Ата кәсіптің аяқ алысы қалай?

Дастарханның сәніне айналған етке келгенде, сыни пікірлер түгесілмейді. Бағасы қалта қағады, экспорттаудан гөрі сырттан жеткізілетін өнімнің үлесі басым – оның бір парасы. Ал атқамінерлер еттен қағажу көрмейтінімізді алға тартады.

Фото: Интернет беттерінен алынды
Фото: Интернет беттерінен алынды

Ілгерілеу бар

Статистикалық мәліметтерді тергіштеп көрелік. 2014 жылы еліміздегі мүйіз­ді ірі қараның саны 6 миллионды құра­са, 4 жылдан кейін көрсеткіш 20 пайызға артқан. 2018 жылы Зеңгі баба тұқымы 7,2 миллион басқа жеткен. Ал қой шару­ашылығының даму қарқыны аса көңіл көншітпейді. 4 жыл ішінде өсім бар-жоғы 4 пайызды құраған. Егер 2014 жылы отар­да 17,9 млн бас қой бағылса, 2018 жылы көрсеткіш 18,7 миллионға теңелген. Есесі­не еліміздегі жылқы саны 36 пайызға арта түскен. Өткен жылы Қамбар ата түлігі 2,6 миллионға жетті. 2014 жылы бұл көрсет­кіш 1,9 млн құраған.

– АӨК дамытудың 2017-2021 жыл­дарға арналған мемлекеттік бағдарла­масы шеңберінде министрлік мал шару­ашылығы салаларын дамытудың ұзақ мерзімді салалық бағдарламаларын іске асыруда. Мал шаруашылығы саласында 4 салалық бағдарлама қабылданды: етті мал шаруашылығы (ірі қара мал және қой), сүтті ірі қара мал шаруашылығы, құс және шошқа шаруашылығы. Әрбір бағ­дарламада фермерлік шаруашылықтарды және өндірістік қуаттарды құру бойынша өңірлер бойынша индикативтік көрсет­кіштер бар және мал шаруашылығы өні­мін өндірудің жоспарлы көрсеткіштері көрсетілген, – деп жіпке тізді Ауыл шару­ашылығы министрі Сапархан Омаров.

Мәселен, етті мал шаруашылығын дамыту мақсатында 2020 жылы 200 мың бас ірі қара, 450 мың бас ұсақ мал сатып алу жоспарланған. Салалық бағдарлама 10 жылды қамтиды. Осы уақыт аралығын­да 960 мың бас Зеңгі баба және 12 мың бас Шопан ата тұқым сатып алу көзделіп отыр. Сонымен бірге 10 жыл ішінде 80 мың отбасылық фермерлік шаруашылықтар құрылуы тиіс. Қағаздағы жоспар бойынша олар бордақылау алаңдарымен және ет комбинаттарымен бірлесе жұмыс істейді. Атқамінерлер межеленген көрсеткіштер арқылы сиыр мен қой етінің экспорттық әлеуетін арттыруға жол ашылады деп үміттенуде.

Сұраныс пен ұсыныс: теңгерім бар ма?

Өткен жылды бағамдасақ, сиыр етінің өндірісі 477 мың тоннаны құраған. Бұл өз кезегінде ішкі тұтынудың 98% қамтамасыз ететін көрінеді. Отандық қой етінің көлемі 150 мың тоннаға жетсе, шошқа еті 86 мың тоннаға жеткен. Қазақстандық өнімге өзге елдердің тұрғындары тарапынан сұраныс еселенгені байқалады. Әсіресе, сиыр мен қой еті шетелдіктердің көңілінен шыққан көрінеді. Оған өткізу нарықтарының кеңеюі де өз әсерін тигізгені хақ. Ресми деректерді сөйлетсек, 2 жыл бұрын 5,5 мың тонна сиыр еті экспортталған. Өткен жылы бұл көрсеткіш 19,9 мың тоннаға жет­кен. Бұл ретте импорттың да үлесі аз емес екендігін атап өткен жөн. Өткен жылы елі­мізге сырттан 15,2 мың тонна сиыр еті жет­кізілген.

Шопан ата тұқымы да шетелдіктер­дің дастарханынан табылады. 2017 жылы экспорт деңгейі 0,9 мың тоннаға теңелсе, өткен жылы 3 мың тоннаға жеткен. Енді атқамінерлердің жоспары бойынша 2027 жылы 372 мың тонна қазақстандық сиыр еті және 108 мың тонна қой еті сыртқа жол тартуы тиіс.

– Сиыр еті мен қой етін өндіруде, сон­дай-ақ экспорт көлемін кеңейту үшін ірі қара мал мен қойдың аналық басын есе­леп өсіру қажет. Етті мал шаруашылығын дамытудың ұзақ мерзімді бағдарламасы аясында өткен жылдан бастап жеңілдік­ті шарттармен етті мал шаруашылығында отбасылық фермерлік шаруашылықтар­ды құруға кредит берудің арнайы бағдар­ламалары іске қосылды, – деп мәселенің мәнісін министр ортаға салды.

2019 жылы 683 отбасылық ферма несие рәсімдеп, оған 42 мың аналық ірі қара сатып алған. Бұл бағытта Ақтөбе және Алматы облыстарының шаруалары көш бастап тұр. Отардағы қойды көбейтуге де бетбұрыс бар. 536 шаруашылыққа жеңіл­детілген несие бұйырды. Қаржы 210 мың аналық қой сатып алуға жұмсалған. Шопан ата тұқымын көбейтуде Батыс Қазақ- стан, Алматы, Түркістан және Жамбыл облыстарының ауылшаруашылық тауар өндірушілері белсенділік танытқан.

Отандық құс етіне қарық боламыз ба?

Егер сиыр мен қой етіне қазақстан­дықтар қарық болса, отандық құс еті әлі де қат. Ресми деректерге сүйенсек, ішкі тұтынуда импорттың үлесі 50% құрайды. 2018 жылы 191,7 мың тонна шетелдік құс еті елімізге дорбаланған. Бір қызығы, бұл көрсеткіш жылда көбейгені алаңда­тады. 2017 жылы 172,6 мың тонна, 2016 жылы 165,2 мың тонна құс еті Қазақстанға импортталған. Бұл көрсеткіштерді экс­портпен салыстырсақ, оның үлесі бол­машы. 2018 жылы 8,6 мың тонна отандық құс еті сыртқы нарыққа жол тартқан.

– Құс шаруашылығын дамыту бағдарла­масы құс етінің импортын алмастыру үшін жаңа өндірістік қуаттар құруды көздейді. Құс етін өндіру көлемін 3 еседен артық ұлғайту жоспарлануда, – деп атап өтті елі­міздің бас аграрийі.

Отандық құс етінің өндірісі жыл санап артып келеді. 2017 жылы бұл көрсеткіш 179,6 мың тоннаға теңелсе, өткен жылы 192 мың тоннаны құраған. Оның 90 пайыз­дан астамы құс фабрикаларының енші­сінде. Бүгінде елімізде 19 құс фабрикасы бар. Олардың жалпы қуаттылығы 248 мың тоннаны құрайтын көрінеді. Бірақ олар­дың мүмкіндіктері толық кәдеге жара­тылмайды. Ресми мәліметтер, 25 пайызға жуық қуаттылық әлі де жүктелмегенін көрсетеді.

– Құс шаруашылығын дамыту бағдар­ламасы аясында біз одан әрі импорт­ты алмастыру үшін құс етін өндіру көле­мін арттыру бойынша шаралар қабыл­даймыз. 2018 жылы Ақмола облысында «Макин құс фабрикасы» ЖШС-нің жалпы қуаты жылына 60 мың тоннаны құрайтын ірі жобасының бірінші кезегі іске қосыл­ды. Сонымен қатар, ағымдағы жылы қуа­ты жылына 20 мың тонна құс етін бере­тін «Capital Projects LTD» ЖШС толық жобалық қуатына шықты. Қазіргі уақыт­та жалпы қуаты 74 мың тонна болатын 7 жоба қосымша жүзеге асырылуда, – деп құс еті өндірісінің ахуалын бағамдады министр.

Оның айтуынша, бір кездері тығырыққа тіреліп, тоқтап қалған «Комсомольская құс фабрикасы» ЖШС жаңа инвесторды тарту жұмыстары қолға алынған. Егер қағаздағы жоспар сәтті жүзеге асса, онда Қостанай облысындағы аталған жоба 2020 жылдың басында қайта іске қосылмақ.

– Бағдарлама шеңберінде жалпы ішкі тұтынудағы өндіріс көлемін 2022 жылға қарай 70% дейін жеткізу жоспарланып отыр. Мұнда сондай-ақ қарапайым зат­тар экономикасын дамыту шаралары шеңберінде несие беру құралдары пай­даланылатын болады, – деп түйді Сапар­хан Омаров.

Халал өнім өндірісі: нақты жоспар бар ма?

Бүгінде мал шаруашылығы өнімдері Қытайға, Иранға, БАӘ, Бахрейнге және Еуропалық Одақ елдеріне жеткізілеті­ні белгілі. Құзырлы министрлік экспорт­тың көкжиегін кеңейту үшін ауыл шару­ашылығы шикізатынан қайта өңделген өнімге ветеринарлық-санитарлық талап­тарды келісу жұмыстарына білек сыба­на кіріскен. Оның арқасында сиыр еті экспортының көлемін 37%, қой етін 32% дейін арттыруға жол ашылады деп күті­луде.

– АӨК өнімдері экспортын қазақстандық өнімнің бәсекелестік артықшылықтарын пайдалану арқылы арттыруға болады. Сондықтан «органик» және «халал» өнім­дерін өндіру, өңдеу және сертификаттау жүйесін жолға қою қажет. «Органикалық өнім өндіру туралы» заң 2015 жылдың қараша айында қабылданды, бірақ әлі күнге дейін осы заңды іске асыру жөнін­дегі іс-шаралар жоспары жоқ. Министрлік мемлекеттік органдармен Органикалық Ауыл шаруашылығын дамытудың Жол картасын қайта келісу рәсімін аяқтады, – деп мәселенің жай-жапсарына министр тоқталды.

Оның айтуынша, Қазақстан Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымын құруға бастамашалдық танытқанымен, елімізде халал өнімдерін өндіру саласын­да заңнама жоқ. Ал бұл өз кезегінде Пар­сы шығанағы елдерінің бір бөлігіне әрі Иранға өнімді жеткізуге кедергі келтіре­ді. Бұл бағытта құзырлы министрлік халал өнімдерді өндіруді дамытуға бағытталған жол картасын құптауды жоспарлап отыр.

Венера Мұстафина

Мақала «АгроИнфо» газетінің 19.08.2019 ж. №15 (209) жарияланды.

Поделиться материалом

Читать ещё

  • Опрос

    От чего в наибольшей степени зависит размер урожая?

    Показать результаты

    Загрузка ... Загрузка ...
  • Архивы