Жас омарташы: «Мұнаймен қатар балдың өндірісін мықтап қолға алу қажет»
«Қазақстанда шығарылған» белгісі бар өнімдер бүгінде сыртқы нарықты бағындыруда. Атқамінерлер биылғы 9 айды бағамдады. Оның қорытындысын тергіштесек, сыртқы нарыққа жол тартқан қазақстандық өнімдердің легі артқан.
Экспорттың тынысы оң
Жалпы ауыл шаруашылық өнімдердің экспорты 1,5 млрд АҚШ долларын құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 13% жоғары. Шетелдіктердің қазақстандық етке деген қызығушылығы арта түскен. ҚР Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Қайрат Айтуғанов ресми деректерді сөйлетті. Биылғы 9 ай ішінде Ресейге жеткізілетін мұздатылған сиыр етінің көлемі 83 пайызға көбейген. Нәтижесінде оның жалпы экспорты 2 есе ұлғайған: 39-дан 82 тоннаға дейін. Қазақстандық қой етіне де сұраныс ұлғайғаны байқалады. Оның экспорты 8 есе көбейген. Көлемі 40-тан 329 тоннаға жеткен. Оған жаңа нарықтардың ашылуы ықпалын тигізген: Бахрейн, БАӘ. Ирандықтармен қойды тірідей және салқындатылған, мұздатылған ет түрінде жеткізу бойынша ветеринарлық талаптар келісілді және биыл экспорт басталды. Көбіне қой тірідей және салқындатылған ет түрінде сыртқа жол тартқан.
Отандық балдың дәмі де өзімізбен қатар өзгелердің тілін үйіреді. Оның сапасына және табиғи ерекшелігіне көз жеткізген қытайлықтар қолқа салып отыр. Ресми деректер бойынша қазақстандық балдың үштен бірі шетелде саудаланады. Елімізде оның жалпы өндірісі шамамен 10 мың тоннаны құрайтын көрінеді. Бүгінде омарташылықты кәсіп етіп, нәсіпке айналдырған отандастарымыздың қатары қалың. Олардың арасында жастар және жасамыстар бар.
Балдың баррелі 700 долларға тең
33 жастағы Анатолий Добровольский де тәуекелге бел буған. Ол қоғамдық ұйымдағы қызметіне қол бұлғап, омарташылықпен айналысуға ден қойды.
– 5 жыл бұрын неліктен мен «Жас отан» жастар қанаты елордалық филиалының жетекшісі лауазымын босатып, Астанадан ауылға бет алғанымды ешкім түсіне алмай дал болды. Неліктен таңдау ара шаруашылығына түсті? Шынтуайтында, оның жауабы өзіме де беймәлім. Менің отбасымда кәсіби омарташылар жоқтың қасы. Бұрын кәсіпкерлікпен де айналысып көрген жоқпын. Туған-туыстарым мен достарым омарташылық оңайға соқпайды деп ескертті. Сөздің шыны, бастапқыда олардың айтқаны дәл келді, – деп алғашқы қадамдарын жас омарташы ой елегінен өткізді.
Бастапқыда күдік ұялағанымен, бүгінде оның қадамы нық. Енді Анатолий үшін бал өндірудің, араларды өсірудің қыр-сыры таңсық емес. Алғашқы уақытта оның еншісіндегі омарта саны 25 болса, бүгінде 150-ге жетіп отыр. Мұны жас кәсіпкер тоқмейілсімейді. Алдағы екі жылда бал алынатын омарталардың санын үш есе көбейту жоспарланған.
– Келесі жылы Ақмола облысының аумағында бал өндірісі бойынша конвейерді 400 га аумақта іске қосамыз. Маған бұл іс өте ұнайды. Денім де сау. Себебі күнделікті ас мәзірімде бал бар. Екі қасық: бірі- таңертең, екіншісі – ұйықтар алдында. Жалпы әлемде ара шаруашылығымен айналысу үшін табиғаты бірегей 5-6 мемлекет бар. Оның бірі – Қазақстан, – деп омарташы таңданасын жасырмады.
Жас кәсіпкер омарташылықтың табыстылығын дәлелдей алады. Оның есеп-қисабы әзір. Елімізде бал өндірісі қарқын алса, ел қазынасына түсетін кіріс ұлғаяды.
– Мұнайдың бір баррелі 60 долларға бағаланса, балдың баррелі 700 долларға тең. Бал өнімдері нарығында дағдарыс деген атымен жоқ. Бәлкім Қазақстан мұнаймен қатар балды да өндіруге ден қойды? Кеншілер «Елімізді көмірмен қамтамасыз етейік» деген ұранды ұстанады. Омарташылардың да өзіндік ұстанымы бар екенін екінің бірі біле бермейді – «Бал әрбір үй үшін». Өткен жылыАлматыда барлық омарташылар жиналып, екі міндетті белгіледі. Біріншіден, бал әрбір қазақстан отбасының дастарханынан табылуы тиіс. Екіншіден – бал өндірісін 2050 жылға қарай 1 млн тоннаға дейін жеткізу. Егер оған қол жеткізсек, онда Қазақстан экономикасына 10 млрд доллар қаржы құйылады, – деп өзінің ойымен ол бөлісті.
Венера Мұстафина