Ата кәсіпте тәуекел көп, тек қол қусыруға болмайды
Алтын бесік ауылдарда ата кәсіп – күнкөріс қамы. Елді мекендегі ағайын төрт түлікті өсіріп, нәпақа табады. Оны кәсіпке айналдырғандар арасында жас та, жасамыс та бар. Күрделі әрі қиын шаруаны қолға алған тауар өндірушілердің тынысын бағамдауды ұйғардық.
Жігіттік жастағы Александр Антоненко айлығын шайлығына жеткізу үшін жеке шаруасын дөңгелетуге бел буған. Әуелі сауда-саттықта бағын сынады. Бірақ кейін бағытын түбегейлі өзгертуді жөн санады. Заңгерлік мамандықтың қыр-сырын меңгерген теріскейлік жастың бүйрегі мал шаруашылығына бұрған. Бейнеті көп кәсіптің зейнетін сезіну, кіріске кенелу тынымсыз еңбекті талап етеді. Оны түйсінген Александр жастық жалыны мен күш-жігерін сүтті бағыттағы мал шаруашылығын ұршықтай иіруге жұмсауда.
– 2011 жылы жайылымдық жерлерді алып, мал шаруашылығын қолға алдым. Әуелі асыл тұқымды бұқаны сатып алып, ірі қараның өнімділігін арттыруға басымдық берілді. Асыл тұқымды төлдерді өзіміз өсірдік. Бұйыртса биыл оның жемісін сезінемін. Асыл тұқымды сүтті сиырлардың өнімділігі жергілікті ірі қарамен салыстырғанда 5-6 литрге артық. Әзірге тәулігіне орташа алғанда 460 литр ақ жиналады. Жазда көрсеткіш айтарлықтай жоғары. Оны шикізат түрінде «Масло-Дел» ЖШС зауытына тапсырамын. Олар сүттің бір литрін 85 теңгеге бағалайды. Бағаға тәуелді болмау үшін 2018 жылы сүтті пастерлеу технологиясын меңгеруді шештім. Ақты дайын өнім түрінде нарыққа ұсыну жоспарда бар, – деп өзінің шаруашылығы жайлы «Антоненко» ЖК басшысы Александр Антоненко сыр шертті.
Шаруа қожа лы ғы Сол түстік Қазақстан облысының Шаховское ауылында қанат жайған. Табында 100-ден астам мүйізді ірі қара бар. Олардың тең жартысы асыл тұқымды. Енді кәсіпкер сауын сиырлардың санын 200-ге жеткізуді көздеп отыр. Себебі Александр мал азығына бас қатырмайды. Оны 100 пайыз өз күшімен қамтамасыз етеді. Жылда еншісіндегі алқапқа жем-шөп дақылдарын сіңіреді.
– Мал шаруашылығы – күрделі әрі қиын кәсіп. Одан бірден қомақты пайдаға кенелу екіталай. Әзірге менің таза кірісім 5-10% деңгейінде құбылады. Арагідік, әсіресе, қыс кезінде жұмсалған шығын ақталмайды. Егер сүттің литрін 85 теңгеге тапсырсақ, о ны ө ндіруге ж ұмсалған шығын 105 теңгеге жетеді. Сондықтан маған көбі «әлі жассың, мал шаруашылығына неге бет бұрдың» деп таңданыстарын жасырмайды. Бұл сала мен үшін қызықты әрі ауылдағы күнкөрістің басты қамы. Әлеуметтік жауапкершілікті танытып, қарияларға қолғабыс етуге тырысамын. Меніңше, еріншектікке бой үйретпеу үшін өзіңе жақын кәсіппен айналысқан жөн, – дейді 30 жастағы кәсіпкер.
Ол жас болса да, бас бола білген. Сәтті қадамдарын тоқ мейілсімейді. Жылқы шаруашылығына да жан бітіруге кіріскен. Еншісінде 50 Қамбар ата тұқымы бар. Олар ет түрінде ішкі нарыққа жол тартады. Кәсіптің бұл түріне «Әлем НБ» ЖШС өкілдері тәуекел етіп, бел буған. Егіншілікпен айналысатын серіктестік ата кәсіпке бет бұруды шешкен.
– Өзімізді жаңа бағытта сынауды ұйғардық. Бір ай бұрын жылқы өсіруді мықтап қолға алдық. Оларды жергілікті шаруалардан сатып алдық. Ірі қараға қарағанда Қамбар ата тұқымы қараша-желтоқсан айларына дейін жайылымдар жайылады. Оларды ұзақ уақыт бойы далада бағуға мүмкіндік бар. Оларды күтіп, кейін саудаға ұсынамыз. Жылқының тұқымын жақсарту үшін қосымша үш тұлпар сатып алу жоспарланған. Шетелдік малға қызықпаймыз. Таңдау тек өз еліміздегі жылқыға ғана түседі, – дейді серіктестіктің зоотехнигі Исен Сәрсекеев.
Елбасы ауыл шаруашылығын экономиканы ілгерілет удің драйверіне айналдыруды шегелеп тапсырды. Енді биыл атқамінерлер агроөнеркәсіптік кешенді қамшыламақ. Болжам бойынша саладағы өсім 2,5% еңсереді. Жоспарланған межені еңсерудің жолдары айқындалды. Оның аясында ауыл шаруашылығының тиімділігін арттыруға мықтап ден қойылмақ. Әуелі өндірістің қарқынын еселеу діттелген. «Қазақстанда шығарылған» өнімдердің легі артса, әуелі ішкі нарық қарық болады, ал артылғаны сыртқа жол тартады.
– Мал шаруашылығында қолдау асыл тұқымды малды сатып алуға, тиімді және отбасылық бордақылау алаңдарын құруға, жаңа өңдеу кәсіпорындарын ашуға және қолданыстағыларын жаңартуға бағытталады. Ал егіншілікте майлы, жем-шөп және сұранысқа ие басқа дақылдардың алқаптарын 540 мың га ұлғайтылып, 8,7 млн га жеткізуге жоспарланған, – деп агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың міндеттерін ҚР Премьер-министрінің орынбасары – ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов тергіштеді.
Бұл реттедемеуқаржыны бөлу қағидаларын қайта қарау және біртіндеп сақтандыруға көшу жоспарланған. Оның жаңа ережелері әзірге пысықталуда. Атқамінерлердің сөзіне сүйенсек, ұсыныстар құпталса, тиімсіз демеуқаржының 11 түрі алып тасталады. Нәтижесінде мемлекеттік қолдаудың игілігін сезінген тауар өндірушілердің қатары ұлғаймақ.
Венера Мұстафина
20.02.2017 ж. мақала