Егіс науқанына қамдандық па? (талдау үшін)
Көктем келісімен, диқандар қауымы егіс науқанына дайындықты пысықтауға кірісті. Олар қажетті құрал-жабдықтар мен техниканы сайлап, танап басындағы қам–қарекетке мықтап кірісті.
Дизельді отын бөлінді
Берекелі өнімге қарық болу үшін дайындық жұмыстарын күшейткен абзал. Жерден ризығын табатын Ораз Мұстафин егіс науқанына сақадай-сай. Теріскейлік шаруа биыл 80 гектар алқапқа дәнді дақыл сіңірмек. Ол тұқымнан қағажу көрмейді. Өткен жылғы күзгі орақ науқанында жиналған дәнді дақылдың бір бөлігі көздің қарашығындай сақталған.
– Қолды қусырып, біреуге алақан жаюдан алшақпыз. Ауылда түтін түтетіп, егіншіліктен нәсіп тауып отырмыз. Балалық шағымнан бері қара жердің қадірін түсіндім. Әкенің жолын жалғап, маңдай терімізбен тапқан айлығымызды шайлығымызға жеткіземіз. 15 жылдан бері танап басында еңбек етемін. Негізінен дәнді дақылдарды өсіруге ден қойылды. Оның технологиясы мен талаптарын жіті меңгердім. Жылда ылғал сақтау, қар тоқтату, тұқымның сапасын жақсарту жұмыстарынан қапы қалмаймыз. Егін бітік шығып, мол өнім жинау үшін көктемгі дала жұмыстарына жүрдім-бардым қарауға болмайды. Өз басым сайран салған шегірткенің кебін кимеу үшін алдын ала қамданғанды жөн көремін. Тиімді бағамен жанар-жағармай сатып алынды. Сондықтан егіс науқанына 100 пайыз дайынмын, – деп тындырған шаруаларын солтүстікқазақстандық диқан тергіштеді.
Мемлекет тарапынан жылда көктемгі дала жұмыстарына жеңілдетілген бағамен дизельді отын үлестіріледі. Өңірлердің сұранысын Энергетика министрлігі мықтап қаперге алады. Жергілікті атқарушы органдардың өтініштеріне сәйкес құны арзандатылған дизельді отын бөлінеді. Оны облыстарға жеткізетін операторларды ауыл шаруашылығы басқармалары анықтайды.
«Биыл Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірге дизельді отынды өңірлерге жеткізу кестесін бекіттік. Қазақстандық тауар өндірушілер жеңілдетілген бағамен 375 мың тонна дизель отынымен қамтамасыз етіледі. Соның ішінде Атырау мұнай өңдеу зауыты бойынша 79 мың тонна, Павлодар мұнай-химия зауытынан 233 мың тонна, Шымкенттегі зауыттан 63 мың тонна қарастырылған. Соңғысынан алынатын көлем төмен. Себебі зауытта жаңғыртудың бірінші кезеңі бойынша жөндеу жұмыстары аяқталуда. Заңнамаға сәйкес ауылшаруашылық тауар өндірушілердің қажеттілігіне сәйкес жанар-жағармайды жеткізу басқа жөнелтулерге қарағанда басымдыққа ие»,-деп мәселенің мән-жайын ҚР Энергетика вице-министрі Әсет Мағауов жіпке тізді.
Тапшылық туындамайды
Нарықта дизельді отынның тапшылығы туындамайды. Құзырлы ведомство мамандарының сөзіне сүйенсек, оған әкеліп соғатын тәуекелдер байқалмайды.«Өткен жылмен салыстырғанда биылғы қорымыз шамамен 100 мың тоннаға артық. Дизельді отынның негізгі бөлігі сәуір-мамыр айларында жөнелтіледі. Бағаның шарықтауына жол бермеу үшін Үкімет дизельді отынның акцизін өсіруден бас тарту шешімін қабылдады. Сәуірдің 1-нен акциз бір тонна үшін 9300 теңгені құрауы тиіс еді. Оны қолданысқа енгізбеу құпталып, енді акциз бұрынғы деңгейде тоннасы үшін 540 теңге көлемінде сақталады. Бұл ауылшаруашылық тауар өндірушілерге арналған дизельді отын бағасының қатты қымбаттауына жол бермейді, – деп түсіндірді вице-министр.
Оның айтуынша, өткен жылы көктемгі дала жұмыстарына шамамен 368 мың тонна дизельді отын үлестірілсе, биыл 378 мың тонна жоспарланған. Оның құны 117- 123 теңге аралығында деп бекітіліп отыр. Оның айтуынша, дизельді отынды жөнелту жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде.
«Заңмен нақты арзандату қарастырылмаған. Бірақ дизельді отынды жөнелту жұмыстарынан жанар-жағармай құю бекеттері сырт қалады. Сондықтан олардың жеткізудегі қосатын бағасы болмайды. Егер бүгінде зауытта дизельді отынның құны тоннасы үшін 127 мың теңгені құрайды. Біздің есебімізше, ауылшаруашылық тауар өндірушілер мұнай базаларының желісі арқылы жеткізілген дизельді отынның литрі 117-123 теңге алады. Оның бағасы жанар-жағармай құю бекеттерімен салыстырғанда біршама төмен», – дейді Әсет Мағауов.
Нарықтағы бағаға келгенде, сыртқа алақан жаятынымыз бар. Вице-министрдің сөзінше, жанар-жағармай бойынша 30 пайызға, дизельді отынның 15%-ы импортқа тәуелді. «Сәйкесінше ішкі нарықтағы бағалар тек біздің мүмкіндіктермен ғана емес, РФ қамтамасыз етудің қажеттігімен анықталады. Ресейлік нарықтағы бағалар біздің нарыққа әсер етеді. Көлем жағынан сараптасақ, елімізде жанар-жағармай және дизельді отын бойынша жеткілікті қор жасақталған. Бұл тұрғыдан елеулі қауіп-қатерлер байқалмайды. Баға конъюктурасы нарықтағы жағдайлармен анықталады», – дейді ол.
Несиелеуде басымдыққа ие дақылдарға мән берілмек
Қаржысы қат диқандар қауымы қаржы институттарына жүгінетіні мәлім. Мемлекет жылдағы дәстүр бойынша «Қазагро» холдингі арқылы егіс және орақ науқандарын қаржыландырады. Биыл бұл мақсатта 60 млрд теңге көлемінде қаржы бөлінген. Несиелеу тетіктері егістік алқаптарын әртараптандыруға бағытталған. «Бұл бағытта биылғы 1 сәуірге дейін басымдыққа ие 11 дақыл бойынша өтінімдер қабылданып, қаржыландыру жүзеге асырылды. Оның ішінде күнбағыс, рапс, зығыр, соя, арпа, қант қызылшасы, күріш, астық жүгерісі, мақта, сұлы, картоп бар. Енді 1-ші сәуірден бастап басқа дақылдар бойынша өтінімдер қарастырылуда».
Ауыл шаруашылығы министрлігімен белгіленген жоспарға сәйкес басымдыққа ие дақылдар 567 мың гектар алқапқа қаржыландырылуы тиіс. «Қазагро» холдингіне жолданған өтінімдерді сараптасақ, диқандар қауымының рапс, зығыр, арпа және күріш егуге қызығушылығы жоғары. Ал қант қызылшасы, мақта және астық жүгерісі бойынша несие алуға ниет білдіргендердің қатары некен-саяқ. Сондықтан бұл бағыттағы қаржыландыру жұмыстары жалғасады.
Венера Мұстафина
24.04.2017 ж. мақала