Елордалықтардың тәбеті қандай?
Елордалықтар отандық азық-түлік өнімдеріне қарық па? Сұраныс толық қамтамасыз етілген бе? Тауар өндірушілер өз өнімдерін бас қалада делдалсыз әрі тікелей сату үшін жағдай жасалған ба? Бұл сауалдарды тергіштеген атқамінерлер Астана айналасындағы азық-түлік белдеуін қалыптастыру жол картасын жаңартуға бекінген.
Жаңа мәртебе
Құжатқа енгізілген жаңа ұғым – «Астана айналасындағы азық-түлік белдеуінің қатысушысы». Аталмыш мәртебені еліміздің кез келген өңіріндегі ауылшаруашылық тауар өндіруші иеленуі мүмкін. Бұл өз кезегінде оларға не береді деген сауал туындауы мүмкін.Құзырлы министрлік өкілдерінің уәжіне сенсек, ұтатын тұстар мен артықшылық бар. «ҚазАгро» АҚ-ның институттары қаржыландыру барысында аталған мәртебесі бар тауар өндірушілерге басымдық береді. Сонымен бірге кепілдендірілген өткізу нарығына жол ашылады. Тек тауар өндіруші бірінші кезекті өз міндеттерін орындауы шарт.
Жаңартылған Жол картасы 3 жылды қамтиды. Осы уақыт аралығында елордалықтардың дастарханындағы табиғи әрі сапалы өнімнің түрлері мен көлемі еселенбек. 2020 жылы Ақмола облысында ет өңдеу кешені бой көтермек. Жылдық қуаттылығы – 5 мың тонна. Ет өнімдерімен қатар ақтың молшылығы нысанаға алынған. Өңдеу кәсіпорындары толық қуаттылықта жұмыс істемейтіні белгілі. ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары Арман Евниевтің сөзінше, олар орташа алғанда 50-60% жүктелген. Енді сүт өңдеу зауыттары шикізаттан тарықпайды. 2020-2021 жылдары 16 тауарлы сүт фермасы іске қосылмақ. Оның 5-уі Ақмола облысында, 11-і Қарағанды облысында орналасады. Ал тапшы көкөністің түрлерін өсіру үшін суармалы жерлер қалпына келтіріледі деп күтілуде.
Өнім өндірумен және оны өңдеумен қатар, өткізу нарығы бойынша қам-қарекеттер қолға алынбақ. Делдалдардың қитұрқы әрекеттеріне жол берілмейді. Өнім өндірушілер үшін көтерме нарыққа шығу мүмкіндігі ашылмақ. Астанада сауда-логистика инфрақұрылымын дамыту үшін көтерме-үлестіру орталығы тұрғызылады. Нысан Қарағанды-Астана тас жолының бойында салынады деп күтілуде.
– Астананың айналасында азық-түлік белдеуіне қалыптастыру жөніндегі жол карта 2017 жылы қабылданған. 2 жылды қамтитын құжат аясында негізгі міндеттер орындалды. Жол картасын өзектендіру туралы шешім қабылданды. Онда жаңа міндеттер және индикаторлар белгіленді, – деп атап өтті Арман Қайратұлы.
Сұраныс пен ұсыныс: теңгерім бар ма?
Елордалықтар жылына 862 мың тонна немесе 350 миллиард теңгеге жуық негізгі азық-түлік өнімдерін тұтынады. Оның 22% жергілікті өңдеу кәсіпорындарының, 31%-ы Астана айналасындағы азық-түлік белдеуі, қалған 47 %-ы еліміздің басқа өңірлерінен келетін өнім және импорт есебінен қамтамасыз етіледі.
Бас қаланың тізгінін ұстаған Бақыт Сұлтановтың алға тартқан дәйектерін тергіштеп көрелік. Оның сөзіне сүйенсек, Астана қаласында 56 өңдеу кәсіп- орны бар. Өткен жылы қосымша үшеуі іске қосылды: біріншісі – жылдам тамақ өнімдерін шығаратын комбинат, екіншісі – тамақ өнімдерін өндіретін көпсалалы кешен, көкөніс сақтайтын қоймалар, логистикалық орталық, үшіншісі – ұн, макарон, нан-тоқаш өнімдерін шығаратын зауыт. Биылғы 9 ай ішінде қала кәсіпорындары 200 мың тоннаға жуық өнім өндірген.
Ауылшаруашылық жәрмеңкелер игі дәстүрге айналған. Олар тек қала деңгейінде ғана өткізілмейді. Жылда өңірлерден тауар керуені бас қалаға ағылады. Елордалықтарға аптаның демалыс күндері белгілі бір облыстан келген тауар өндірушілерден өнімді тікелей сатып алды. Әр аймақ күзгі жиын-терімнің нәтижесін паш етіп, астаналықтарға өз өнімдерін ұсынды. Биылғы маусым айынан бері 17 жәрмеңке өткізіліп, құны 2 млрд теңгені құрайтын 7 286 тонна өнім сатылған.
– Қала бойынша азық-түлік, көкөніс пен жеміс-жидек сату үшін 157 модульдік сауда алаңы орнатылды. Сонымен бірге «Шапағат» коммуналдық базарында 60 тауар өндіруші өз өнімдерін тікелей сатуда. Сонымен қатар қала аумағында 8 сауда-логистикалық орталық, 8 көкөніс қоймасы және бір жылыжай жұмыс істейді, – деп атап өтті Астана қаласының әкімі Бақыт Сұлтанов.
Қала халқының саны жыл санап артқандықтан, азық-түлік өнімдеріне деген сұраныс та еселенетіні белгілі.
Қос өңірден өнім тұрақты жеткізіледі
Астана айналасындағы азық-түлік белдеуге Ақмола облысының 17 ауданы және Қарағанды облысының 4 ауданы кірді. Бүгінде қос өңірде бұл бағытта жүйелі жұмыстар жүргізілуде. 2017 жылы Ақмола облысында 36 сүт қабылдау бекеті, 56 отбасылық бордақылау алаңы және мал сою бекеті құрылған. Енді көкшетаулықтар өз өнімдерін өткізу үшін Астана қаласындағы сауда нүктелерінің желісін кеңейтуді қолға алған. Бүгінде елордада Ақмола облысының 1 мыңнан астам тауар өндірушісінің өнімі ұсынылған 44 сауда нүктесі, AQMOL сауда желісінің 4 дүкені ашылған.
– Аталған сауда нүктелерінде жыл басынан бері 237 миллион теңгеге өнім сатылды. Астанаға жеткізілетін тауар көлемі жыл санап артуда. 2017 жылмен салыстырғанда биылғы 9 айда бас қалаға жол тартқан сүт өнімдері 12%, ет өнімдері 11%, тағамдық жұмыртқа 18% артты. Енді суармалы жерлердің аумағын 2 есе арттырып, 30 мың га жеткізу жоспарланып отыр, – деп атап өтті Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин.
Қарағандылық тауар өндірушілер Астанаға жыл басынан бері 57 мың тонна өнім жеткізді. Бұл көрсеткішті жыл соңына дейін 66 мың тоннаға жеткізу жоспарланған. Бүгінде Астана айналасындағы азық-түлік белдеуіне кіретін аудандарда 20 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Бұл өз кезегінде өңдеу кәсіпорындарының жүктемесін 8 пайызға арттыруға мүмкіндік береді.
– Қарағанды қаласында тауар айналымы 200 мың тоннаға дейін көтерме-тарату орталығының құрылысы жүргізілуде. Бірінші кезегі биылғы желтоқсанда іске қосылады. Бұл – сыйымдылығы 12 мың тонна ет пен көкөніс сақтайтын климаттық қойма, 4 мың тонна бакалея қоймасы, сонымен қатар контейнерлер мен кросс- дог. Бұл жоба оңтүстік өңірлерден келген өнім көлемін арттырып, Астана қаласына делдалсыз әрі өндіруші бағасымен сатуға мүмкіндік береді, – деп мәселенің мәнін Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов тергіштеді.
Қрағандылықтар 2021 жылға дейін 2800 га суармалы жерді игеруді жоспарлап отыр. Онда 28 мың тонна картоп, 16 мың тонна көкөніс өсіру көзделген.
Венера Мұстафина
26.11.2018 ж. мақала