Өткен жылы елімізден 150 млн-нан астам жұмыртқа экспортталған

Еліміздің құс өсірушілері ішкі нарықтағы бәсекелестік қауіпсіздігіне алаңдаулы.

Өйткені отандық фабрикалар елге заңсыз тасымалданатын өнімдердің азаймай отырғанын алға тартады. Олардың сөзіне қарағанда, контрафактілік өнімді импорттаушылар көбіне кедендік баж салығынан жалтарып, бағаны негізсіз төмендетеді. Отандық кәсіпкерлер жергілікті құс өсірушілердің тұрақты тұтынушыларынан айырылып қалу қаупі жоғары екенін айтады. Целиноград ауданының Ақмол ауылына жұмыс сапарымен барған Премьер-министр орынбасары, Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев қазақстандық құс өсірушілермен кездесіп, саладағы мәселелерді шешу жолдарын талқылады. Кәсіпкерлер ішкі нарықты контрафактілік өнімдерден қорғау үшін шекарадағы бақылаудың әлде де күшейтілгенін қалайды. Сонымен қатар олар техникалық регламенттен бастап, санитарлық және ветеринарлық бақылаудың тек бір ведомство құзырына өтуін сұрап отыр.

Фото: ©anaterate / pixabay.com
Фото: ©anaterate / pixabay.com

Максим Божко, «Шаңырақ» БК» ЖШС бақылау кеңесінің төрағасы:

– Техникалық регламенттің, санитарлық және ветеринарлық бақылауды реттеу тетігінің орталықтандырылғанын қалаймыз. Мәселен, осы салаға қатысты барлық қызмет түрін Ауыл шаруашылығы министрлігі өз мойнына алса, барлығына қолайлы болады деген ойдамыз. Өйткені бүгінде Денсаулық сақтау министрлігіне жүктелген қызметтердің бірсыпырасы біз күткен нәтижені бермей отыр.

«Америкадан әкелінетін тауық еті – отандық құс өнімі саудасына кедергі келтіретін бірден бір фактор», – дейді жиынға қатысушылар. Өмірзақ Шөкеевтің пайымдауынша, бұл мәселеде саяси негіз бар. Сөзіне сүйенсек, АҚШ үкіметі халықаралық деңгейдегі келіссөздер кезінде тауардың дәл осы түріне арналған квотаның сақталғанын ұдайы қадағалап отырады екен. Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымына кірерде де осы ұсынысты қабылдаған. Қазір оны Экономика министрлігі реттейді. Сондай-ақ вице-премьер субсидиялаудың алдағы уақытта қабылдануы мүмкін жаңа ережесін де түсіндіріп өтті.

Өмірзақ Шөкеев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары, Ауыл шаруашылығы министрі:

– Шет елдерге жаппай экспорттауды қолға алып, ішкі нарықты толық қорғай алатындай жағдайға жетсек, субсидиялаудың қажеттілігі болмайтыны белгілі. Бірақ осыған қатысты нақты шешімдер биыл қабылдана қоймасы анық. Денсаулық сақтау министрлігіндегі кей функциялар өз тиімділігін бермей отырғанымен келісемін. Сондықтан бұл мәселе күн тәртібінде қала бермек. Ал құс етіне келер болсақ, тұтынушылар отандық өндірушіні қолдап қана, шетелдік тауарды дүкен сөрелерінен ығыстыра алады.

Кәсіпкерлер айтқан ұсыныс мұнымен біткен жоқ. Олар алдағы уақытта құстың саңғырығын қайта өңдеуден өткізіп, жұмыртқа ұнтағын шығарғысы келеді. Себебі дайын ұнтақты тасымалдап, оны кәрі құрлыққа экспорттау әрі сақтау жеңіл деседі. Сонымен қатар құс шаруашылығы бойынша ғылыми-селекциялық орталық ашу қажеттілігі де сөз болды. Қазір елімізде 60-қа жуық құс фабрикасы бар. Оның жартысынан көбі жұмыртқа өндірумен, қалғаны құс етін өңдеумен айналысады. Бүгінде отандық тауар Орталық Азия елдеріне экспортталып келеді. Мәселен, өткен жылы экспортталған жұмыртқа саны 150 млн-нан асып түсті. Ал келешекте Иран мен Қытай нарығы ашылмақ.

Дерек көзі: 24.kz

Поделиться материалом

Читать ещё

  • Опрос

    Каковы перспективы у запрета на импорт пшеницы в РК?

    Показать результаты

    Загрузка ... Загрузка ...
  • Архивы