Шаруалардың базынасы бар

Ауыл шаруашылығы министрінің биылғы есептік кездесуінде диқандар қауымы титығына тиген мәселелерді бүкпесіз жайып салды. Бірі мемлекеттік қолдаудың тетігін өзгертуді сұраса, бірі суару каналдарының ахуалына қынжылды.

Фото: ©aixklusiv  / pixabay.com
Фото: ©aixklusiv / pixabay.com

Су қат

Азаттықтың ақ таңы атқан жылдары қолына кетпенін алып, жерден ризығын татуға тәуекел еткендер аз емес. Оларға көпшілік таңырқай қарасқанымен, шару­алар кәсіптерін дөңгелетіп алды. Бей­нетінің зейнетін татып отырған жандар­дың бірі Жамбыл облысында түтін түтетіп отыр. Жерден ризығын тапқан Саха Мана­тов егіншілікке ден қойған. «Манат» шаруа қожалығының басшысы Байзақ ауданын­да тәтті түбірді өсіреді. Қант қызылшасын жайқалтудың машақаты көп. Техникалық дақыл көп еңбекті талап етеді. Тек табиғат жарылқайды деп қол қусыруға болмайды. Берекелі өнімнен дәмелі шаруалар тәтті түбір алқаптарындағы жұмысқа бей-жай қарамайды. Бірақ қолбайлау болған мәсе­лелер де жоқ емес. Жамбылдық шаруа аудандағы суару каналдарының аху­алына қынжылады. Оның кесірінен қант қызылшасы алқаптары тіршілік нәрінен тарығады.

– Біздің ауа райына байланысты жоғары өнімділікке қол жеткізу үшін қант қызыл­шасын 8-12 рет суару қажет. Ал біз тек 2-3 мәрте ғана суарамыз. Неліктен? Себе­бі біздің каналдардың жағдайы мәз емес. Одан қажетті көлемде су алынбайды. Бай­зақ ауданындағы су арналарын жөндеу жұмыстары қашан аяқталады?

Атқамінерлер бұл мәселеден құлағдар. Олар суару каналдарын қалпына келтіру жұмыстары келесі жылы аяқталатынына серт беріп отыр. Бүгінде Байзақ ауданда 7 су арнасы және бір су қоймасы бар.

– Еуропалық қайта құру және даму бан­кінен тартылған несие есебінен бүгін­де Байзақ ауданындағы аталған 7 канал бойынша жұмыстар басталды. «Сәмбет», «Байзақ», «Межхоз регулятор-4» деген үш канал бойынша конкурс өткізілді. Жақын­да мердігер анықталады. Қалған каналдар бойынша жобалау жұмыстары аяқталды. Оларды бүгінде мемлекеттік сараптамаға тапсырдық. Биылғы тамыз айында, әрі кетсе қыркүйек айында аталған 7 канал бойынша жұмыстар басталады және келе­сі жылы оларды аяқтаймыз, – деп атап өтті ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ерлан Нысанбаев.

Маңдай терімен нәпақасын қант қызыл­шасынан тапқан диқандар тәтті түбір­ді өсірудің машақаты көп екендігін алға тартады. Оны өсірудің өзіндік талаптары мен технологиясы бар. Өнімділігі жоғары техникаға иек артылса, қолға алынған жұмыстың берекесі де артатыны хақ. Бірақ шаруалардың көбі үшін сол құрылғылар­ды еншілеу сағымға айналған. Себебі олар­дың бағасы қалтаға тым салмақ салады. Титығы тиген мәселені Саха Манатов жайып салды. «Қант қызылшасының бір гектарын алсақ, оның өзіндік құны 500-550 мың теңгеге жетеді. Бұл өте қымбат. Қол­мен емес, комбайнмен жинағанның өзін­де осындай қаржы жұмсалады. Ал егер, дақылды жинау жұмыстары адамның қол еңбегіне артылса, оның өзіндік құны одан да жоғары болады. Комбайндар барлығы ескі. Қуаттылығы 500 гектарға дейін техни­канының бағасы күйіп тұр. Оған қолымыз жетпейді. Сондықтан техникалық дақыл бойынша инвестициялық субсидияны 50 пайызға дейін көтеруді сұраймыз», – деп өзінің бас нысанасымен жамбылдық диқан бөлісті.

Атқамінерлер бұл мәселе тасада қал­майтынын алға тартты. Инвестициялық субсидияның жайын құзырлы ведом­ство өкілдері кеңінен қарастыруда. Егер ұсыныс құпталса, онда оның көлемі ұлғаюы мүмкін. Бұл өз кезегінде диқан­дарды техникалық дақылды өсіруге ынта­ландыратыны хақ. Бүгінде Жамбыл өңі­рімен қатар Алматы облысында да тәт­ті түбір жылда жайқалады. Бүгінде Алма­ты облысында қант қызылшасын өсіру мықтап қолға алынған. Егер бұрын техни­калық дақылдың бұл түрі 8-9 мың га егілсе, бүгінде оның көлемі 12-12,5 мың га алқап- қа жетіп отыр.

Несие қолжетімді бола ма?

Қызылордалық ауылшаруашылық тау­ар өндіруші Бердібек Қадіровті қаржылан­дырудың қолжетімділігі мазалайды. Жыл­да танап басындағы жұмыстардың қамын күтетін диқанның ұсынылған жеңілде­тілген несиелердің пайызына көңілі тол­майды.

– Біз жылда егін егеміз. Мал азығы дақыл­дарын өсіреміз. Жылдық сыйақысы 2 пайыздан төмен және ұзақ мерзімге несие беру қарастырылған ба? – деп өзінің сау­алын «Шаған жер» ЖШС басшысы жол­дады.

Ауыл шаруашылығы министрі Сапар­хан Омаров бұл ұсыныстың дұрыс екен­дігіне келіседі. Оның айтуынша, ауыл­шаруашылық тауар өндірушілері төмен пайызбен несие алса, онда субсидия беру мәселесі де көп көтерілмес еді. Бірақ несиенің пайыздық мөлшерлеме­сін төмендетудің екінші жағы бар. Бар гәп ұсынылатын кепілге тірелетін көрінеді. Сондықтан артық қыламыз деп, тыртық қылудың кері келмес үшін бұл мәселе жан- жақты таразыланбақ.

– Отандық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің басты проблемаларының бірі – қаржыландырудың қолжетімділігі. Қазіргі уақытта аграрлық секторды қар­жыландыруда «ҚазАгро» холдингі басым болуда. Екінші деңгейдегі банктер агроө­неркәсіптік кешен субъектілерін қар­жыландырудың көлемін жыл сайын төмен­детуде. Негізгі себеп – өтімді кепіл заттың жоқтығы. Аталған мәселені шешу үшін қазіргі уақытта қабылданып жатқан шара­лардан басқа баламалы механизмдер көзделуі қажет, – деп атап өтті есептік кез­десу барысында еліміздің бас аграрийі.

Ауылдық кредиттік серіктестіктер мен микроқаржы ұйымдары негізінде коопе­ративтік қаржы одақтарын құру жоспар­ланып отыр. Бұл бағытта қолданыстағы заңнамаға ауылдық кредиттік серіктестік­терді орталық серіктестікке бірлестіруді көздейтін өзгерістер енгізілмек. Сонымен бірге аграрлық қолхаттар қолданысқа ене­ді деп күтілуде. Оның арқасында күзде жиналатын дән есебінен қаражат алуға мүмкіндігі қарастырылып отыр.

Венера Мұстафина

Мақала «АгроИнфо» газетінің 05.08.2019 ж. №14 (208) жарияланды.

Поделиться материалом

Читать ещё

  • Опрос

    Каковы перспективы у запрета на импорт пшеницы в РК?

    Показать результаты

    Загрузка ... Загрузка ...
  • Архивы