Ата кәсіпті дөңгелетудің сыры неде?

Бұл сауалдың жауабын тәжірибелі фермер Марат Қалықов тергіштеді. Шығыс Қазақстан облысында орналасқан шаруа қожалығы жергілікті нарыққа сүт әрі ет өнімдерін ұсынады. Аяғына нық тұрған шаруашылықтың нарыққа ұсынған өнімі тұтынушылардың сенім үдесінен шыққан.

Марат Қалықов
Марат Қалықов

1990 жылдардың басында эко­номикалық ахуал күрделі бола­тын. Әсіресе шағын қалалар мен ауылдардың тынысы тарылды: бір кездері аты дүркіреген өнді­ріс ошақтары тығырыққа тірелді, экономика құлдырады, жұмыс­сыздық жайлады. Тұрғындардың дені саудаға бой ұрды. Отбасын асырап, күнделікті нәпақа табу жолында шығысқазақстандық Марат Қалықов ауыл мен қала арасында жол салды. Ол семей­ліктерді ет пен сүт өнімдеріне қарық етті. Кейін бұл тұрақты кіріске кенелтетін кәсіпке айнал­ды. Қолға алған істі дөңгелету оңайға соқпады. Бірақ ынта мен ықылас қашанда ырысқа жете­лейтіні белгілі. Бүгінде Бесқа­рағай және Көкпекті аудандарын­дағы шаруашылықтың ісі ілге­рі басқан. Нарыққа ұсынылған өнімдер тұтынушылардың сенім үдесінен шыққан. Толық цикл­ды мал шаруашылығы қан­шалықты тиімді? Өнімді өткізу­ді қалай оң жолға қойған дұрыс? Бұл туралы «Қалиқанұлы» шаруа қожалығының жетекшісі Марат Қалықов арнайы сұхбат барысын­да кеңінен қозғады.

– Марат Қалиқанұлы, бүгінде «жеңілдің астымен, ауырдың үстімен жүруге» бой үйрет­кендер аз емес. Бейнеті көп, ауыр жұмыспен айналысуға құлықтылар аз. Тіпті шару­алар ауылда бақташы неме­се жылқышыны шаммен іздеп табу қиын екендігін алға тар­тады. Сіз ата кәсіппен 14 жыл айналысып, қандай ой түй­діңіз?

– Әлбетте, сөзіңіздің жаны бар. Ауыл тұрғындарының күн­делікті күйбең тірлігі мал шару­ашылығымен біте қайнасқан. Оны тұрақты кәсіпке айналдырып, жетістікке жетуге әбден болады. Көпшілік қаланы аңсайды. Бірақ онда із салуға асығудың қажеті жоқ. Екі қолға бір күрек табу әрі баспана мәселесі туындайтынын қаперден шығармаған абзал. Сондықтан «алыстан арбалаған­ша, жақыннан дорбала» деген атам қазақтың сөзін ұстанған жөн.

Мен де 90 жылдары жүгімді арқалап, қалаға бет алдым. Бірақ сол кезде жаппай жұмыссыздық жайлағаны белгілі. Сол кезде күнделікті нәпақамызды ет пен сүттен таптық. Табиғи өнімдер­ді ауылдан тасымалдап, қала­да саттық. Қалтамызға тиын-те­бен түскен соң, ауылға оралдым. Мал өсіріп, оны көбейттік. Төгіл­ген маңдай тердің жемісін бүгін көріп отырмыз. 1 мың шақырым жерден елордамызға келіп, өз өнімімізді паш етеміз деп ойла­маған едік. Бас қалаға екі күн­ге әкелген 1 тонна 870 келі өнім бір күннің ішінде таусылды. Сон­дықтан тағы бір көлікті 1,5 тон­на өніммен елордаға жөнелтуге тура келді.

– Бұл демалыс пен мереке демей, тынбай еңбек етудің жемісі екендігі сөзсіз. Ал сізді ата кәсіппен айналысуға кім жетеледі?

– 2005 жылы шаруа қожалығын құруға бел будым. Сол кез­де әкем батасын беріп, өзінің ақыл-кеңесімен бөлісті. «Жақсы сөз – жарым ырыс» демекші, ақ бата адамды жігерлендір­іп, бағын ашады. Тәуекелге бел буып, Көкпекті ауданында мал шаруашылығымен айналыса бастадым. Сол кезде ауылдарды аралап, ірі қараны таңдап, табын­ды көбейттім. Бастапқыда Зең­гі баба тұқымы 70-ті құраған-ды. Олардың дені ет бағытында, ал 10-ы сауын сиырлар болды. Сүт­ті Семей қаласының тұрғындары­на ұсындық. Оны пастерленбе­ген әрі өңделмеген түрінде сат­тық. Аққа сұраныстың барына көз жеткізіп, қолдағы мал санын көбейту ұйғарылды. Бесқарағай ауданындағы Стеклянка деген ауылдан үлкен шаруашылықты сатып алдым. 2011 жылы Ресей­ден 150 бас сүтті красный степ­ной тұқымды сиырлар әкелін­ді. Аяғымызға нық тұруға мемле­кеттік қолдаудың да септігі тиді. Бүгінде сауын сиырлардың саны 600-ден асып жығылды.

– Көпшілік шикізатпен шек­теліп, қайта өңдеуге аяқ басуға жүрексінеді. Ал сіз тәу­екелге бел будыңыз.

– 2011 жылы Семей қаласында шағын сүт өңдеу цехын аштым. Цех пен сүт бағытындағы мал өсі­рілетін шаруашылықтың арасы 30 шақырым. Бір күнде 15 тонна сүт өңделеді. 17 түрлі сүт өнімде­рін шығарамыз. Оның ішінде сүт, сары май, сүзбе, қоспа, қызыл ірімшік, қатық, айран, қаймақ және басқалары бар.

– Қайта өңдеу орындарын­да көбіне шикізат қат екен­дігі белгілі. Бұл бағытта қан­шалықты қарапайым ауыл тұрғындарымен байланыс көпірі орнатылған?

– Әлбетте. Ауыл тұрғындары­на демеу көрсетуге тырысамыз. Күнделікті өңделетін сүттің 40 пайызы біздің фермадан, қалған 60 пайызы ауыл тұрғындары­на тиесілі. Бүгінде 4 ауданнан сүт жиналады. Елді мекендерде сүтті жинайтын әрі салқындата­тын модульдар орнатылған. Сүт тасымалдайтын көліктеріміз бар. Халық та риза. Себебі олар күн­делікті сүттерін сауып, оны біз­ге өткізеді. Бізге де тиімді. Себебі әрдайым шикізат жетпейді.

Жаз мезгілінде сүттің бір литрі үшін ауыл тұрғынына 100 теңге төлейміз. Ал қысқа қарай сүт аза­яды. Сондықтан сүт тапсырған тұрғындар ақтың бір литрі үшін 120 теңге алады. Мәселен, қазан айында сүтті 110 теңгеден сатып алып жатырмыз.

– Неліктен сүт өнімдерін нарыққа «Айша» деген бренд­пен ұсындыңыз?

– 2009 жылы сүтті шикізат түрінде емес, өңдеу қажет деген ой көкірегімді кернеді. Бұл менің Айша деген қызымның дүниеге келуімен тұспа-тұс келді. «Қыз – отбасының құт-берекесі» деп тек­тен текке айтылмаған. Үш ұлым­нан кейін туған Айша үйімізге несібе, ырыс әкелді. Жұмысымыз да алға басты. Сондықтан сүт­ті нарыққа «Айша» деп ұсынуды ұйғардым.

– Бүгінде сауда сөрелерінде сүттің түр-түрі ұсынылған. Олардың ішінен табиғи әрі сапалы өнімді таңдаудың өзі оңай емес.

– Сөзіңіздің жаны бар. Көп сақталатын сүт өнімдерін де тұтындық. Оның ауызын ашсаң да, айлап тоңазытқышта сақтала береді. Оның құрамында не бар екенін білмейсің. Әйтеуір, түсі ақ. Соған иланасың. Шайымыз қызыл болып, соған алданасың. Әлі де мұндай сапасыз өнімдерді қол­данатындар бар. Бірақ оның ден­саулыққа зияны көп. Мәселен, біздің сүт тек 3 күн ғана сақта­лады. Айран мен қаймақ 7 тәулік сақталады. Бірақ бұл үшін оларды сақтау талаптарын ұстанған жөн. Ал мерзімі өтіп кетсе, өнімдеріміз ашып кетеді. Себебі олар – табиғи әрі таза өнім.

– Қаншалықты тұтыну­шылармен кері байланыс орна­тылған?

– Барлық сауда павильондарын­да, қаптамалардың сыртында біз­дің байланыс телефондарымыз көрсетілген. Кейде тұрғындар апат ыстықта сатып алынған сүтті үйге жетпей, іріп кетті деп хабарласады. Бірақ біз қалжыңға ұластырып, «сіз ірімейтін, ашы­майтын сүттен қорқыңыз» дейміз. Мұндайда мен бұл сүт­ті ауыстырып алыңыз, бірақ келесі жолы оны сақтау талап­тарын бұзбауды өтінемін. Оны күнге емес, терезенің алдында емес, бірден тоңазытқышқа салу қажет. Табиғи сүт дұрыс сақтал­маса, 1 тәулік ішінде іріп кетеді. Ал тоңазытқышта тұрса, үш күн қолдана аласыз.

– Сапалы өнімге сұраныс та қашанда жоғары екенді­гі хақ. Ақты өткізу оң жолға қойылған болар.

– Өнімдеріміздің дені Семей қаласында өткізіледі. Сонымен бірге Өскемен, Курчатов қала­ларының сауда сөрелерінен де табылады. Мәселен, Өскеменге күнделікті түрде 2 көлік сүт өнім­дерін тасымалдайды. Сұраныс өте жоғары. Қыл аяғы бүгін шығарылған өнім ертең кешке сауда сөрелерінен табылмайды. Халық та күнде шығарған өнімді сатып алуға әбден дағдыланған. Өзіміздің павильондарымыз, сау­да нүктелеріміз бар. Семей әкім­дігі қолдау көрсетіп, қаланың әртүрлі жерлерінен орын бер­ді. Оның арқасында өнімді ешбір делдалсыз өндірушіден тікелей халыққа сатуға мүмкіндік бар. Бүгінде Семейде 9 павильон бар.

– Әдетте отбасылық бюджетке байланысты көсі­летініміз рас. Өнім бағасы тұтынушылардың қалтасы­на с алмақ с алмай м а? С із ұстанған баға саясаты қан­дай?

– Мал жайлауға бет алған кез­де сауда сөрелеріндегі сүт­тің бағасын төмендетеміз. Жұм­сақ қаптамадағы пастерленген сүттің бір литрі жазда 160 теңге тұрады. Ал қысқа қарай 180 тең­геге сатылады. Себебі қар түскен кезде жиналатын сүттің көле­мі азаятыны баршаға мәшһүр. Шығыс өңірінің қысы аяз, қары қалың. Десек те сүт бағасын тек 20 теңгеге көтереміз. Оған қала тұрғындары да дағдыланып алған. Бұл баға халыққа өте тиім­ді деп ойлаймын. Бағаны тұрақты ұстауға тырысамыз. 2011 жылдан бастап осы күнге дейін «бағаны өсіріп жібердіңдер» деп ешкім айтқан жоқ.

– Өнім бағасы қаншалықты нарықтың ахуалына тәуелді?

– Нарықтағы өзгерістерге тәу­елді емеспін. Сүттің бағасын бірқалыпты ұстап отырамыз. Бізге теңге бағамының дол­ларға шаққандағы өзгеруі неме­се басқа өнімдердің қымбатта­уы еш әсерін тигізбейді. Себе­бі малға қажетті жем-шөп қорын өзіміз дайындаймыз. 2 мың гек­тарға жуық егістік алқабы енші­мізде бар. 15 мың гектарға жуық жайылым жалға алынды. Ешкім­ге алақан жаймаймыз. Малдың қысқы азығын өзіміз дайындауға мүмкіндігіміз бар.

– Толық циклды мал шару­ашылығының арқасында кәсіптің тиімділігі артатын болар.

– Әлбетте. Бірақ оған бірден емес, біртіндеп қол жеткіздім. Әуелі тек мал өсірумен шек­телсем, кейін өңдеуге бет бұрыл­ды. Оның маңыздылығына әрі қажеттігіне көз жеткізген жер­гілікті әкімдік те қолғабыс етті. Толық циклды мал шаруашылығы тиімді екендігі анық.

– «Мал баққанға бітеді» деп бекер айтылмаған.

– Дөп бастыңыз. Егер малға дұрыс қарасаң, онда алатын сүт пен ет те сапалы әрі берекелі болады. Мәселен, красный степ­ной тұқымды сиыр жылына 5 мың литр сүт береді. Сүтінің майлығы 4 пайыздан асып жығылады. Асыл тұқымды симменталдың өнімді­лігі шамамен жылына 3800 литр сүтке тең. Әрине, бұл өз кезегін­де берілетін мал азығына тығыз байланысты.

– Мал шаруашылығы қажыр­лы әрі табанды еңбекті талап етеді. Сүт өндірісімен қатар етті мал шаруашылығын да қолға алдыңыз. Нарықтың сұранысын зерделедіңіз бе?

– Ет бағытындағы шаруашылық Көкпекті ауданында Тастай ауылында орналасқан. Онда 1 мың бас жылқы, 1 мың бас сиыр бар. Оны ет түрінде сау­да нарықтарына, келісімшарт негізінде әртүрлі мекемелер­ге жеткіземіз. 2019 жылы шұжық цехын аштым. Әзірге 7 түрлі өнім шығарылады. Келешекте оны көбейтуді жоспарлап отыр­мыз. Әзірге нарықты зерттеу қажет. Сұранысты анықтау керек. Халықтың көңілінен әрі сенім үдесінен шығатын өнім ұсыну – менің басты ұстанымым. Өнім­дердің сапасын сақтап, оларды жақсартуды ғана көздейміз. Өз басым санға емес, сапаға баса назар аударамын.

– Риясыз әңгімеңізге алғыс білдіремін. Ісіңіз алға бассын!

Венера Мұстафина

Мақала «АгроИнфо» газетінің 28.10.2019 ж. №19 (213) жарияланды.

Поделиться материалом

Читать ещё

  • Опрос

    Каковы перспективы у запрета на импорт пшеницы в РК?

    Показать результаты

    Загрузка ... Загрузка ...
  • Архивы