Наубайхананың тізгінін ұстаған ақтөбелік нәзік жан
Қазақстан экологиялық таза өнімдерімен әмбеге танылуы тиіс. Оған ауылшаруашылық тауар өндірушілер де білек сыбана кіріскен.
Нан бар жерде ән бар. Оған Жанат Сәриева көз жеткізген. Ақтөбелік нәзік жан дастарханның сәнін келтіріп, ауылдастарының ризашылығына бөленуде. Кәсіпкер «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының шапағатын сезінді. Мемлекеттік қолдаудың арқасында наубайхана құлашын кеңге жайды.
– Менің мамандығым – азық-түлік өнеркәсібіндегі инженер-технолог. Әуелі ірі наубайханаларда тәжірибемді шыңдадым. Оның сырына қанығып, жеке кәсіппен айналысуға бекіндім. 2003 жылы шағын наубайхана ашылды. Сұраныс көбейген соң, өндірістің қарқынын күшейту қажеттігі туындады. Бұл бағытта мемлекеттің кәсіпкерлерге қолдауы септігін тигізді. 2012 жылы 20 миллион теңге, 2016 жылы 2 миллион теңге көлемінде несие алдым. Оның жылдық мөлшерлемесінің тең жартысын мемлекет демеуқаржыландырады. Оның арқасында швейцариялық және түркиялық пештер мен құрал-жабдықтарды сатып алдым. Бұл доллар бағамының күрт қымбаттауымен тұспа-тұс келіп, біраз шығындалдым. Бірақ оның ақталатынына сенімдімін. Сонымен қатар наубайхананың ішін әрлеп, қосымша нысан салынды, – деп кәсіпкерліктегі алғашқы қадамдарын ақтөбелік нәзік жан тергіштеді.
Наубайхананың тізгінін ұстаған Жанат Кәмелқызы тынымсыз еңбек пен үнемі ізденістің жемісін сезінді. Төгілген маңдай тер ақталды. Әуелі тек нан және батон пісірілсе, бүгінде өнімнің 20-дан астам түрі нарыққа ұсынылады. Олардың дәмін жерлестерімен қатар Мұғалжар, Темір және Байғанин аудандарының тұрғындары татады. Экологиялық таза және сапалы нан өнімдеріне сұраныс еселенген. Бәлішке, бауырсаққа, тоқашқа жеке тапсырыстар көбейген. Оны дер кезінде орындау үшін наубайхана қызметкерлері түнде де жұмыстан қол үзбейді. Қамыр илеудің технологиясы қатаң сақталады. Оны жетілдіруді Жанат Сәриева өз мойнына алған.
– Тәулігіне 2 тонна, бір айда 60 тонна нан өнімдері пісіріледі. Пештен шыққан ыстық нанның бағасы қолжетімді. Оның сапасына және талапқа сәйкес келуін қатаң қадағалаймын. Тұтынушының көңілінен шығып, сенімін ақтай білу қажет. Мен үшін халықтың ризашылығы аса маңызды. Кез келген істің өзіндік қиындығы бар. Оған төзіп, алға ұмтылу және еңбек ету – табысымның басты кілті, – деп өзінің сырымен Жанат Сәриева бөлісті.
Бүгінде наубайханада 38 адам еңбек етеді. Ақтөбелік кәсіпкер өндірістің ауқымын кеңейтуді діттеп отыр. Кондитерлік цехты ашу, ауылдастарды тәтті өнімдермен тәнті ету жоспарланған. Ол үшін қажетті құрал-жабдықтармен қамдану қажет.
Венера Мұстафина
10.05.2017 ж. мақала