Есептік кездесу: сауалдар мен жауаптар (талдау үшін)

Өткізудің сыртқы нарықтарын кеңейтуге, сауда-логистика инфрақұрылымын кеңейтуге, АӨК субъектілерін қаржыландырудың қолжетімділігін арттыруға баса назар аударылмақ. Тұрғындар алдындағы есептік кездесуінде ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров тындырылған шаруаларды бағамдап, алдағы межелерді айқындады. Оның барысында тауар өндірушілер өздерінің көкейлеріндегі сауалдарын қойды.

Интернет беттерінен алынған сурет
Интернет беттерінен алынған сурет

Мал терісін сыртқа өткізу әлекке айналған

«Ақтөбе ет кластері» ЖШС 2015 жылы іске қосылған. Кәсіпорын заманауи тех­нологиямен жабдықталған. Өндіріс ішкі нарықты жоғары сапалы сиыр етімен қамтамасыз етеді. Ал артылғанын сыртқы нарыққа жөнелтеді. Бүгінде Қазақстан­да өндірілген сиыр етінің дәмін иран­дықтар және ресейліктер татуда. Бүгінде сауда нарығын кеңейту жұмыстары қолға алынған. Серіктестік басшысы өндіріл­ген өнім биылғы шілде айында Қытайға жол тартады деп үміттеніп отыр. Етті өткізу жұмыстары жүйелі түрде жүзеге асырылады. Бұл бағытта ешбір қиындық туындамайды. Вахтанг Джиджиешвилиде мал терісін сыртқы нарыққа өткізе алмай әлекке салынуда. Оған мемлекеттік орган­дардың салған шектеуі тосқауыл болып отыр. Бүгінде серіктестіктің қоймасын­да 90 мың тонна көлемінде тері жиналып қалған.

– ҚР Индустрия және инфрақұрылым­дық даму министрінің 2019 жылғы 19 ақпанындағы бұйрығына сәйкес Қазақ- стан аумағынан ірі қара малдың өңдел­меген терісін шығаруға тыйым салынды. Оның кесірінен біздің өндірісте шикізат жиналып қалды. Себебі оларды енді өткі­зе алмай отырмыз. Шымкент, Ақтөбе, Орал және басқа қалалардағы тері өңдеушілер­ге жүгіндік. Бірақ олар теріні сатып алумен айналыспайды және себебін түсіндірмей­ді. Сонымен бірге теріні өңдеу қауым­дастығына сауалымызды жолдадық. Бірақ бұл да ешбір нәтиже бермеді. Енді теріні сыртқы нарыққа өткізуге рұқсат етілме­гендіктен, оларды утилизациялауға мәж­бүрміз. Оның биологиялық қауіпі бар екендігі белгілі. Сонымен бірге өндіріс қаржылық шығынға ұшырап отыр. Бүгін­де 90 мың тонна көлемінде тері жиналып қалды. Ақшаға есептесек, бұл шамамен 20 миллион теңгені құрайды. Бұл тек Ақтөбе облысында ғана емес, ел аумағы бойын­ша туындаған түйткіл, – деп қынжылды «Ақтөбе ет кластері» ЖШС директоры Вах­танг Джиджиешвили.

ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің биылғы 19 ақпанын­дағы бұйрығына көз жүгіртсек, Қазақстан аумағынан ірі қара малдың өңделме­ген терісін сыртқа әкетуге 6 ай мерзімге тыйым салынған. Бұл отандық өңдеу кәсі­порындарын шикізатпен қамтамасыз ету мақсатында қабылданған көрінеді. Бірақ Вахтанг Джиджиешвили өңделмеген мал терісін елімізде өткізуде тығырыққа тірел­ген. Енді сұраныс болмағандықтан, шикі­зат қоқысқа жол тартуы ықтимал. Бұл өз кезінде экологияға өзінің кесірін тигізуі мүмкін.

Ауыл шаруашылығы министрі бұл мәсе­лені шешуге бар күш-жігерін салуға серт берді. «Жақында мен Ақтөбе облысына ат басын бұрып, бұл мәселеге өзім куә бол­дым. Негізінен теріні сыртқа экспорттау бойынша қойылған шектеу тамыз айын­да алынуы тиіс», – деп сендірді Сапархан Кесікбайұлы.

Аналық мал неліктен сыртқа әкетілуде?

«Aizet Farms» ЖШС Ақмола облысының Ерейментау ауданында орналасқан. Серіктестік жоғары технологиялық ет өңдеу кешенінің құрылысын қолға алған. Жоспар бойынша оның жылдық қуат­тылығы 20 мың тоннаны құрамақ. Серік­тестік жетекшісі Мұрат Шәмшінұровты аналық малдың елімізден сыртқа әкетілуі алаңдатады. Бұл өз кезегінде Қазақстанда ата кәсіпті дамытуға бағытталған шара­лардың берекесін қашыруы мүмкін.

– Өткен жылы Өзбекстанда мал шару­ашылығын несиелеуге бағытталған бағ­дарлама іске қосылды. Бүгінде Қазақ- станнан ірі қараны сыртқа әкететіндер көбейді. Оның басым бөлігін аналық мал құрайды. Елімізден көрші мемлекеттерге ірі қараның әкетуіне жол бермеу үшін қан­дай шаралар қолға алынуда? – деп көкейін мазалаған мәселені «Aizet Farms» ЖШС жетекшісі Мұрат Шәмшінұров ортаға сал­ды.

Бұл мәселенің барын еліміздің бас агра­рийі мойындады. 2018 жылғы деректерге сүйенсек, бір жылда 50 мың мал елімізден сыртқа әкетілген. Биылғы 4-5 ай ішінде 42 мың бас мал өзге елдерге жол тартқан.

– Бір жағынан, бұл жақсы. Біздің бағдар­ламалар жұмыс істейді. Шаруалар несие арқылы малды сатып алып, оны өсіріп әрі өткізуді жолға қойды. Бірақ таяқтың екін­ші ұшы бар. Аналық малды сыртқа әке­ту жайттары орын алған. Біз бүгінде өзі­міз аналық малды сырттан жеткізіп отыр­мыз. Оған қомақты қаржы бөлінген десек те, біздің көршілес мемлекеттерге біз­ден аналық мал басы жеткізілуде. Өткен аптада арнайы екі топ Қытаймен және Өзбекстанмен шекараға аттанды. Олар аталған мәселе бойынша тексеру жүргізу­де. Оның алдын ала қорытындысы бойын­ша бұзушылықтар өте көп. Мәселен, мал­дың құлағындағы сырғаны қасақана алып тастау жайттары кездеседі. Бұл тексеру­дің қорытындысы бойынша нақты шешім­дер қабылдаймыз. Әзірге аналық малды сыртқа әкетуге тыйым салуды қарастырып отырмыз, – деп мәселенің мәнісін министр жіпке тізді.

Автоматтандырылған субсидия: сағым ба әлде іске қосыла ма?

«Бөрте-Милка» ЖШС 2015 жылы құрылған. Сүтті бағыттағы ферма толық автоматтандырылған. Серіктестік соңғы үлгідегі қондырғылармен жабдықталған. Кешен – Түркістан облысындағы үлгілі кәсіпорын. Роботтандырылған сүт-тауар­лы фермасында сиырлардың орнын және олардың желінін тазалау, сауу жұмыстары адам күшіне артылмайды. Мұның бар­лығын роботтар орын­дайды. Сонымен бірге өндірісте жемделетін сиырларды салқында­ту жүйесі, метеостан­циясы бар желдет­кіш жүйесі, сиырдың тойғанын анықтау каме­ралары да бар. Замана­уи құрал-жабдықтың арқасында өнімділік екі есе артқан. Өндірістің қуаттылығы 1 мың бас ірі қараға шақталған. Бүгінде кешенде 400- ден астам сауын сиыр бар. Оның әрқайсысынан орташа алғанда тәулігіне 30-32 литр сүт жиналады. Өңдел­ген сүт жергілікті нарыққа жол тартады. Бүгінде серіктестік сүт, сүзбе, айран және тағы басқа өнімдерді шығарады.

– Мал шаруашылығына арналған суб­сидиялауға өтінім берген кезде көптеген кемшіліктер кездеседі. Атап айтқанда, қол­дау сайтынан өзге басқарудың бірыңғай автоматтандырылған жүйесі тәрізді ақпа­раттық порталдар арасында интеграция жоқ. Өтінім бере алмаймыз. Сонымен қатар қолдау порталына және басқарудың бірыңғай автоматтандырылған жүйесіне бөлек төлем төленуде, – деп күйінді «Бөр­те-Милка» ЖШС директоры Нұралы Әбі­шев.

Құзырлы министрлік субсидияға өті­німдерді электрондық түрде қабылда­уға көшуге мүдделі. Бұл біртіндеп өмір­ге жолдама алады деп күтілуде. «Бүгін­де қолға алынған жұмыстардың бар­лығы бұл бағыттағы алғашқы қадамдар. Алғашқы қадамдар болғандықтан, бітпей қалған тірліктер бар. Бірақ биылғы жыл­дың соңына дейін аяқталмаған жұмыстар­ды бір қалыпқа келтіреміз. Оның ішінде интеграцияның жоқтығы, қосымша төлем төлеу бар. Содан кейін субсидияға өті­німдерді электрондық түрде қабылдауға көшеміз. Ұсақ шаруашылықтар субсиди­яның барлығын ірі қожалықтар алатын­дықтан, бізге жетпейді деп қынжылады. Ірі шаруашылықтармен сөйлессең, олар біз бұл субсидияны ала алмай қалдық дейді. Мәселенің анық-қанығын анықтап, кім қандай көлемде субсидия алады және қаншалықты тиімді екендігін түсіну үшін автоматтандыруға көшуіміз қажет», – деп түйді еліміздің бас аграрийі.

Ата кәсіптің аяқ алысы қандай?

2018 жылы етті және сүтті ірі қара мал шаруашылығын, құс шаруашылығын дамытуға бағытталған ұзақ мерзім­ді салалық бағдарламалар күшіне енді. Діттелген межені бағындыру жолында «Сыбаға» және «Алтын асық» бағдарла­малары жаңартылып, қайта өмірге жол­дама алған. Жеңілдетілген несиенің жыл­дық мөлшерлемесі – 4%. Мерзімі – 15 жыл. Оның игілігін шағын әрі орта шаруа қожалықтары көре алады. Мемлекеттік қолдаудың бұл түріне шаруа қожалықтары иелерінің қызығушылығы да жоқ емес. Ресми деректерді тергіштеп көрелік. «Сыбаға» бағдарламасы 2018 жылдың екінші жартысында қолға алынды. 6 айдың ішінде 600-ден астам отбасылық ет фер­масы жеңілдетілген несие рәсімдеген. Оның аясында қолдағы ірі қараның гене­тикалық әлеуетін жақсарту көзделген. Жоспар іске асса, еліміз бойынша етті асыл тұқымды ірі қараның үлесі көбеймек.

Сүтті мал шаруашылығын дамыту да тасада қалмақ емес. 2018 жылы 25 тауар­лы-сүт фермасы пайдалануға берілген. Жалпы қуаты 6 мың бастан асады. Олар­дың 7-еуі өнеркәсіптік, 18-і отбасылық ферма. Құзырлы ведомствоның мәліме­тіне сүйенсек, ұйымдастырылған шару­ашылықтардың өзінде 1,5 млн тонна сүт өндірілген. Бұл 2017 жылмен салыстырған­да 7,6%-ға артық. 2015 жылы бұл көрсеткіш 900 мың тоннаға теңелген. Нәтижесінде былтыр ет экспорты 18,7 мың, оның ішін­де сыртқа саудалаған сиыр етінің көлемі 4,7 мың тоннаны құрап, 2017 жылдың дең­гейінен 3 есеге асты.

Шетелдік мемлекеттердің тізіліміне 2008 қазақстандық кәсіпорын енген. Бүгінде 13 отандық өнімді аспан асты еліне жеткізу­ге жол ашық. Оның ішінде балық өнімде­рі, асыл тұқымды жылқылар, мұздатылған қой еті, сиыр еті, бал, астық, ұн, сұйық май, арпа, жүгері, рапс сорты, жоңышқа шөбі және т.б. бар. Атқамінерлердің есе­біне сүйесек, ауылшаруашылық өнімде­рінің Қытай бағытындағы экспорты 30,4 пайызға артқан. Ал Парсы шығанағы елде­рінен де сұраныс артқан. Өткен жылы 2017 жылмен салыстырғанда бұл бағыт­тағы экспорт 2,1 есе ұлғайған. Оның ішін­де Катар, Кувейт, БАӘ, Оман, Бахрейн бар.

– Иран тарапынан тірі қой, мұздатылған және салқындатылған қой етін, сиыр етін, тағамдық жұмыртқаны жеткізуге арналған ветеринариялық талаптар келісілді. Сауд Арабиясы корольдігімен сою мен өсіру үшін отандық ірі қараны және ұсақ мал­ды экспорттауға арналған ветеринари­ялық сертификат келісілді. Сонымен бір­ге ірі және ұсақ малды, ет және ет өнімде­рін, тауық жұмыртқасын Сауд Арабиясы­на және БАӘ жеткізу бойынша шектеулер алынып тасталды, – деп атап өтті Сапархан Омаров.

2018 жылы Қытаймен экспортқа бағдар­ланған қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдеріне қойылатын импорттық талап­тарды келісу жөніндегі жол картасына қол қойылған. Шетелдік нарықтың қолжетім­ділігін кеңейту мақсатында Израиль, Түр­кия, Кувейт, Оман, Жапония және Оңтүстік Корея сынды мемлекеттерден басқа Еуро­одақ елдерімен де келіссөз жүргізілмек.

Венера Мұстафина

Мақала «АгроИнфо» газетінің 08.07.2019 ж. №12 (206) жарияланды.

Поделиться материалом

Читать ещё

  • Опрос

    Что чаще всего воруют рабочие вашего сельхозпредприятия?

    Показать результаты

    Загрузка ... Загрузка ...
  • Архивы