Тиімді дақылдарды өсіруге қадам жасалуда

Астықты өлке егістіктерді әртараптандыруға мықтап кіріскен. Бүгінде солтүстікқазақстандықтар майлы дақылдардың алқабын ұлғайтты. Со­нымен бірге сояны өсіруге басымдық берілмек.

Сурет: ашық дереккөздерден алынды

 Нан болса, ән де болады

Биыл теріскейліктер 5,1 миллион тонна сары алтын жинаған. Ауа райы тосын мінез танытқанымен, солтүстікқазақстандықтар өнімділікке дән риза. Гектар берекелігі 18 центнерден айналған. Бұл – диқандар қауымының танап басындағы тынымсыз еңбегінің жемісі.

– Астық бағасы диқандар қауымының көңілінен шығады. Бүгінде 3 сыныпты бидайдың тоннасы 82 мың теңгеге баға­ланған. Ө ткен жылғы баға 52 мың теңге­ні құрады. Баға айтарлықтай өсті. Бұл өз кезегінде тауар өндірушілерге техника сатып алуға, өндірісті кеңейтуге мүмкіндік береді, – деп өңірдегі аграрлық саланың тынысын Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов бағамдады.

Оған агротехнологиялардың дұрыс сақталуы да оң әсерін тигізген көріне­ді. Топырақты тыңайтпасаң, оның бере­келі өнімге қарық етуі екіталай. Биыл аймақтағы 2,7 млн егістік алқабына 120 мың тонна тыңайтқыш енгізілген. Тері­скейлік атқамінерлер топырақтың құнар­лығын сақтауға баса назар аударыла­тынын алға тартып отыр. Астықты өлкедегі егістіктердің ахуалы мен сапасын анықтау үшін агрохимиялық талдау жүргізілген. Оның қорытындысы бойынша топырақта фосфор, калий тәрізді элементтер жетпей­тіні анықталды.

– Біздің облыста жылда агротехнология­ларды берік ұстанып, гектарынан 30 цент­нер өнім алатын шаруашылықтар бар. Олар кешенді жұмыс жүргізеді. Мәселен, биыл «Зенченко және К» серіктестігі гек­тарынан 32 центнер өнім жинады. Серік­тестік өз қызметкерлері үшін жылда үй салады. Биыл 18 үйдің қазығы қаланды. Барлығы орталықтандырылған жылыту жүйесіне қосылған. Бұл шаруашылық орналасқан ауыл тұрғындарының бар­лығы екі қолға бір күрек тапқан. Қыл аяғы, оған жұмыс іздеп, қоныс аударғандар бар, – деп мәселенің мән-жайына өңір тізгінін ұстаған Құмар Ақсақалов тоқталды.

Сары алтынның нарықтағы құны қым­баттағандықтан, көпшілік ұн мен нан өнімдерінің бағасы өзгеретінін болжады. Атқарушы билік әлеуметтік нанның сауда сөрелеріндегі ахуалын қатаң қадағалауға алған.

– Біздің облыста әлеуметтік нанның бір бөлкесі 61 теңге тұрады. Өткен жылмен салыстырғанда бұл баға өскен жоқ. Петро­павл қаласының өзінде тәулігіне 2 тонна 400 келі әлеуметтік нан сауда сөрелеріне жол тартады. Оның бағасын бір қалыпта сақтау үшін тамыз айында ұнның келісін 85 теңгеден, яғни төмен бағамен сатып алынды. Алдын ала астықтың бағасы қым­баттайтынын болжадық, – дейді аймақ басшысы.

Құмар Ақсақалов / Сурет: ашық дереккөздерден алынды

Құнарлы жердің өнімділігі де жоғары

Өңірдің топырағы – құнарлы. Егер білек сыбана еңбек етсең, жоғары өнімділікке қол жеткізесің. Ал шырылдаған шегіртке­нің кебін кигендер жер сипап қалады. Бұл ретте диқандар қауымының жауапкерші­лігін күшейту қажет. Аймақ басшысының пікірі осыған саяды.

– Диқандардың тағы бір санаты бар. Олар танап басында еңбек етеді. Бірақ жинай­тын дәндердің сапасы төмен әрі өнімділік те көңіл көншітпейді. Оларда өнім бере­келігі гектарынан 7-8 центнерден айна­лады. Біздің құнарлы жерде кемінде гек­тарынан 20 центнер өнім жинауға болады. Сондықтан бұл заңмен реттеліп, айыппұл қолданылса дұрыс немесе жерді тиімді жұмыс істейтін басқа адамға беру қажет, – деп түйді аймақ жетекшісі.

Егістік алқабын жалға алып, танап басын­да еңбек етпесең, мемлекет меншігімен қоштасуға тура келеді. Соңғы 4 жыл ішін­де өңірде ауылшаруашылық мақсаттағы 670 мың гектар жер мемлекеттің менші­гіне қайтарылған. Егер бұған дейін диқан егістік алқабын кәдеге жаратпаса, 5 жыл­дан кейін оны кері қайтару жұмыстары қолға алынған. Енді тиісті заңнамаға өзге­ріс енгізіліп, бұл мерзім 2 жылға дейін қысқартылды.

– Іс жүзінде оған 3 жыл уақыт кетеді. Бұл мерзімді әлі де қысқарту қажет деп ойлаймын, – деп өзінің ойын өңір басшысы білдірді.

Жақында мемлекет басшысы агроө­неркәсіптік кешенді реттеу мәселеле­рі бойынша кейбір заңнамалық актілер­ге толықтырулар мен өзгертулер енгізді. Оған сәйкес алдағы уақытта фунгицидтер субсидияланбақ. Оның маңыздылығын диқандармен қатар атқамінерлер де алға тартып отыр. Себебі фунгицидтер­дің құны тауар өндірушілердің қалтасы­на салмақ салды. Ал жоғары әрі сапалы өнімділікке қол жеткізу үшін егістіктерде жайқалған дақылдарды түрлі аурулардан қорғау қажет.

Сояның сыры

Астықты өлке тек сары алтын өсірумен шектелмейді. Солтүстікқазақстандықтар егістіктерді әртараптандыру жұмыстарын нысанаға алған. Мәселен, 2019 жылы май­лы дақылдың алқабы 1 млн гектарға дейін ұлғайтылды. Жиналған өнім ішкі нарыққа ұсынылып, көрші Ресейге әрі Бельгия, Польша, Латвия секілді Еуропа мемлекет­теріне сатылады. Майлы дақылдардың экспорты 75,8 мың тоннадан 157,6 мың тон­наға дейін ұлғайды. Теріскейлердің жаңа дақылдарды игеруге бет бұрысы бары байқалады. Тұңғыш рет өңірде соя өсіріл­ді. Атқамінерлер мен диқандар қауымы бұл дақылдың жергілікті жағдайға бейім­делуін сараптаған. Оның жергілікті ауа райына бейімделуін әрі шығымдылығын бағамдау ұйғарылды. Сондықтан тәжі­рибе ретінде биыл 20 мың гектар алқа­пқа соя егілді. Дақыл өңір алқаптарында жайқалған. Өнімділігі де көңілге медеу. Келесі жылы оның аумағын 5 есе ұлғайту межеленген. Қағаздағы жоспар іске асса, теріскейліктер 100 мың гектар алқапқа майлы дақыл сіңіреді.

– Соя өте жақсы өседі. Биылғы нәтиже­леріміз де жаман емес. Сояға сұраныс өте көп. Әсіресе, аспан асты елі «қан­ша ексеңіздер, біз сатып аламыз» дейді. Бір тоннасы 150 мың теңге тұрады. Гек­тарынан 10 центнер соя алсақ, бұл – өте тиімді. Бидайға қарағанда сояның бағасы жоғары. Сондықтан биыл сояны өсірген шаруашылықтар оны өсірудің тиімділігіне көз жеткізді. Енді олар келесі жылы алқап­тың көлемін ұлғайтуға дайын. Тұқым бар, – деп атап өтті Құмар Іргебайұлы.

Егістік құрылымы өзгертілмек

Келешекке көз жүгірткен атқаміне­рлердің пайымынша, алдағы 1-2 жылда теріскейде ауыл шаруашылығы барынша әртараптандырылады. Оның арқасында дәнді дақылдармен қатар 1 миллион гек­тар майлы дақыл, 500 мың гектар соя өсіру діттеліп отыр. Ал егістік құрылымы тиімді болса, диқандар қауымы да тұрақты кірі­ске кенелмек.

– Мен заң түрінде диқандар қауымының егін ексе, мал өсіруі қарастырылғанын құптаймын. Бүгінде мұндай заң жоқ. Оны шаруаның қалауы шешеді. Бірақ әдетте олар мал өсіруге құлшыныс танытпайды. Ал егер міндеттесең, онда жаңа жұмыс орындары ашылып, еліміздің азық-түлік қауіпсіздігі қамтамасыз етілетіні сөзсіз, – деп өзінің пайымын өңір тізгінін ұстаған Құмар Ақсақалов бүкпесіз ортаға салды.

Танап басындағы тірлік маусымдық екен­дігі белгілі. Ал тауар өндіруші ата кәсіппен айналысса, жыл бойы тұрғындарға жұмыс ұсынады. Ауыл шаруашылығы министрі­нің мәліметтеріне сүйенсек, ауыл шару­ашылығы еңбеккерлерінің 60%-дан астамы мал шаруашылығымен емес, тек өсімдік шаруашылығымен айналысады.

Неміс техникасы Қызылжарда құрастырылады

Солтүстікқазақстандық атқаміне­рлер өңірдің тартымдылығын арттыруға күш-жігерлерін салған. Жақында облыста арнайы экономикалық аймақ ашылды. Оған ірі трансұлттық компанияларды тар­ту жоспарланған. Алдағы уақытта Қызыл­жарда Claas техникалары құрастырылмақ. Комбайндар, тракторлар, себу кешендері – оның бір парасы. Сонымен бірге атқа­мінерлер аталған техниканың құнын 50 пайызға төмендетуге дәмелі.

– Солтүстік Қазақстан облысы агро­секторға инвестиция тарту бойынша көшбасшы болып табылады. Республи­калық көлемнің төрттен бір бөлігі СҚО- ға тиесілі. Тек соңғы үш жылда облыстың АӨК-не 200 млрд теңгеден астам қаржы инвестицияланды. «Kyzyljar» арнайы эко­номикалық аймағы өңірдің инвестиция­лық тартымдылығын арттырады. Бұл эко­номикалық аймақ Петропавл қаласын­да 4 субаймақ түрінде орналасқан. Оның 3-уі өңдеу өндірістерін құруға, біреуі құрылысқа бағытталған, – деп өңірде ауыл шаруашылығының дамуын Құмар Ақсақа­лов жіпке тізді.

Өңір – агроөнеркәсіптік кешен өнім­дерін өндіру бойынша көш басшылар­дың бірі. Соңғы 3 жыл ішінде ауыл шару­ашылығы өнімінің жалпы көлемі 1,3 есеге өсіп, 516 млрд теңгені құраған. Облыс эко­номикасының құрылымында ауыл шару­ашылығы жалпы ішкі өнімнің төрттен бір бөлігін алады.

Ет пен сүт өндірісі қамшыланбақ

Өңірде егіншілікпен қатар ата кәсіп текең қанат жайғаны мәшһүр. А дам басы­на шаққанда 171 келі ет өндіріледі. Бұл облыстың қажеттілігінен 3 есе жоғары. Сонымен бірге «EMC Agro» ЖШС ет ком­бинаты мен ірі шошқа кешені іске қосыл­ды. Оған 5 млрд теңге көлемінде инвести­ция тартылған.

Кәсіпорын жылына 5 мың тонна ет өндіреді, 3 мың тонна дайын өнім шыға­рады.Жылына 550 мың тонна сүт өндірі­леді. Биыл дүкен сөрелерінде жергілікті сүт өнімдері 7% артқан. Өнімділігі жоғары сандық сүт фермаларын құруға басымдық берілген. Бүгінде олардың саны 20 жетті. Соңғы үшеуі биыл іске қосылған.

– 2020 жылы қосымша 5 мың сиырға арналған 10 заманауи ферма салу жоспарланған. Сүт кешендерінің жұмысы арқылы сүт өндірісі жылына 20 мың тон­наға артады. Бүгінде ет өндіру тиімді болып табылады. Бұл ретте үлкен ауыл­шаруашылық аумақтардың барлық артықшылықтары қолданылмайды, – деп өзінің аймақ жетекшісі түйіндеді.

Келесі жылы өңірдегі «Маслодел» ком­паниясы сүт пен қаймақ өндірісінің жаңа желісін іске қоспақ. Оған 4 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылған. Оның арқасында облыста жан басына шаққанда 1 тонна сүт өндірілмек.

Венера Мұстафина

Мақала «АгроИнфо» газетінің 09.12.2019 ж. №22 (216) жарияланды.

Поделиться материалом

Читать ещё

  • Опрос

    Каковы перспективы у запрета на импорт пшеницы в РК?

    Показать результаты

    Загрузка ... Загрузка ...
  • Архивы