Киелі түз тағыларын көздің қарашығындай сақтай аламыз ба?
2 жыл бұрын қазақ жерін жерсінген 134 мың киіктің жаппай қырылу себептері беймәлім. Бұл атқамінерлер үшін әлі де жұмбақ. Қомақты қаржы бөлініп шетелдік ғалымдар тартылғанымен, зерттеу жұмыстарынан нақты тоқтам табылмады.
Әзірге тек болжаммен шектелуге тура келеді. Бірі үшін бар гәп кененің көбеюіне тірелсе, екіншілері жануарлардың ас қорыту жүйесінде кінәрат барын алға тартады.
– Пастереллез ауруы табылды. Ол – факт. Алайда оның нақты себептері болуы тиіс. Біз оны біле алмай отырмыз. Киіктердің ағзасын әлсіреткен не? Себебі пастереллездің бактериялары киіктердің ағзасында бар. Бірақ олардың ұшығып кетуінің себептері болуы керек. Англия мен Германияның мамандарын шақырдық. Өкінішке қарай, олардан әлі күнге дейін нақты жауап жоқ. Ғалымдар да өзара дауласып, бір шешімге келе алмай отыр. Жауап нұсқалары көп. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда», – деп мәселенің мән-жайын ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ерлан Нысанбаев тергіштеді.
Енді мамандар «Аузы күйген үрлеп ішеді» дегенді мықтап қаперге алған. Олар киіктердің тұяғы тиетін аумақтардағы ауаны, топырақты, суды зерделеуге кіріспек. Әзірге экспедиция мүшелері жолға шығудың қамына кіріскен. «Оған киіктің мекен ететін аумақтары кіретін облыстардың ветеринарлары тартылады. Көңілге кірбің ұялататын тәжірибе ауруды ұшықтыруға жол бермеудің қажеттігін үйретті. Бүгінде барлық үш популяция біздің бақылауымызда деуге болады. Көктем кеш келгендіктен, ақбөкендердің дені қысқы жайылымдарда жайылуда. Бетпақдала популяциясы Қызылорда облысының аумағында орналасқан. Олар жақын арада жазғы жайылымдарға бет алады деп күтілуде», – деп түсіндірді құзырлы ведомство өкілі.
Қызыл кітапқа енген киіктердің басым бөлігі қазақ даласына жерсінген. Оның үш популяциясы елімізді мекендейді: Бетпақдала, Орал және Үстірт. Түз тағыларының көші-қон жолдары 10 облыстың аумағын қамтиды және 123 млн га құрайды. Ол Семейден бастап Түркменияның шекарасына дейінгі кең даланы алып жатыр.
Әлемдегі киік популяциясының 90% жуығы Қазақстанды мекен етеді. Моңғолияда, Қытайда және Түркіменстанда киіктердің барлығы дерлік жойылуға жақын. Ресейдің аумағында дала жануарының саны аз. Ресми статистика бойынша онда 2 мың ақбөкен бар.
Қазақтың иен даласын мекен еткен киелі киіктерді көздің қарашығындай сақтай аламыз ба? Көкейтесті түйткілдің түйінін тарқату үшін атқамінерлер мықтап бел буған. Үміт заманауи құрылғыларға артылып отыр. Дала жануарын қорғау үшін спутниктік бақылау жүйесін кеңінен кәдеге жарату көзделген және микрочипы бар 30 қарғыбау сатып алынбақ. Олар акбөкендердің мойнына ілінеді.
– Сатып алынған 30 қарғыбау биылғы жылғы күзде тағылады. Биылғы қарғыбаулар заманауи технологиямен құрастырылған. Әрқайсысында күн батареялары орнатылған. Оларды екінші мәрте қолдануға мүмкіндік бар. Меніңше, мемлекеттік, қоғамдық және кәсіпкерлік қауымдастықтың ықпалдастығы киіктерді қорғау жұмыстарының тиімділігін арттырады, – деп атап өтті Қазақстан биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығының атқарушы директоры Вера Воронова.
Мамандардың пайымынша, түз тағыларының жағдайына алаңдауға негіз жоқ. Заманауи баулар 2-2,5 жылдан кейін автоматты түрде үзіліп, түсіп қалады. Спутниктік бақылау жүргізуге мүмкіндік беретін құрылғының құны қомақты – 20 миллион теңге. Қажетті қаражатты қамтамасыз етуді «Каспий Құбыр Консорциумы-К» АҚ мойнына алып отыр.
– Киіктерді сақтау мәселесі – бүгінде басты міндеттеріміздің бірі. Оған мемлекет, қоғам мен кәсіпкерлік белсенді түрде атсалысуы қажет.Еліміздің кең даласында оларды көліктермен қорғау екіталай. Бүгінде күзету шараларында тікұшақтар қолданылады. Олардың тиімділігі байқалып отыр. 2009 жылдан бері Қазақстанның биоәртүрлілікті сақтау қауымдастығымен бірлесе радио қарғыбаулар арқылы спутниктік сараптама жүргіземіз. Бүгінгі таңда олар киіктердің үш популяциясындағы 105 дала жануарына тағылды. Бұл жұмыстарды Қазақстанның Каспий теңізі маңындағы киік популяциясын өсіру және сақтау бойынша бірлескен бағдарламаның операторы ретінде АСБК қоғамдық қоры жүргізеді. Баудың үлгісі жаңа технологияларға негізделген және белгілі популяцияның орласқан жерін онлайн тәртіпте бақылауға мүмкіндік береді, – дейді ол.
2015 жылы Қызыл кітапқа енген киіктердің жаппай қырылуына жол берілмесе, елімізде олардың саны 300 мыңнан асып жығылар еді. Бүгінде көрсеткіш бар-жоғы 108 мыңды құрайды.
Заманауи құрылғылар түз тағыларын қорғау жұмыстарының тиімділігін арттырады. Олардың ауруға шалдығуын және мүйізге көз тіккен браконьерлерді анықтауға мүмкіндік береді. Ақбөкендердің қазақ даласында еркін жайылуына экологиялық ахуалмен қатар пысықай аңшылардың қарекеті кедергі келтіреді. Заңның ала жібін аттайтындар аталық киіктерді таңдап, атып алады. Бұл киелі жануарлардың көбеюіне кері әсерін тигізуі кәдік. Ресми деректерді тергіштесек, 2016 жылы ҚР АШМ инспекторлары браконьерліктің 50 жайтын анықтап, киіктердің 1419 мүйізін тәркілеген. Биылғы үш ай ішінде 6 оқиға тіркеліп отыр. Атылған 122 дала жануары табылды.Десек те атқамінерлер көрсеткіштің құлдилағанын алға тартады. Олардың сөзіне сүйенсек, соңғы 7 жылда спутниктік бақылау жүйесі арқасында браконьерлік екі есе азайған. Енді киіктерді қорғау жұмыстары бұрынғыдан ерек. Олар мекен ететін аумақ 22 учаскеге бөлінген. Жануарлар «Охотзоопром» мамандандырылған мемлекеттік кәсіпорынның күшімен қорғалады. Онда 229 инспектор еңбек етеді және 100 техника тартылған.
«Соңғы 20 жылда биылғы жылы тұңғыш рет 2 мыңға дейінгі киікті Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл облыстарында байқадық. 2015 жылы Бетпақдала популяциясының аумағында олардың үлкен топтасуы аңғарылмады. Бірақ оны барлық дерлік облыстарда кездестіруге болады. Жаппай қырылудан кейін ақбөкендердің таралу аумағы өзгеріссіз қалды, – деп қолға алынған жұмыстардың барысын вице-министр жіпке тізді.
Еліміздің қазынасы киіктерді сақтау және дамыту – зор жауапкершілік. 2016 жылдың желтоқсанында Ырғыз-Торғай резерватын 400 мың га ұлғайту туралы Үкіметтің Қаулысы шықты. Қорғалатын аумақта Бетпақдала популяциясы мекен етеді.
Венера Мұстафина
10.05.2017 ж. мақала