Қаладан ауылға: ынтасы бар адам кәсіптің көзін табады
Жастар мал бағудан ат тонын ала қашады. Тынымсыз еңбекті қажет ететін ата кәсіп бүгінде кейінгі толқын арасында «сән» емес. Олар ауылдың күйбең тірлігінен гөрі қайнаған қала өміріне ұмтылады. Аға толқынның бұл пікірін Руслан Тәжібаев қостамайды. Оны қарағандылық жас сөзімен емес, нақты ісімен дәлелдеді. Бүгінде қолындағы мал басын өсіріп, маңдай терімен нәпақасын тауып отыр. Қарапайым ауылда тұрып, айына 300 мың теңге қалай табуға болады? Өзінің табысы және алғашқы қадамдары жайлы Руслан арнайы сұхбат барысында кеңінен баяндады.
Тұмсық – Қарағанды облысының Шет ауданындағы шағын ауылдардың бірі. Онда бүгінде 22 үй түтін түтетіп отыр. Тұрғындардың бірі бастауыш мектепте еңбек етеді, екіншілері үшін басты кіріс көзі – ата кәсіп. Олар көбіне мал мен құс өсіріп, күнделікті нәпақасын айырады. Ауылда мал шаруашылығына ден қойған 4-5 отбасы бар. Олардың арасында табындағы мал басы 100- ден асқан шаруашылықтар да жоқ емес. Ауылдастарының жолын Руслан Тәжібаев жалғауды ұйғарды. Ол 9 жыл бойы облыс орталығы Қарағандыда тұрған. Мамандығы – тіс дәрігері. Жоғары оқу орнын қызыл дипломмен тәмамдап, бірнеше ай бойы өзінің кәсібі бойынша еңбек етті. Бірақ ауылдағы ата-анасына қолқанат болу үшін туған елдімекеніне оралды. 35 жастағы жігіт өз күшімен қолдағы мал басын көбейтуге тырысқан, бірақ қаржының жетіспеушілігі қолбайлау болған. Десек те оған талапты жігіт мойымаған.
– Руслан, көпшілік ауылда жұмыс жоқ деп қынжылады. Ал мал шаруашылығының бейнеті көп, зейнетін бірден сезіну қиын екендігін алға тартады. Ал сіз қалай ойлайсыз?
– Кез келген кәсіптің қиындығы мен қызығы бар. Жеңіл жұмыс жоқ. Маңдай тер қашанда тәтті әрі табысқа жетелейді. Қалада да, ауылда да екі қолға бір күрек табуға болады. Жеке кәсіппен айналысуға да мүмкіндік бар. Тек қапы қалмай, қам-қарекетке кірісу қажет. Қазақта «талап қылмай мұратқа жетпес» деген жақсы аталы сөз бар. Бойыңда ынта мен ықылас болса, көздеген мақсатыңа қол жеткізесің. Оған менің де көзім жетті. Бастапқыда қаладан ауылға көшіп келген соң, мал басын көбейту оңайға соқпады. Бар гәп тек ақшаға тірелмейді. Қосымша білімнің қажеттігі де сезілді. Сәті түсіп, 2017 жылы «Бастау бизнес» жобасына қатысушылардың бірі атандым. Бір ай кәсіпкерлік пен маркетингтің негіздерін ойға тоқып, бойға сіңірдік. Бізге дәріс оқыған Райхангүл Абраева кәсіпкерлік жоспарды жазуға және қаржыландыруға қажетті құжаттарды жинауға қол ұшын созды. Жобамды арнайы комиссия алдында қорғап шықтым. Оның арқасында 3 млн теңге көлемінде шағын несие берілді. Қаржыны мал басын көбейтуге жұмсадым. Жақын маңдағы ауылдардан 10 сиыр және қазақтың ақбас тұқымды бұқасын сатып алдым. Аналық малдың бағасы әр түрлі: 210-230 мың теңге аралығында. Ал асыл тұқымды бұқа 350 мың теңге тұрады. Қолдағы кәрі малды торпақ пен тайыншаға ауыстырдым. Биыл сатып алған сиырлар төл берді. Енді қолымдағы ірі қараның саны 44-ке жетті.
– Мал шаруашылығы бірден қомақты кіріске кенелтпейтіні хақ. Себебі оның санын көбейту, өнімділігін көтеру нақты уақытты және қажырлы еңбекті талап етеді. Бірақ күнделікті сауыннан жиналған сүттің өзі отбасылық бюджетті толықтыруға мүмкіндік беріп отыр. Осындайда «қимылдаған қыр асады» деген аталы сөз ойға оралады.
– Дөп бастыңыз. Біздің ауылда көпшілікке белгілі «Нәтиже» сүт фабрикасының салқындататын аппараттары орналасқан. Оған күнделікті жиналған ақты апарып құямыз. Сүттің бір литрі үшін 71 теңге беріледі. Біз айына 5-6 мың тонна сүт тапсырамыз. Орташа алғанда одан 300 мың теңге көлемінде кіріс бұйырады. Ауыл тұрғыны үшін бұл – жақсы табыс көлемі. Оған да шүкіршілік етеміз. Сауын сиырлардың саны 20-ға жуықтайды. Сондықтан қол күшіне емес, арнайы сауын аппаратына иек артылады. Құрылғы арқасында бұл жұмыс жедел әрі сапалы атқарылады.
– Бүгінде қала тұрғындары кофе ішуді сәнге айналдырса, ауылдарда біздің ұлттық сусынға сұраныс жоғары. Бие байлап, қымыз сапыруды да оң жолға қойдыңыз ба?
– Сөзіңіздің жаны бар. Қымыздың емдік қасиеті бір төбе. Тек өзіміз дұрыс кәдеге жарата алмайтынымыз көңілге қаяу түсіреді. Ауылдың қымызы таза, ешбір қоспасыз. Біз күнде 4 биені сауамыз. Қымызды көбіне Ақсу-Аюлы елдімекенінің тұрғындары сатып алады. Бүгінде өзіміздің клиенттеріміз бар. Оларға сапалы өнім жеткізіп, сенімдерін ақтауға тырысамыз.
– Талпынысыңыз құптарлық. Барлық шаруаны өзіңіз атқаруға үлгересіз бе?
– Әзірге барлық жұмыстарға отбасым қолғабыс етеді. Барлығымыз жұмылып, мал басын көбейтуге кірістік. Мен табынды ауылдың малынан бөлек бағамын. Бақташы табудың өзі қиынның қиыны. Ауылға жұмысқа келуге ешкім асықпайды.
– Ж айылымдық ж еріңіз б ар м а? Қысқа қалай қамданасыз?
– Менде жайылымдық жер жоқ. Бар гәп осыған тіреледі. Енді жергілікті әкімдікке өтініш жолдадым. Бос жайылым табылса, оны жалға аламын. Бүгінде малды ауылдың айналасында бағамын. Бірақ шөбі шүйгін өріс болса, онда малдың күйі де жақсаратыны белгілі. Қысқа да тыңғылықты қамданамыз. Мал тоқ болуы қажет. Шөпті өзім дайындаймын. Техника қолымда бар. Өткен жылы 90 тонна шөп шабылды. Ал жемді сатып аламын. Өткен жылы 7 тонна кебектің, 1 тонна бидайдың қоры жасақталды. Енді биыл ірі қара саны көбейгендіктен, мал азығын көбірек дайындау қажет. Алдағы уақытта сауын сиырлардың санын 50-ге жеткізуді көздеп отырмын. Оған қол жеткізсем, тағы бір асыл тұқымды бұқа сатып аламын. Сол кезде мемлекеттік қолдаудың игілігін сезінуге болады. Оның ішінде субсидияға өтінім беріп, техниканы лизингке алуға жол ашылады.
Бүгінде елімізде «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіп- керлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған бағдарламасы жүзеге асырылуда. Оған сәйкес ауыл тұрғындарына кәсіпкерлік дағдыларды меңгертетін қысқа мерзімдік оқыту курстары қарастырылған. Олар өткен жылғы тамыз айынан өз жұмысын бастады. 80 ауданда 15 мың адам оқытылды. Биыл 160 аудан қамтылған. Оның арқасында 30 мың адам кәсіпкерліктің әліппесіне үңіледі деп күтілуде. Білім көкжиегін кеңейтіп, бизнес-жоспарын сәтті қорғаған қатысушылар шағын несиеге өтінім жолдай алады.
– «Еңбек» бағдарламасының екінші бағыты аясында Министрлік ауылдық елді мекендерде және шағын қалаларда бағдарламаның қатысушыларына, бизнес жобаларды іске асырушы немесе іске асыруды жоспарлайтындарға кредит/ микрокредит беру бойынша жұмыстарды жүргізуде. Көзделген қаражаттан 11 000 микрокредит беру жоспарланып отыр. Ағымдағы жылдың 2 шілдесіндегі жағдайға байланысты 2 486 микрокредит берілді. Республика бойынша игеру 8,9 млрд теңгені (20%) құрайды, – деп атап өтті ҚР Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Арман Евниев.
Шағын несиенің арқасында 1 427 старт жоба, 78 кооперация жоба, «Бастау Бизнес» бойынша жобалар жүзеге асырылған.
– Министрлік «Еңбек» бағдарламасы шеңберінде ісін жаңа бастаған кәсіпкер- лерге бизнес жүргізуді оқыту үшін «Бастау Бизнес» жобасын жүзеге асыруда. 2018 жылы оның шеңберінде 30 000 өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды және жұмыссыздарды оқыту жоспарымен республикалық бюджеттен 1,2 млрд теңге қаралған. Соның ішінде кемінде 6 000 қатысушы (20% оқытылған) бизнесін кеңейту керек немесе ашу керек. Қазіргі уақытта 2 ағын шеңберінде оқыту 160 ауданда іске асты. Екі ағын шеңберінде 12 645 жұмыссыздар мен өзін-өзі қамтығандар оқудан өтті. Бизнес-жобаны облыстық комиссияның алдында 9 049 қорғады. 3 ағын – оқуды бастауда, – деп түсіндірді Арман Қайратұлы.
Венера Мұстафина
13.08.2018 ж. мақала