нәтижесінде ауыл шаруашығы өнімдерін экспортқа бағыттау және импортты алмастыруға бағытталған 15 басым бағыттар анықталды. Етті ірі қара мал шаруашылығының және қой шаруашылығының әлеуетінің жоғары екенін көріп отырмыз. Елімізде етті мал шаруашылығы саласын дамытудың барлық қажетті ресурстары бар, – деп мәселенің жай-жапсарына ҚР Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Арман Евниев тоқталды.
Жайылымдардың жайы
Жайылымдардың мақсатты және тиімді пайдалануға баса назар аударылады. Бүгінде еліміздегі өрістердің аумағы 180 млн гектарды құрап отыр. Бұл малдың санын екі есе арттыруға жеткілікті көрінеді. Бұл ретте жайылымдарды тиісті түрде кәдеге жаратпайтын фермерлік шаруашылықтар қатаң түрде нысанаға алынбақ.
– Біз бірнеше облысқа талдау жасадық, оның нәтижесі бойынша жеке шаруашылықтардың жүздеген, тіпті миллионнан астам гектар жайылымы бар екені анықталды. Бірақ онда бағылатын тиісті малы жоқ адамдардан жерлер алынады. Себебі бұл – жайылымды тиімсіз пайдаланумен теңестіріледі. Жер заңнамасына өзгерістер енгізу бойынша арнайы бастама білдірдік. Бұл бағытта кешенді жұмыс жүргізілуде, – дейді Арман Евниев.
Ұсынылған бағдарламаға қатысуға ниет білдірген фермерлерге 76 млн гектар жайылым беру қарастырылған. Сонымен бірге суармалы алқаптардың көлемін қосымша 1 млн га ұлғайту көзделіп отыр. Оның арқасында малға қажетті жем-азықты дайындауға жол ашылады. Қазіргі ахуалды сараптаған «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов «Қазақстанда бір малдың басына 64 келі дайын жем шығарылса, Ресейде 10 есе, Беларусьте 15 есе үлкен» деп мәліметтерді алға тартты.
Өнімді қайда сатамыз?
Бұл бағытта атқамінерлер вертикалды кооперацияға иек артуда. Оның арқасында барлық түйін қалыптасатынына үміт артылған. Егер бүгінде 30-дан астам бордақылау алаңы болса, келешекте олардың саны 100-ден аспақ.
Бағдарлама жобасында экспортты дамыту бойынша басымдыққа ие нарықтар да анықталған: Қытай, Иран, Сауд Арабиясы.
– Аталған елдердің сұранысы артып келеді. Мәселен, аспан асты елі бойынша жыл сайын 10 есе артып отыр. Министрлік аталған елдердің ветеринарлық қызметімен бірлесе қызмет етуде. Оның арқасында сиыр және қой еті бойынша Иран нарығы ашылды. Сауд Арабиясы өткен жылы шешілді. Қытаймен мұздатылған қой еті бойынша келісімге қол қойылды. Жылқыны өткізуге де мүмкіндік бар. Енді Қытаймен сиыр еті бойынша келісім жасалуда. Оны жыл соңына дейін бекітіп, сиыр етін аспан асты еліне экспорттауға жол ашамыз, – деп атап өтті Еркебұлан Ахметов.
«Қазақстан ет одағы» бірлестігінің төрағасы Мақсұт Бақтыбаев да ата кәсіпке бет бұрған. 2011 жылы 1400 бас етті бағыттағы абердин ангусты сатып алған. Асыл тұқымды сиырлар АҚШ-тан, Аустралиядан, Канадан жеткізілді. «Бүгінде табындағы мал басы 2500 жетті. Біз қолдағы ірі қараның санын осы деңгейде сақтап отырмыз. Жылда шамамен 800-1000 бас малды шаруаларға сатамыз. Біз тек негізгі мал басын сырттан жеткіземіз, одан оның саны көбейеді. Біз секілді ірі компаниялар өз есебінен 1 мың бас малды Ресейден, Украинадан, Австралиядан не басқа мемлекеттен жеткізді делік. Оны тауарлы несие ретінде фермерлерге ұсына алады. Егер ол меннен тауарлы несие ретінде 10 сиыр алса, ол маған 7 жыл ішінде 10 тайшаны және бұқаны пайыз ретінде қайтарады», – дейді ол.
Венера Мұстафина
07.05.2018 ж. мақала