Есептік кездесу: сауалдар мен жауаптар
Ауылшаруашылық техниканы жаңарту, минералды тыңайтқыштарды қолдануға ынталандыру, өңдеу зауыттарының жүктемесін арттыру. Құзырлы ведомство өкілдері тындырылған шаруаларды бағамдап, алдағы межелерді айқындады.
Топырақтың құнарлығын арттыру қажет
Жерді өңдеуге әрі топырақтың құнарлығын арттыруға бей-жай қарамаған жөн. Алайда ауыспалы егістік жүйесін әрі жерді парға қалдыру жұмыстары кейде көлеңкеде қалатыны бар. Жиналатын өнімнің көлемі мен сапасына тікелей оған тікелей тәуелді екендігі белгілі. Егістіктердің органикалық құрамын жақсарту үшін дер кезінде тыңайтқыш себу қажет. Ғалымдар мен атқамінерлердің уәжін қаперге алғандардың қатары қалың емес көрінеді. Көрсеткіш әлі де көңіл көншітпейді. 2019 жылы топыраққа 470 мың тонна минералды тыңайтқыш енгізілген. Бұл ғылыми негізделген қажеттіліктің 18,8% ғана құрайды. Бар гәп қаржыға келіп тіреледі. Қалтасы таяз диқандар оның құнына көңілдері толмайтынын алға тартады. Атқамінерлер мемлекеттік қолдаудың аясы кеңейтуді ұйғарған. Демеуқаржы еселенсе, кәдеге жаратылатын минералдық тыңайтқыштың көлемі артатынына үміт бар. Оның арқасында егістіктерде өнімділік және дәннің сапасы жақсарады.
– Жыл қорытындысы бойынша шамамен 470 мың тонна минералды тыңайтқыш немесе ғылыми негізделген қажеттіліктің 18,8%-ы енгізілді. Алайда, бұл жеткіліксіз. Сондықтан ағымдағы жылы ауыл шаруашылығы өндірушілерін тыңайтқышты ғылыми ұсынымдарға сай енгізуге ынталандыру үшін минералды тыңайтқыштарды субсидиялау сомасы 19 млрд теңгеден 26 млрд теңгеге дейін ұлғайтылды, – деп агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік қолдауды ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров тергіштеді.
Берекелі өнімге қарық боламыз ба?
Биыл еліміздегі егістік алқабы 237 мың гектарға ұлғайтылып, 22,5 млн гектарды құрады. Әртараптандыру саясаты аясында тиімділігі жоғары дақылдарды өсіруге баса назар аударылған. Майлы және жем-шөп дақылдары, қарақұмық, көкөністер – оның бір парасы. Көктемгі дала жұмыстары дер кезінде тәмамдалған. Атқамінерлер дақылдың шығымдылығын оң бағалап отыр. Табиғат тосын мінез танытпаса, 18 млн тонна сары алтын ел қамбасына құйылады. Жиналған қазақстандық дәннің 7-7,5 млн тоннасы сыртқа жол тартуы мүмкін. Әзірге бұл – қағаз жүзіндегі болжам.
– Бүгінде біздің егіншілік департаменті 18 миллион тонна дән ел қамбасына құйылады деп болжап отыр. Әлі де танап басында жүргізілетін жұмыстар бар. Мәселен, химиялық өңдеу, ауруларға қарсы өңдеу. Мұның барлығы дақылдың берекелігіне ықпал етеді. Алдын ала біз 18 миллион тонна өнім жинаймыз деп нақты кесіп айту әлі ерте. Әзірге дақылдың шығымдылығы жақсы екендігіне куә болдық. Егіс науқаны уақытында өткізілді. Енді табиғи жағдай мен ауа райы, орақ науқанын өткізу барысы да өнімділікке тікелей әсер ететіні белгілі. Дәнді ешбір ысырапсыз жинаған жөн, әлбетте, – деп танап басындағы ахуалды ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров жіпке тізді.
Берекелі өнімге қарық болу үшін бірінші кезекте агротехнологияны сақтаған абзал. Ол үшін сапалы тұқым қолдану, тыңайтқыш себу және тиімділігі жоғары техниканы кәдеге жарату қажет. Бұл бағытта мемлекеттік қолдау көрсетіледі. Мәселен, техниканы сатып алуға инвестициялық субсидия қарастырылған. Элиталық тұқымды сатып алуға жұмсалған қаржының шамамен 70%, бірінші репродукцияның 50% демеуқаржыландырылады. Топырақты тыңайту жұмыстарына қызығушылық танытқандар да мемлекеттік қолдаудан қағылмайды.
– Өнімділікке егіс науқанынан бастап күзгі жиын-терім жұмыстарына дейінгі көп фактор әсер етеді. Мемлекет тарапынан субсидиялау, арзандатылған дизель отынымен қамтамасыз ету, несиелеу тәрізді қажетті жағдай жасалды және барлық мәселелер дер кезінде шешілді. Сонымен бірге «Қарапайым заттар экономикасы» аясында қосымша 100 млрд теңге бөлінді, – деп құзырлы ведомствоның өкілі сөзін түйіндеді.
Ет дегенде бет бар ма?
Елімізде 270 ет өңдеу зауыты бар. Олар толық қуаттылықта жұмыс істемейді. Бар-жоғы 47% ғана жүктелген. Атқамінерлер қолда бар ет пен сүт өңдеу зауыттарының жүктемесін ұлғайтуға мықтап білек сыбанбақ. 2019 жылы малды тірідей экспорттауға тыйым салынғаны мәшһүр. Атқамінерлердің уәжіне сенсек, бұл табындағы аналық басты сақтап, ірі қараның санын көбейтуге бағытталған қадам. Себебі өткен жылы елімізден тасымалданған ірі қараның саны Қазақстанға жеткізілген мал басынан екі есе асып түскен. Бұл үрдіс ата кәсіптің дамуына кедергі келтіруі ықтимал.
– Нақтылап кетейін, біз малды тірідей экспорттауға тыйым салған жоқпыз. АШМ кез келген шешімі кәсіпкерлермен бірге жан-жақты қарастырылғаннан кейін ғана қабылданады. Негізінен бұл шектеуді енгізу туралы ұсынысты кезінде Қазақстанның фермерлер одағы, Қой өсірушілердің ұлттық қауымдастығынан келіп түсті. Өткен жылы 1 жыл ішінде 150 мыңға жуық мал сыртқа тасымалданды. Бұл ретте елімізге 50-60 мың бас мал әкелінгенін атап өту қажет. Бұл, біріншіден. Екіншіден, шектеу қайта өңделген өнімді экспорттау үшін енгізілді. Бұл шектеудің күші биылғы жылдың қараша айына дейін бар. Біз кәсіпкерлермен бірге қайта өңдеу де қарқынды жұмыс істеп, тауар өндірушілер бордақыланған бұқаларды сатуы үшін бұл мәселені қалай шешуді талқылауға кірістік. Әзірге мәселе пысықталуда, оның нәтижесі жайлы қосымша хабарлаймыз, – деп мәселенің мәнісіне Сапархан Кесікбайұлы кеңінен тоқталды.
«Арбаны да сындырмай, өгізді де өлтірмей» демекші, құзырлы ведомство алдында шаруалар бордақылаған малдарын сыртқа сатуы және жергілікті өңдеу зауыттарының жүктемесін арттыру үшін қандай шешім қабылдау қажеттігін анықтау міндеті тұр.
Венера Мұстафина