Қыста қызанақ пен қияр неліктен қымбат?

Бұл сауалға өнеркәсіптік жылыжайдың иесі Мәдина Ахметова жауап берді. Оңтүстікқазақстандық нәзік жан өткен жылы өз ісімен айналысуға бел буған. Аграрлық кәсіпке білек сыбана кіріскенімен, туындайтын түйіткілдер де жоқ емес.

Әдетте қыс кезінде көкөніс пен жеміс-жидектің бағасы шарықтайды. Дәстүрлі үрдіске бойымыз да әбден үйре­ніп алған. Өзгенің қияры мен қызанағы­на алақан жаймау үшін оның отандық сұрыпын еселеу қажет. Маусымаралық кезеңге тәуелді болмаудың бір жолы – еліміздегі жылыжайлардың санын көбей­ту. Олардың 80% астамы күнгейде қанат жайған.

Фото: ©congerdesign / /pixabay.com
Фото: ©congerdesign / /pixabay.com

 Бүгінде Оңтүстік Қазақстан облысын­дағы жылыжайдың жалпы көлемі 1 мың га асып жығылған. Оның 120 га өнеркәсіп­тік үлгідегі шаруашылықтар орналасқан. Елімізді ерте көктемгі көкөніспен қамта­масыз етуде өңірге үлкен жүк артылады. Оны терең сезінген атқамінерлер биыл өңірдегі жылыжайдың аумағын 300 мың га ұлғайтуды жоспарлап отыр. Бұл бағытта мемлекет тарапынан да қолдау көрсетіле­ді. Қаржылық институттар арқылы жеңіл­дікпен несиелеу тетігі қарастырылған.

Аграрлық несие корпорациясының ОҚО бойынша филиалы ұсынған мәліметтерді тергіштеп көрелік. Өткен жылы құны 780 миллионнан астам теңгені құрайтын 3 жоба қаржыландырылған. Оның аясын­да аймақта ашылған үш жылыжайдың аумағы – 4,3 га. Оның бірі «Баракат» шаруа қожалығына тиесілі. Күрделі кәсіпті Мәди­на Ахметова ұршықтай иіріп отыр. Өнер­кәсіптік жылыжайдың жұмысын оң жолға қоюда қандай қиындықтар мен кедер­гілер т уындайды? Б ұл т уралы н әзік ж ан арнайы сұхбат барысында баяндады.

– Кәсіп таңдауда қателескен жоқсыз ба?

– Бірнеше жыл бойы кәсіптің қандай түрімен айналысамыз деп бас қатырдық. Тек сатып алу-сатуға бет бұрамыз ба әлде өз і сімізді а шамыз б а? О ған ж ауап б еру үшін нарықтағы жағдайды кеңінен зерде­ледік. Бірақ менің жаныма жақын жылы­жай шаруашылығында бағымды сынауды ұйғардым. Себебі бұл – адал және абырой­лы кәсіп. Тер төксең, оның жемісін көресің.

Негізінен әртүрлі жылыжай шару­ашылықтары бар. Біз өнеркәсіптік бағыт­ты таңдадық. Нысанды түркиялық компа­ния тұрғызып, қажетті құрылғылармен жабдықтады. Сонымен бірге олар жылы­жайдың жұмысына қан жүгіртуге қолға­быс етеді. Жасалған келісімге сәйкес агрономиялық шаралар, қолданыла­тын тыңайтқыштар бойынша кеңес бере­ді. Жылыжайды өткен жылы ғана аштым. Гидропоника арқылы көкөністер өсіріледі. Тамшылатып суару жүйесін де орнаттық.

Бүгінде тұқымның түрлерін жете зерде­леуге кірістік. Әзірге көкөністің екі түрін өсіреміз. Өткен жылы тек қияр егілсе, биыл қызанақты да қолға алдық. Ағашқы өнімнің дәмін де татып көрдік.

Фото: freeimages.com
Фото: freeimages.com

– Алғашқы өнім де жиналған болар…

– Өткен жылы жылыжайдың жұмысын, өсіру технологиясын және тұқымды сынап көру мақсатында қиярды 2 мәрте отырғыздық. Онымен бір уақытта құрылыс жұмыстары жүргізілгендіктен, көкөністі себу мерзімі сақталған жоқ. Сондықтан өнімділік те жоғары болмады. Тұқым­ның тек бір сұрыпын ғана пайдаландық. Нәтижесінде жалпы алғашқы екі маусым бойынша 180 тонна қияр жинадық.

Биыл тұқымның өзге сұрыпын кәдеге жаратуды шештік. Олардың ерекшелігін сараптап, қай түрін өсірген тиімді екенді­гін анықтаймыз. Бірінші рет қиярдың гол­ландық сұрыпын сынап көрдік. Енді биыл ресейлік тұқымды қолдандық. Алғашқысы корнишон түрінде өссе, екіншісі – қиярдың ұзынша түрі. Олар пішіні, құны бойынша әртүрлі. Оларды салыстыруға келмейді.

– Көкөністер қаншалықты тез пісе­ді?

– Қиярды 45 күннен кейін жинауға болады. Ал қызанақ 90-95 күнде пісе­ді. Оны күтіп-баптау үшін жұмыс күші қажет. Бүгінде бізде 25-30 адам еңбек ете­ді. Жылыжай Шымкент қаласына іргелес Қарабұлақ кентінде орналасқан. Оның тұрғындары өздерінің қалауынша бізде уақытша жұмыс істейді. Оның ақысы күн­де төленеді.

– Кейде жылыжайда өсірілген көкөніс­терді сауда орындарынан алсаң, дәмі су татиды.

– Сөзіңіздің жаны бар. Әдетте базардан сатып алған қияр су татиды. Мен өз агро­номдарыма көкөністің сапасы бойынша жоғары талап қоямын. Оның дәмі мен түсі табиғи болуы тиіс. Бүгінде мамандарым сенім үдесінен шығып отыр. Сондықтан біздің жылыжайда өсірілген өнім жақсы екендігіне күмәнім жоқ. Тұтынушыға біз­дің жылыжайдан сапалы өнім жол тарта­тынына қуанамын.

– Жиналған өнімді өткізуде тығы- рыққа тірелмейсіздер ме?

– Жиналған көкөністі сатуда ешбір қиын­дықтар туындамайды. Оны көтерме сауда­мен айналысатындар өздері алып кетеді. Біз тек жиналған қиярды орап, тасымал­дауға дайындаймыз. Өнімді өткізу құны әртүрлі. Баға құбылмалы. Жылыжайдан қызанақтың бір келісі орташа алғанда 650-700 теңгеге, ал қияр 370-450 теңгеге сатылады.

– Тауар өндіруші мен тұтынушы арасындағы делдалдар көбіне бағаны көтереді. Көкөністі тікелей жеткізу үшін сауда нүктелерін ашу жоспарда бар ма?

– Дәл бастыңыз. Жиналған өнімді тікелей тұтынушыға сатуды ұйымдастыру жоспар­да бар. Тәжірибе алмасу мақсатында Түр­кияда болдық. Онда жылыжай шару­ашылықтары көбіне Еуропамен байланыс көпірін орнатқаны белгілі. Сондықтан өнімді жергілікті әрі халықаралық дең­гейде өткізудің жолдарымен таныстық. Енді түркиялық әріптестерімізбен бірле­се көкөністі шетелдік нарыққа шығару қажет деген ойға келдік. Әзірге бұл қағаз жүзінде ғана. Оны іске асыру үшін ауқым­ды жұмыстар жүргізілуі тиіс.

– Өнеркәсіптік жылыжай шаруашы- лығында қандай түйіткілдер туын­дайды?

– Біріншіден, өнеркәсіптік жылыжай­дағы кейбір құрылғыларды тұрақты түрде ауыстыру қажет. Мәселен, пер­де орнату жүйесін, қазандықтарды, суб­стратты, минералды мақтаны және тағы басқаларын жиі сатып аламыз. Олар­ды жаңартпасаң, онда өнімділік құлди­лайды. Қажеттінің барлығы өзімізде бол­мағандықтан, өзге елдерден жеткіземіз. Бірақ оның кедендік төлемі қалтаға сал­мақ салады. Кесірінен өнімнің өзіндік құны көтеріледі. Бұл ретте мемлекет тарапынан субсидия.

Екіншіден, жылыту жүйесі ретінде газды қолданамыз. Ай сайын әрбір өнеркәсіптік жылыжайға көгілдір отынның нақты көле­мі бөлінеді. Егер оны толық немесе беріл­ген мөлшерден артық пайдалансақ, онда бізге айыппұл салынады. Ал қыста көпте­ген жылыжайлар жұмысын уақытша тоқта­тады. Себебі өнімді өсірудің өзіндік құны тым қымбат. Бірақ ауа температурасының төмендеуіне байланысты қаңтар айын­да жұмысты уақытша тоқтатуды шешсек, онда бөлінген газды қолданбау үшін айып­пұл салынады. Сонымен бірге біз газдың бір текше метрі үшін 35 теңге төлейміз, ал көрші Өзбекстанда оның құны 12 теңгеге тең.

Огурец Эгалите

– Бұл қыста қияр мен қызанақ бағасының шарықтауына әкеле ме?

– Тұтынушы көкөністің бағасы тым қым­бат деп дабыл қағады. Бірақ қыс кезін­де шығын көп, сәйкесінше өнімнің өзін­дік құны қымбаттайды. Сондықтан қияр мен қызанақтың құны еттің бағасынан да жоғары шарықтайды.

– Бұл ретте өзге елдердің тәжірибе­сін сараладыңыз ба?

– Бүгінде 2,4 га аумақта көкөністер егіле­ді. Оның бір гектарында қияр жайқалған, қалғанында қызанақ өсіріледі. Келешекте өнімнің түрлерін көбейтуді діттеп отыр­мыз. Бұл үшін жақында Бішкекте кореялық кәсіпкерлер тұрғызған жылыжайды ара­ладық. Нысан біздің табиғи жағдайға сәй­кес келеді. Оларды салу кезінде жылыту технологиялары қолданылған. Оның арқасында ауа температурасы -10 гра­дусқа дейін төмендесе, жылыту жүйесін үнемді түрде пайдалануға болады. Себебі ол ұзақ уақыт бойы сақталады. Сонымен бірге газбен және көмірмен жұмыс істей­тін қазандықты орнатуға болады. Коре­ялық компанияның қолданатын техно­логиясы көңілден шықты. Енді олар біз­ге коммерциялық ұсыныс әзірлеуде. Егер келіссек, онда өзіміздің жылыжайымызды жетілдіреміз.

Сонымен бірге олар өсіретін құлпы- найды татып көрдік. Дәмі тіл үйреді. Әдет­тегідей су татымайды.

– Шетелдік мамандардың көмегіне жүгінесіз бе?

– Біз Түркиядан 2 агрономды жалдадық. Қазақстандық маман да еңбек етеді. Олар­дың жұмыс әдісін, қолданатын технологи­яларын салыстырып, тиімдісін анықтауға тырысамыз. Әрбір тауар өндіруші өнім­діліктің үнемі артуына мүдделі. Бұл – сұрыпқа, өсіру технологиясы мен тыңай­тқыштарды қолдануға тікелей тәуелді. Бірақ ауылшаруашылық кәсіппен айналы­су оңайға түспейді. Туындайтын мәселе­лермен қатар атқарылатын жұмыс та көп. Қателік жібермей, шаруаны дөңгелету мүмкін емес. Мұның барлығы да өнімділік­ке әсер ететін секілді. Десек те оған мойы­май, өзімізді қамшылап отырмыз. Білмеге­німізді үйреніп, жиналатын өнімнің көле­мін көбейтуге ден қойдық. Бұл бағытта алшаңдап қадам бассақ та, нақты нәтиже­міз бар.

– Бір жылдан астам уақыт өнеркә­сіптік жылыжай шаруашылығымен айналысасыз. Оны ашу қомақты қар­жыны талап ететіні түсінікті. Шығын ақталатынына көзіңіз жетті ме?

– Біздің есеп-қисабымыз бойынша кірі­ске алғашқы екі жылда кенелмейміз. Бәл­кім, 3-5 жыл аралығында оның пайдасын көре бастаймыз.

Бүгінде жылыжай аумағын абаттан­дыру жұмыстарына мықтап кірістік. Алған несиені өтеу мерзімі басталмас бұрын, өз жұмысшыларымызға жағдай жасаймыз.

Өнеркәсіптік жылыжайдың жұмысын оң жолға қоюға жұмсалатын қаржы аз емес. Тыңайтқыштың бағасы өте қымбат. Оның бір бөлігіне мемлекет тарапынан субси­дия беріледі. Бірақ оның үлесі болмашы. Себебі біз жылына кемінде 8-9 миллион теңгеге тыңайтқыштар сатып аламыз. Таяуда бір ғана қызанақтың өзіне бір айға қажетті көлем үшін 800 мың теңге жұм­садым.

– Жастарға қандай кеңес берер едіңіз?

– Кәсіппен айналысамын десеңіз, әуе­лі бойыңызда ынта мен еңбексүйгіштік табылуы тиіс. Себебі аграрлық саладағы кез келген іс өте күрделі. Күн демей, түн демей тер төгуге тура келеді. Мен оны түсініп, қиындықтарды еңсеруге дайын болдым. Бір орында тапжылмау үшін үне­мі біліміңді жетілдіру қажет. Басқа жылы­жай иелерімен тәжірибе алмасып, тың тех­нологияларды назарда ұстаймын. Өзім біліп-түйген жаңалықпен әріптестерім­мен бөлісемін.

Менің мамандығым – қаржыгер-эко­номист. Жылыжай шаруашылығымен айналысуда жеке компаниялардағы жұмыс тәжірибем кеңінен кәдеге жарады. Түрлі салада еңбек етіп, басшылығымнан көп нәрсе үйрендім.

Венера Мұстафина

09.04.2018 ж. мақала

Поделиться материалом

Читать ещё

  • Опрос

    Каковы перспективы у запрета на импорт пшеницы в РК?

    Показать результаты

    Загрузка ... Загрузка ...
  • Архивы