Қостанайлық шаруалар субсидия ала алмай отыр
Жер телімі бойынша құжаттың дұрыс болмауы қостанайлық шаруалардың мемлекеттен субсидия алуына кедергі болып отыр. Бұл туралы Қостанай облысы кәсіпкерлер құқығын қорғау кеңесінің кезекті отырысында белгілі болды, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.
«Мinagro.kz порталындағы субсидияға электронды өтініш беру – бұл сөзжұмбақ. Кім жауабын табады, сол алады, ал кім таппаса сол құр қол қалады», – деді Федоров ауданындағы шаруа қожалығының басшысы Юрий Малышко.
Оның айтуынша, қарапайым серіктестіктер үшін субсидия алуға өтініш беру қолжетімсіз болып отыр.
«Аудан басшылары шаруа қожалықтарын біріктіру бойынша жұмыстар жүргізді. Нәтижесінде Федоров ауданындағы 300-ден астам шаруа қожалығынан 70-ке жуығы қалды. Олардың барлығы өтініш беруде бизнесті сәйкестендіру номеріне (БСН) қатысты проблемалармен кездеседі, олар сәйкес келмейді», – деді Ю. Малышко.
Кәсіпкерлердің айтуынша, бұл порталдың қисынсыз жұмысымен байланысты. Себебі, жер телімі шын мәнінде 300 га бола тұра 0,2 га деп көрсетіледі. Ол аздай бірқатар жер телімдері базада мүлдем жоқ. Себебі, өңірлерде 2003 жылға дейін жер телімдері мемлекеттік актсіз, географиялық координатты растау арқылы берілген.
Өз кезегінде, жергілікті әкімдіктер бұл мәселенің шешімін табу жолында ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге жерге жаңа үлгідегі мемлекеттік акт алуды ұсынып отыр. Ол өз кезегінде 80 мың теңгеге дейін қосымша шығынды қажет етеді.
Айта кетейік, мемлекеттік қызмет көрсету стандартында жер құрылысы жобасы қарастырылмаған.
Кеңестің қорытындысы бойынша, жер акттісін алмастыру бойынша арнайы хат ҚР Мемлекеттік қызмет және жемқорлыққа қарсы агенттігінің Қостанай облысы бойынша департаментіне жіберілді.