Ауылдар тіршілік нәріне қарық па?

Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасы аясында топтық су құбырларын салу және қайта қалпына келтіру көзделіп отыр. Ауыл шаруашылығы министрлігі елді мекендерді тіршілік нәрімен қамтамасыз ету жұмыстарын мықтап қолға алмақ. Жоспар бойынша су құбырларын қолданатын бірыңғай оператор тағайындалмақ. Оның арқасында тұтынушыларға таза ауыз суды еселенген бағамен жеткізетін делдалдардың қатары азаймақ.

Қайрат Нәжімеденов / Сурет Орталық коммуникациялар қызметінің сайтынан алынды
Қайрат Нәжімеденов / Сурет Орталық коммуникациялар қызметінің сайтынан алынды

Кез келген диқан мен фермер өнімділікті арттыруға талпынады. Бірақ бар гәп қолданылатын құрал-жа­бдықтарға ғана тірелмейді. Егістік алқаптарының немесе өрістердің ахуалын да тасада қалдырмаған абзал. Жер­ден ризығын табатын шаруалар топырақтың құнарлығын жақсартуға тырысады. Бұл бағытта әртүрлі минералды тыңайтқыштар қолданылатыны белгілі. Тек мұнымен шектелмеген жөн дейді ФАО өкілдері.

– Бүгінде жағдай өзгеруде. Ауыл шаруашылығында өнім­ділікті арттыру мақсатында минералды тыңайтқыштар­ды қолданған дәуір аяқталуда. Бүгінде қолда бар су, жер, орман қорымызға асқан ұқыптылықпен қарау қажет. Оларға ешбір зиян тигізбей, келешек ұрпақ үшін сақтап, аграрлық салада өнімділікті арттыра білген дұрыс. Біз­дің мәліметімізге сүйенсек, 2050 жылы жер-жаһандағы халықтың саны 35 пайызға артып, 10 млрд жетеді. Сон­дықтан біздің есебіміз бойынша азық-түлік өндірісін 50 пайызға ұлғайту міндеті тұр. Бірақ бүгінгі күннің өзін­де қорларымыздың таусылып жатқаны байқалды. Бұл бағытта жасыл технологияларды және қор үнемдеу тех­нологияларын қолдану қажет, – деп мәселенің мәнісін БҰҰ Азық-түлік және ауылшаруашылық ұйымы (ФАО) Қазақстандағы әріптестік және байланыс бойынша өкіл­дігінің басшысы Қайрат Нәжімеденов айтты.

Оның айтуынша, еліміз биыл БҰҰ тұрақты даму мақ­саттары бойынша бірінші ұлттық есепті көпшіліктің назарына ұсынбақ. Қазақстанның азық-түлік қауіпсіз­дігі және ауыл шаруашылығындағы тұрақты даму мақ­саттары бойынша көрсеткіштері оң. Тек таза ауыз суға қолжетімділік аса көңіл көншітпейді. Елді мекендерді тіршілік нәрімен қамту, желілердің қазіргі ахуалы апта басында Үкіметте қарастырылды. Топтық су құбырларын қайта қалпына келтіру және салу жұмыстары қамшылан­бақ. Бүгінде оларды «Қазсушар» республикалық мемле­кеттік кәсіпорны қолданатыны белгілі. Оның еншісін­де 3 3 т оптық с у қ ұбыры б ар. Ж алпы ұ зындығы 12 0 80 шақырымды құрайды. Ауыл шаруашылығы министрлі­гінің мәліметіне сүйенсек, бүгінде 6499 ауылдың 546-сы «Қазсушар» мекемесінің топтық су құбырлары арқылы тіршілік нәрімен қамтамасыз етілген. Ал қалған елді мекендер коммуналдық және басқа да меншіктегі топтық және оқшау сумен жабдықтау жүйелеріне тартылған.

– 2011-2018 жылдары ұзындығы 1035 шақырым желі салынып, 1441 шақырым желі қайта қалпына келтірілді. Бұл өз кезегінде 49 нысанды қолданысқа беруге мүмкін­дік берді. Нәтижесінде 553 мың тұрғыны бар 268 ауыл­дық елді мекенде сумен жабдықтау жақсартылды, – деп қолға алынған шаруаларды Ауыл шаруашылығы мини­стрі Сапархан Омаров жіпке тізді.

Бар гәп әбден тозығы жеткен желілерге тіреледі. Олар 1960-1970 жылдардан бері кәде­ге жаратылып, қолдану мерзі­мі өтіп кеткен. Бүгінде ескір­ген желілерді қалпына келті­ру жұмыстары қолға алынған. Десек те су құбырларындағы желілердің тозу деңгейін әлі де төмендету қажет.

– Жалпы 33 топтық су құбырындағы тозу деңгейі 75%- дан 56%-ға дейін қысқарды. Осы жұмыстарға 85 млрд тең­ге жұмсалды. Сонымен қатар пайдалану мерзімінің өтуіне және желілердің тозуына бай­ланысты 12080 шақырым желі­нің 2 281 шақырымы қайта қалпына келтіруді қажет ете­ді, – деп мәселенің бүге-шігесін еліміздің бас аграрийі ортаға салды.

Биыл топтық су құбыры бойынша 12 жоба өмірге жол­дама алмақ. Бұл бағытта 14,6 млрд теңге көлемінде қаржы бөлінген. Ауыл шаруашылығы министрлігі 12 жобаның 8-ін жыл соңына қарай аяқтауға дәмеленіп отыр. Егер қағаздағы бұл жоспар іске асса, 1185 шақырым желі салынады және қалпына келтірілмек. Оның арқасында 68 елді мекенде сумен жабдықтау жүйесі жақсартылады деп күтілуде. Бұл бағытта ілгерілеу бар. Бірақ түйткілді мәселелер де жоқ емес.

– Қол жеткізілген нәтижелермен қатар, сумен жабдықтау мен су бұру бағытында пысықтауды қажет ететін бірқатар мәселелер бар.Біріншіден, коммунал­дық кәсіпорындар теңгерімдеріндегі сумен жабдықтау мен су бұрудың оқшау жүйелерінің тиісінше пайда­ланылмайды, күтіп ұсталмайды. Бұл өз кезегінде олар­дың жедел тозуына алып келеді. Қазіргі таңдағы тәжіри­бе сумен жабдықтауға және су бұруға салынған инвести­ция халыққа көрсетілетін қызметтердің тұрақтылығымен қамтамасыз етілуі тиіс екенін көрсетеді. Өз кезегінде, көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру үшін тек сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін реконструк­циялау немесе жаңаларын салу жеткіліксіз. Олардың тиі­сінше пайдаланылуын қамтамасыз ету қажет. Пайдалану­шы ұйымдардың ұйымдастырушылық, басқарушылық, техникалық және қаржылық әлеуетін де ұлғайту керек, – деп тоқталды министр.

Атқамінерлердің сөзінше, су құбырларын қолданатын бірыңғай оператор арқылы мәселенің шешімі табылады. Маңызды міндет «Қазсушар» мекемесіне жүктелмек. Бұл кәсіпорын елді мекендер ішіндегі желілерімен бірге барлық топтық су құбырларының қолданылуына жауап береді. Енді коммуналдық меншіктегі нысандар кезең-ке­зеңмен бірыңғай оператордың еншісіне тапсырылмақ. «Бірінші кезеңде әкімдіктердің теңгерімінде тұрған 323 ауылдағы республикалық топтық су құбырларына жалғасқан кент ішіндегі желілер беріледі. Екінші кезеңде 171 ауылдағы кент ішіндегі желілерімен бірге қалған 33 топтық су құбыры беріледі. Бұл бюджет қаражатын тиім­ді пайдалануға, ауылдарды сумен жабдықтау мен су бұру бойынша көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсар­туға, сондай-ақ осы сумен жабдықтау мен су бұру сек­торын дамытуға инвестиция тартуға мүмкіндік береді», – деп сөзін түйді еліміздің бас аграрийі.

Министрдің сөзінше, сумен жабдықтау мен су бұрудың оқшау жүйелерін пайдалануды жергілікті атқарушы органдар мен жеке ұйымдардың қарамағында қал­дырған жөн.

Венера Мұстафина

Мақала «АгроИнфо» газетінің 10.06.2019 ж. №10 (204) жарияланды.

Поделиться материалом

Читать ещё

  • Опрос

    Каковы перспективы у запрета на импорт пшеницы в РК?

    Показать результаты

    Загрузка ... Загрузка ...
  • Архивы