Қыста қызанақ пен қияр неліктен қымбат?
Бұл сауалға өнеркәсіптік жылыжайдың иесі Мәдина Ахметова жауап берді. Оңтүстікқазақстандық нәзік жан өткен жылы өз ісімен айналысуға бел буған. Аграрлық кәсіпке білек сыбана кіріскенімен, туындайтын түйіткілдер де жоқ емес.
Әдетте қыс кезінде көкөніс пен жеміс-жидектің бағасы шарықтайды. Дәстүрлі үрдіске бойымыз да әбден үйреніп алған. Өзгенің қияры мен қызанағына алақан жаймау үшін оның отандық сұрыпын еселеу қажет. Маусымаралық кезеңге тәуелді болмаудың бір жолы – еліміздегі жылыжайлардың санын көбейту. Олардың 80% астамы күнгейде қанат жайған.
Бүгінде Оңтүстік Қазақстан облысындағы жылыжайдың жалпы көлемі 1 мың га асып жығылған. Оның 120 га өнеркәсіптік үлгідегі шаруашылықтар орналасқан. Елімізді ерте көктемгі көкөніспен қамтамасыз етуде өңірге үлкен жүк артылады. Оны терең сезінген атқамінерлер биыл өңірдегі жылыжайдың аумағын 300 мың га ұлғайтуды жоспарлап отыр. Бұл бағытта мемлекет тарапынан да қолдау көрсетіледі. Қаржылық институттар арқылы жеңілдікпен несиелеу тетігі қарастырылған.
Аграрлық несие корпорациясының ОҚО бойынша филиалы ұсынған мәліметтерді тергіштеп көрелік. Өткен жылы құны 780 миллионнан астам теңгені құрайтын 3 жоба қаржыландырылған. Оның аясында аймақта ашылған үш жылыжайдың аумағы – 4,3 га. Оның бірі «Баракат» шаруа қожалығына тиесілі. Күрделі кәсіпті Мәдина Ахметова ұршықтай иіріп отыр. Өнеркәсіптік жылыжайдың жұмысын оң жолға қоюда қандай қиындықтар мен кедергілер т уындайды? Б ұл т уралы н әзік ж ан арнайы сұхбат барысында баяндады.
– Кәсіп таңдауда қателескен жоқсыз ба?
– Бірнеше жыл бойы кәсіптің қандай түрімен айналысамыз деп бас қатырдық. Тек сатып алу-сатуға бет бұрамыз ба әлде өз і сімізді а шамыз б а? О ған ж ауап б еру үшін нарықтағы жағдайды кеңінен зерделедік. Бірақ менің жаныма жақын жылыжай шаруашылығында бағымды сынауды ұйғардым. Себебі бұл – адал және абыройлы кәсіп. Тер төксең, оның жемісін көресің.
Негізінен әртүрлі жылыжай шаруашылықтары бар. Біз өнеркәсіптік бағытты таңдадық. Нысанды түркиялық компания тұрғызып, қажетті құрылғылармен жабдықтады. Сонымен бірге олар жылыжайдың жұмысына қан жүгіртуге қолғабыс етеді. Жасалған келісімге сәйкес агрономиялық шаралар, қолданылатын тыңайтқыштар бойынша кеңес береді. Жылыжайды өткен жылы ғана аштым. Гидропоника арқылы көкөністер өсіріледі. Тамшылатып суару жүйесін де орнаттық.
Бүгінде тұқымның түрлерін жете зерделеуге кірістік. Әзірге көкөністің екі түрін өсіреміз. Өткен жылы тек қияр егілсе, биыл қызанақты да қолға алдық. Ағашқы өнімнің дәмін де татып көрдік.
– Алғашқы өнім де жиналған болар…
– Өткен жылы жылыжайдың жұмысын, өсіру технологиясын және тұқымды сынап көру мақсатында қиярды 2 мәрте отырғыздық. Онымен бір уақытта құрылыс жұмыстары жүргізілгендіктен, көкөністі себу мерзімі сақталған жоқ. Сондықтан өнімділік те жоғары болмады. Тұқымның тек бір сұрыпын ғана пайдаландық. Нәтижесінде жалпы алғашқы екі маусым бойынша 180 тонна қияр жинадық.
Биыл тұқымның өзге сұрыпын кәдеге жаратуды шештік. Олардың ерекшелігін сараптап, қай түрін өсірген тиімді екендігін анықтаймыз. Бірінші рет қиярдың голландық сұрыпын сынап көрдік. Енді биыл ресейлік тұқымды қолдандық. Алғашқысы корнишон түрінде өссе, екіншісі – қиярдың ұзынша түрі. Олар пішіні, құны бойынша әртүрлі. Оларды салыстыруға келмейді.
– Көкөністер қаншалықты тез піседі?
– Қиярды 45 күннен кейін жинауға болады. Ал қызанақ 90-95 күнде піседі. Оны күтіп-баптау үшін жұмыс күші қажет. Бүгінде бізде 25-30 адам еңбек етеді. Жылыжай Шымкент қаласына іргелес Қарабұлақ кентінде орналасқан. Оның тұрғындары өздерінің қалауынша бізде уақытша жұмыс істейді. Оның ақысы күнде төленеді.
– Кейде жылыжайда өсірілген көкөністерді сауда орындарынан алсаң, дәмі су татиды.
– Сөзіңіздің жаны бар. Әдетте базардан сатып алған қияр су татиды. Мен өз агрономдарыма көкөністің сапасы бойынша жоғары талап қоямын. Оның дәмі мен түсі табиғи болуы тиіс. Бүгінде мамандарым сенім үдесінен шығып отыр. Сондықтан біздің жылыжайда өсірілген өнім жақсы екендігіне күмәнім жоқ. Тұтынушыға біздің жылыжайдан сапалы өнім жол тартатынына қуанамын.
– Жиналған өнімді өткізуде тығы- рыққа тірелмейсіздер ме?
– Жиналған көкөністі сатуда ешбір қиындықтар туындамайды. Оны көтерме саудамен айналысатындар өздері алып кетеді. Біз тек жиналған қиярды орап, тасымалдауға дайындаймыз. Өнімді өткізу құны әртүрлі. Баға құбылмалы. Жылыжайдан қызанақтың бір келісі орташа алғанда 650-700 теңгеге, ал қияр 370-450 теңгеге сатылады.
– Тауар өндіруші мен тұтынушы арасындағы делдалдар көбіне бағаны көтереді. Көкөністі тікелей жеткізу үшін сауда нүктелерін ашу жоспарда бар ма?
– Дәл бастыңыз. Жиналған өнімді тікелей тұтынушыға сатуды ұйымдастыру жоспарда бар. Тәжірибе алмасу мақсатында Түркияда болдық. Онда жылыжай шаруашылықтары көбіне Еуропамен байланыс көпірін орнатқаны белгілі. Сондықтан өнімді жергілікті әрі халықаралық деңгейде өткізудің жолдарымен таныстық. Енді түркиялық әріптестерімізбен бірлесе көкөністі шетелдік нарыққа шығару қажет деген ойға келдік. Әзірге бұл қағаз жүзінде ғана. Оны іске асыру үшін ауқымды жұмыстар жүргізілуі тиіс.
– Өнеркәсіптік жылыжай шаруашы- лығында қандай түйіткілдер туындайды?
– Біріншіден, өнеркәсіптік жылыжайдағы кейбір құрылғыларды тұрақты түрде ауыстыру қажет. Мәселен, перде орнату жүйесін, қазандықтарды, субстратты, минералды мақтаны және тағы басқаларын жиі сатып аламыз. Оларды жаңартпасаң, онда өнімділік құлдилайды. Қажеттінің барлығы өзімізде болмағандықтан, өзге елдерден жеткіземіз. Бірақ оның кедендік төлемі қалтаға салмақ салады. Кесірінен өнімнің өзіндік құны көтеріледі. Бұл ретте мемлекет тарапынан субсидия.
Екіншіден, жылыту жүйесі ретінде газды қолданамыз. Ай сайын әрбір өнеркәсіптік жылыжайға көгілдір отынның нақты көлемі бөлінеді. Егер оны толық немесе берілген мөлшерден артық пайдалансақ, онда бізге айыппұл салынады. Ал қыста көптеген жылыжайлар жұмысын уақытша тоқтатады. Себебі өнімді өсірудің өзіндік құны тым қымбат. Бірақ ауа температурасының төмендеуіне байланысты қаңтар айында жұмысты уақытша тоқтатуды шешсек, онда бөлінген газды қолданбау үшін айыппұл салынады. Сонымен бірге біз газдың бір текше метрі үшін 35 теңге төлейміз, ал көрші Өзбекстанда оның құны 12 теңгеге тең.
– Бұл қыста қияр мен қызанақ бағасының шарықтауына әкеле ме?
– Тұтынушы көкөністің бағасы тым қымбат деп дабыл қағады. Бірақ қыс кезінде шығын көп, сәйкесінше өнімнің өзіндік құны қымбаттайды. Сондықтан қияр мен қызанақтың құны еттің бағасынан да жоғары шарықтайды.
– Бұл ретте өзге елдердің тәжірибесін сараладыңыз ба?
– Бүгінде 2,4 га аумақта көкөністер егіледі. Оның бір гектарында қияр жайқалған, қалғанында қызанақ өсіріледі. Келешекте өнімнің түрлерін көбейтуді діттеп отырмыз. Бұл үшін жақында Бішкекте кореялық кәсіпкерлер тұрғызған жылыжайды араладық. Нысан біздің табиғи жағдайға сәйкес келеді. Оларды салу кезінде жылыту технологиялары қолданылған. Оның арқасында ауа температурасы -10 градусқа дейін төмендесе, жылыту жүйесін үнемді түрде пайдалануға болады. Себебі ол ұзақ уақыт бойы сақталады. Сонымен бірге газбен және көмірмен жұмыс істейтін қазандықты орнатуға болады. Кореялық компанияның қолданатын технологиясы көңілден шықты. Енді олар бізге коммерциялық ұсыныс әзірлеуде. Егер келіссек, онда өзіміздің жылыжайымызды жетілдіреміз.
Сонымен бірге олар өсіретін құлпы- найды татып көрдік. Дәмі тіл үйреді. Әдеттегідей су татымайды.
– Шетелдік мамандардың көмегіне жүгінесіз бе?
– Біз Түркиядан 2 агрономды жалдадық. Қазақстандық маман да еңбек етеді. Олардың жұмыс әдісін, қолданатын технологияларын салыстырып, тиімдісін анықтауға тырысамыз. Әрбір тауар өндіруші өнімділіктің үнемі артуына мүдделі. Бұл – сұрыпқа, өсіру технологиясы мен тыңайтқыштарды қолдануға тікелей тәуелді. Бірақ ауылшаруашылық кәсіппен айналысу оңайға түспейді. Туындайтын мәселелермен қатар атқарылатын жұмыс та көп. Қателік жібермей, шаруаны дөңгелету мүмкін емес. Мұның барлығы да өнімділікке әсер ететін секілді. Десек те оған мойымай, өзімізді қамшылап отырмыз. Білмегенімізді үйреніп, жиналатын өнімнің көлемін көбейтуге ден қойдық. Бұл бағытта алшаңдап қадам бассақ та, нақты нәтижеміз бар.
– Бір жылдан астам уақыт өнеркәсіптік жылыжай шаруашылығымен айналысасыз. Оны ашу қомақты қаржыны талап ететіні түсінікті. Шығын ақталатынына көзіңіз жетті ме?
– Біздің есеп-қисабымыз бойынша кіріске алғашқы екі жылда кенелмейміз. Бәлкім, 3-5 жыл аралығында оның пайдасын көре бастаймыз.
Бүгінде жылыжай аумағын абаттандыру жұмыстарына мықтап кірістік. Алған несиені өтеу мерзімі басталмас бұрын, өз жұмысшыларымызға жағдай жасаймыз.
Өнеркәсіптік жылыжайдың жұмысын оң жолға қоюға жұмсалатын қаржы аз емес. Тыңайтқыштың бағасы өте қымбат. Оның бір бөлігіне мемлекет тарапынан субсидия беріледі. Бірақ оның үлесі болмашы. Себебі біз жылына кемінде 8-9 миллион теңгеге тыңайтқыштар сатып аламыз. Таяуда бір ғана қызанақтың өзіне бір айға қажетті көлем үшін 800 мың теңге жұмсадым.
– Жастарға қандай кеңес берер едіңіз?
– Кәсіппен айналысамын десеңіз, әуелі бойыңызда ынта мен еңбексүйгіштік табылуы тиіс. Себебі аграрлық саладағы кез келген іс өте күрделі. Күн демей, түн демей тер төгуге тура келеді. Мен оны түсініп, қиындықтарды еңсеруге дайын болдым. Бір орында тапжылмау үшін үнемі біліміңді жетілдіру қажет. Басқа жылыжай иелерімен тәжірибе алмасып, тың технологияларды назарда ұстаймын. Өзім біліп-түйген жаңалықпен әріптестеріммен бөлісемін.
Менің мамандығым – қаржыгер-экономист. Жылыжай шаруашылығымен айналысуда жеке компаниялардағы жұмыс тәжірибем кеңінен кәдеге жарады. Түрлі салада еңбек етіп, басшылығымнан көп нәрсе үйрендім.
Венера Мұстафина
09.04.2018 ж. мақала