«Буш сирақтарын» ығыстыра аламыз ба?
Жұмыртқа өндірісі бойынша өзімізді 100 пайыз қамтып отырмыз. Ал отандық құс етінің ахуалы өзгеше: әлі де сыртқы нарыққа тәуелділік бар. Алдағы 5 жылда оның деңгейі құлдилайды деп күтілуде. Қолданысқа тапсырылатын тың өндірістерге артылған үміт көп. Әзірге «Қазақстанда шығарылған» құс еті ішкі нарықтың қажеттілігін бар-жоғы 45% өтеп отыр.
Ішкі нарықты қамтамасыз ету керек
Ресми деректерді тергіштесек, жер-жаһандағы ет өндірісінің 40 пайызға жуығы құс шаруашылығына тиесілі. Оның дені АҚШ-тың еншісінде. Соңынан ілескен Еуропа елдері әлемдегі құс етінің 30,6% өндіреді. Ірі өндірушілердің үштігін 30,1 пайызбен Азия мемлекеттері түйіндейді. Сұраныс еселенуде. Ұсыныс та артудың жолына түсті. 2010 жылы әлемдік нарықта 99 миллион тонна құс еті саудаланған. Бүгінде көрсеткіш 110 миллион тоннадан асып жығылған. ФАО- ның есеп-қисабына сәйкес жылдық өсім 3,1% пара-пар. Елімізде де құс шаруашылығының тынысы кеңеюде. Қарышты даму байқалмағанымен, алшаңдап алға басып келеді. Қазақстанның құс өсірушілер одағы дәйектерін жіпке тізіп көрелік. 2016 жылы Қазақстанда 167 мың тонна құс еті өндірілген. Көрсеткіш мәз емес. Әлі де ішкі қажеттілікті толық қамтамасыз ету сағымға айналып отыр. Өткен жылы еліміздің тұрғындары 323 080 тонна құс етін тұтынған. Оның жартысына жуығы ғана отандық өнімнің үлесіне тиеді. 180 мың тоннасы шеттен дорбаланатын құс етіне тиесілі. Сыртқа алақан жаймаудың амалына құзырлы министрлік бас қатырған көрінеді. Түйткілдің түйінін тарқатудың жолын ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Гүлмира Исаева жіпке тізді.
– Импорттан арылып, отандық құс етінің өндірісін ұлғайту міндеті тұр. Алдағы 5 жылда оның көлемі 300 мың тоннаға жетеді деп күтілуде. Негізінен бұл Қазақстанның қажеттілігін өтеп, экспортты көбейтуге мүмкіндік береді. Неліктен оның жүзеге асырылатынына сенімдіміз? Себебі бүгінде бірнеше ірі жоба жүзеге асырылуда. Оның ішінде қуаттылығы 50 мың тоннаны құрайтын Ақмола облысындағы Макинка құс фабрикасы бар. Сонымен қатар осы іспетті жобаларды бірқатар инвестор ұсынып отыр. Біздің есебіміз бойынша 4-5 фабриканың ашылуы жақын арада аталған нәтижеге қол жеткізуге жол ашады, – дейді құзырлы ведомствоның лауазымды өкілі.
Елімізде құс етін өнеркәсіптік деңгейде өндіруге 18 кәсіпорын ден қойған. Олардың 4-уі ірі, 5-уі орташа, қалғаны шағын саналады. Қуаттылығы 50 мың тоннаны құрайтын 4 құс фабрикасы тоқырауға ұшырап, уақытша тоқтап тұр.
2017 жылдың бірінші жартыжылдығында қазақстандық еттің дәмін Ресей, Иран, Өзбекстан, Ауғанстан, БАӘ, Моңғолия, Қырғызстан мен Тәжікстан татқан. Оның басым бөлігі құс етіне тиесілі – 2705 тонна. Дайын ет өнімдері – 1825 тонна. Қой еті – 153, сиыр еті – 350 тонна, шошқа еті – 248 тонна. Қазақстандық ет экспортының деңгейі өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда төмендеген. Атқамінерлердің уәжі бойынша бар гәп Қырғызстанның құс тұмауына байланысты енгізген шектеулерге тіреледі. Уақытша шаралар наурыздың 28-де өзінің күшін жойған. Десек те оның кесірінен сыртқы нарыққа жол тартқан құс етінің көлемі 1,5 есеге құлдилаған.
Тұтынушылардың қызығушылығын, нарықтың сұранысын ескеру – табыстың кілті. Бүгінде мұздатылғаннан гөрі салқындатылған етке қолқа салатындар көп. Мұны құзырлы ведомство да мықтап қаперге алған сыңайлы. «Біз мұздатылған ет өндірісін салқындатылған етке қайта бағдарлауды жоспарлап отырмыз, – деп сөзін сабақтады вице-министр. – Бұл да нарықтағы артықшылық деп саналады. Құс фабрикаларының шамамен 40 пайызы құс еті өндірісінен терең өңдеуге көшуде».
2010-2016 жылдар аралығында тағамдық жұмыртқаның импорты 5 есе төмендеген. Есесіне отандық өнімнің экспорты бірнеше есе көбейді. Екі жыл бұрын сыртқы нарыққа 111 миллион жұмыртқа жол тартса, былтыр көрсеткіш 145 миллионға жетті.
Күдіктен гөрі үміт көп. Қағаздағы меже маңызды. Оған жан бітсе, «Буш сирақтары» ығыстырылып, отандық өнімнің бәсі артады. Отандық өндірісті қамшыласақ, сыртқы нарықты бағындыруға да жол ашылмақ.
Терең өңдеуге бетбұрыс
Есесіне отандық жұмыртқа өндірісінің асығы алшысынан түскен. Одан қағажу көрмейміз. Ішкі нарық толық қамтамасыз етілген. Өзгелерді де қарық етуге қауқар бар. Қазақстанның құс өсірушілер одағының мәліметтерін сараптасақ, соңғы 5 жылда жұмыртқа өндірісінің көлемі 30 пайызға еселенген. Оның ішінде өнеркәсіптік бағыттағы кәсіпорындардың қатары арта түсті. Бүгінде саны 32-ге жетті.
2016 жылы 4,7 миллиард жұмыртқа сауда сөрелеріне жол тартқан. Оның 73 пайызын ауылшаруашылық кәсіпорындар өндірсе, қалғаны жеке қосалқы шаруашылықтардың есебінен. Биыл атқамінерлер көрсеткіш 5 миллиардты еңсеретініне дәмелі. Артылғанын сыртқа жөнелту үшін өткізудің жаңа нарықтарын іздестіру қажет. Шетелдік тұтынушылардың қызығушылығын ояту үшін дәстүрлі өніммен шектелуге болмайды. Уақыт тамырын дәл басуға ынталы құс өсірушілер жұмыртқаны өңдеуге бет бұруы қажет. Көрші мемлекеттегі мамандардың да пікірі осыған саяды. Ресейде 1998 жылдан бері жұмыртқа өндірісі 35 пайызға еселенген. Бүгінде оның 43,5 млрд өндіріледі. Ал құс етінің өндірісі 4650 тоннаны құраған. Жан басына шаққанда 31 келіден келеді. Саланы дамытуда нанотехнологияларға иек артылмақ.
2008 жылдан бері құс еті өндірісінің көлемі 2,7 есе көбейсе, ішкі тұтыну деңгейі 1,8 есе артқан.
– Жұмыртқа рулеттері, тез мұздатылған омлеттер, жұмыртқа сусындары, пісірілген жұмыртқа, тұздалған жұмыртқа – тұтынуға дайын өнімдердің бір парасы. Меланж, жұмыртқа ақуызы, жұмыртқа сарыуызы – сұйық жұмыртқа өнімдері. Құрғақ жұмыртқа өнімдеріне жұмыртқа ұнтағы, жұмыртқа ақуызы мен сарыуызы жатады. Келешекте лизоцим экстракциясы (ірімшіктерге, сыраға, шарапқа арналған табиғи консервант), лецитин экстракциясы (косметикалық өнеркәсіп, тамақ өнеркәсібі, балалардың және диеталық азық-түлік өнімдері), қабықтың мембраналарынан жұмыртқа коллагенін өндіру (косметика) басымдыққа ие болмақ. Өндірісті басқару барысында инновациялық технологияларды кеңінен кәдеге жарату қажет, – деп өзінің дәйектері мен деректерін Ресей құс шаруашылығы одағының президенті Владимир Фисинин ортаға салды.
Қазақстандық атқамінерлер жұмыртқа ұнтағы және меланж өндірісін оң жолға қоюға мүдделі. Бұл бағытта заманауи зауыт бой көтеруі кәдік.
Дәнді жем-азық қорын құру қажет
Қанаттылардың қанатын кеңге жаю үшін асыл тұқымды құс шаруашылығының тынысын тарылтпау талап. Бұл бағытта 5 шаруашылық тер төгеді. Десек те бүгінгі ахуал мамандарды алаңдатады. Асыл тұқымды өнім бойынша әлі де сыртқа алақан жаятынымыз бар.
2010-2016 жылдар аралығында тағамдық жұмыртқаның импорты 5 есе төмендеген. Есесіне отандық өнімнің экспорты бірнеше есе көбейді. Екі жыл бұрын сыртқы нарыққа 111 миллион жұмыртқа жол тартса, былтыр көрсеткіш 145 миллионға жетті.
– А сыл т ұқымды ө нім б ойынша импортқа тәуелділік деңгейі жоғары. Ал мемлекеттік қолдауға қарамастан, отандық асыл тұқымды өнім көбіне сұранысқа ие болмайды. 1-ші және 2-ші реттегі асыл тұқымды репродукторлармен айналысу – уақыттың талабы, – деп мәселенің мәнісін Қазақстанның құс өсірушілер одағының президенті Руслан Шәріпов жайып салды.
Құстарға арналған тұрақты дәнді жем қорын құру да жыл сайынғы жырға айналып отыр. Онда құс фабрикаларының жарты жылдық қажеттілігіне сәйкес 330-350 мың тонна азық сақталуы тиіс. Қанаттыларды өсірушілер демеудің шарапатын сезінсе, дайын өнімнің құны сауда нарығында құбылмайды. Негізінен құс фабрикалары ақпан-шілде айларында жемнен тарығады. Өздерінің жинаған, сақтаған қоры таусылады.
2016 жылғы тауық жұмыртқасының әлемдік өндірісін бағамдасақ, Қытай көш басында келеді. Аспан асты елі оның 493 млрд сауда нарығына ұсынады. Екінші орын 93 млрд көрсеткішпен АҚШ-қа бұйырған. Үштікті Үндістан түйіндейді. Онда жылына 77 млрд жұмыртқа өндіріледі.
– Мемлекеттік дәнді жем қорын құру бойынша бірнеше мәрте Үкіметке және Министрлікке жүгіндік. Әзірге мәселе сол күйі шешімін таппады. Оның қажеттігі сөзсіз. Қордағы жем кепілдендірілген түрде белгіленген бағамен құс өсірушілерге сатылуы тиіс. Бүгінде фабрикалардың дәнді дақылдар бойынша жылдық қажеттілігі келесіні құрайды: 570 мың тонна астық, 205 мың тонна соя, 140 мың тонна жүгері, 90 мың тонна арпа, 75 мың тонна күнбағыс, – деп сөзін түйіндеді одақтың өкілі.
Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде құс шаруашылығының үлесі сүбелі. Десек те саланың дамуына биоқауіпсіздік, селекциялық-генетикалық жұмыстың сылбырлығы тұсау салады. Ғылыми жетістіктердің кәдеге жаратылуы, мамандардың біліктілігін арттыру да мықтап қаперге алынуы тиіс.
Венера Мұстафина
14.08.2017 ж. мақала