Аралар әлемі: көшпелі омарташылықтың ерекшелігі неде?
Аралар әлемінің өзіндік ерекшелігі бар. Адамда іспетті оларда да өмір бірнеше кезеңге бөлінеді. Жас аралар әуелі ұядағы шаруалармен айналысса, ересектері бал жинауға жұмылдырылады. Бірақ аралардың мүмкіндігі шектеулі. Оның әрқайсысы тек бір қасық бал ғана жинайды. Тәуекелі көп бал өндіру ісін дамытудың басты сыры қандай? Бұл сауалдар 30 жылдан астам уақыт бойы омарташылықпен айналысатын теріскейлік Пилипушко отбасы үшін таңсық емес.
Мағжан Жұмабаев ауданында тұратын Пилипушко әулетінің өкілдері – кәсіби омарташылар. Атадан қалған кәсіп бүгінде лайықты жалғасын тауып отыр. 33 жыл бұрын араны өсіруге ден қойылып, алғашқы бал алынды. Табыс көзіне айналған әкесінің ісін ұлы Юрий жете меңгерген. Ол кеңестік жылдары біліп-түйгенін совхоздардың бірінде бас омарташы ретінде кәдеге жаратады. Сонымен бірге өзінің еншісіндегі 20 аралар ұясын көбейтуді де оң жолға қояды. Кішкентай кезінен тәтті балдың ортасында өскен Ярослава да әкесіне қолғабыс етуді ұйғарған. Әуелі нәзік жан келешегін экономикамен сабақтастырған. Ол бұл мамандық бойынша жоғары оқу орнын тәмамдап, жұмысқа орналасады. Бірақ көп ұзамай солтүстікқазақстандық ару өзіне жете таныс ара шаруашылығына бет бұруды жөн санаған. Бүгінде Ярослава бал өндірумен қатар одан косметикалық бұйымдарды дайындауға кіріскен. Бүгінгі ахуал мен келешектің еншісіндегі жоспарлар жайлы «Пилипушко отбасының омартасы» шаруа қожалығының өкілі арнайы сұхбат барысында кеңінен әңгімеледі.
– Аралармен бірге көшпелі өмір салтын ұстанасыз? Неліктен оған ден қоюды ұйғардыңыз?
– Біз үшін көшпелі омарташылықпен айналысқан тиімді. Біріншіден, аралар тұрақты түрде бір жерде бал жинай алмайды. Екіншіден, олар үш шақырымнан алыс жерлерге ұшпағаны жөн. Себебі ауа райы өзгеріп, жаңбыр жауса, онда олардың өз ұяларына оралуы екіталай. Үшіншіден, көшпелі әдіс арқылы аралар әртүрлі гүлдің тозаңдарын жинайды. Оның арқасында тұрғындарға табиғи балдың 12 түрін ұсына аламыз.
Ара ұяларын тасымалдайтын арнайы көлігіміз бар. Барлық қауіпсіздік шаралары қатаң сақталады. Ара ұяларын бір жерден екінішісіне көшіру тек түнде ғана жүргізіледі. Сондықтан бұл араларға ешбір кері әсерін тигізбейді. Әдетте біз 200-300 шақырым жерге көшіп, облыс аумағын толық қамтимыз. Бірнеше ара ұяларын алатікеннің шырынын жинауға арнайы апарамыз.
– Жазда сайран салған шегірткенің кебін кимеу үшін өсімдіктер гүлдейтін кезеңді тиімді пайдалануға тырысатын боларсыз?
– Әлбетте. Табиғи жағдайға байланысты біздің кәсіп маусымдық сипатқа ие екендігі белгілі. Жаз иелігіне кіріскен кезде өзімізде де, араларда да қауырт жұмыс басталады. Әдетте бұл 3 айға созылады. Аралар белсенді түрде бал жинаса, біз оны тез арада өндіреміз. Бір ұядан орташа алғанда 60-110 келі бал алынады. 2017 жылы жалпы 21 тонна бал жиналды.Биыл оның көлемі көбейетініне үміт бар. Себебі бізде ара ұяларының саны 250-ге жетті. Олар «карпат» тұқымды. Жылда ара ұяларының санын ұлғайтамыз. Себебі бал өнімдеріне деген сұраныс артып келеді. Сонымен бірге ара-өнімдері де шығарылады: балауыз, тозаң, прополис, аналық сүт және тағы басқалары. Тек ара уы ғана дайындалмайды.
– Темірдей тәртіп, еңбек бөлінісі аралар үшін де жат емес. Олардың күнделікті тірлігі адам өмірімен ұқсас келеді деген пікір қалыптасқан.
– Дөп бастыңыз. Араларға бас-көз болып, олардың күнделікті жай-күйін бақылаймын. Шынтуайтында, олардың күнделікті қарбаласы адам өмірімен ұқсас келеді. Нақты еңбек бөлінісі қалыптасқан. Әрбір ара белгілі бір жұмысқа жауапты. Бірі ұядағы тазалықты қадағаласа, екіншісі қорек іздейді және оны барлауға шығады, ал үшіншісі бал жинайды. Ұяны бөгде аралардан қорғайтын арнайы күзетші де бар.
Аралар – өте еңбекқор. Олар тәртіп пен тазалықты мықтап ұстанады. Мәселен, ұяларынынан қоқыс тапса, оны бірден сыртқа тастайды. Тіпті өз салмағынан екі есе көбірек жүкті көтереді.
– Бір ара өз ғұмырында қанша бал жинай алады?
– Жалпы бір араның бір қасық бал жинау қабілеті бар. Оның бір тамшысы үшін күніне 3-4 шақырым бағындырылуы мүмкін. Негізінен бал жинаудың қызған шағында жұмысшы аралар 35 күн өмір сүрсе, аналарының ғұмыры 8 жылға дейін жетуі ықтимал.
Белсенді кезеңде бір ұядағы аралардың саны 70 мыңға дейін жетуі ықтимал. Ал бір аналық ара тәулігіне 1800 жұмыртқа тастауы ықтимал. Аралар ұясындағы температура +30 градустан төмендемейді.
– Аралар бейтаныс адамға бірден шабуылдаса, өзінің иесін шақпайтын болар?
– Аралар өздеріне күнделікті бас-көз болатын адамды шағуы ықтимал. Бірақ олар ешуақытта бірінші шабуылдамайды. Аралар тек өздерін қорғау мақсатында адамды шағады. Мәселен, олардың бірін кездейсоқ қысып қалуың мүмкін. Бастапқыда мен де мұндай жағдайларға тап болдым. Бірақ аралармен қалай дұрыс жұмыс жасауды білсең, шағу қаупі туындамайды. «Сақтансаң – сақтаймын» демекші, өз басым тек бетперде киемін. Ал қолғаппен жұмыс істеу – мен үшін ыңғайсыз. Аралардың мінезін тереңірек зерделеу үшін түрлі әдебиеттерді парақтап, білімімді шыңдаймын. Израильде омарташылық бойынша 3 ай оқыдым. Ендігі жоспар –магистрлік дәрежені иелену.
– Тек бал өнімдерін өндірумен шектелмей, косметикалық бұйымдарды дайындауды да оң жолға қойдыңыз. Оның сапасы және адам терісіне әсері қаншалықты мұқият тексеріледі?
– Жаз келісімен, күні-түні омарталардың қасынан шықпаймыз. Мен үшін бірінші кезекте аралардың жай- күйі аса маңызды. Ал қолым қалт еткенде, табиғи косметикалық бұйымдарды дайындаймын. 6 жыл бұрын бұл менің ермегім ретінде басталып, енді сүйікті ісіме айналып отыр. Әрбір өнімде менің өзімдік қолтаңбам бар. Әрбір крем, сабын немесе скраб тек қолмен дайындалады. Бұл ерекше ыждаһаттылықты, жауапкершілікті талап етеді. Кез келген өнімнің сапасын, теріге әсерін мұқият сынаймыз және тексереміз. Мәселен, кремді өзім және құрбыларым жарты жыл бойы қолдандық. Бет терісі әр адамда әртүрлі екендігі белгілі. Сондықтан ортақ пікір негізінде өнім құпталса, ол сауда сөресіне жайғастырылады. Ал егер олқылықтары табылса, онда құрамы қайта жіті назарға алынады. Косметикалық бұйымдарға ешбір химиялық қоспа қосылмайды. Мен тек табиғи заттарды ғана қолданамын. Оның ішінде емдік қасиеті бар бал өнімдері мен табиғи майлар кеңінен кәдеге жаратылады.
– Оның құрамын іріктеуге, нақты рецептіні дайындауға қанша күн жұмсалады?
– Оның құрамына қосылатын заттарды 2 күн ішінде іріктеп, рецептін әзірлеймін. Дайын сабын орташа алғанда 2 ай бойы сыналады. Егер оның теріге жағымсыз әсері байқалмаса, онда саудаға жол тартады. Бастапқыда сабындарға тек әйелдер ғана қызығушылық танытады деп ойладым. Бірақ бұл пікірім шындыққа мүлде жанаспайтынына көзім жетті. Керісінше, сабындарға ерлер тарапынан да сұраныс жоғары. Олар оны тек тарту-таралғы үшін ғана сатып алмайды, көбіне өздері қолданады.
– Бал өнімдері қосылған косметикалық бұйымдарға сұраныс бар ма?
– Әлбетте. Тұрақты тұтынушылар тарапынан шашқа арналған шампуньдерге, түрлі маскалар мен скрабтарға сұраныс түсуде. Алдағы уақытта бұл бағытта да ізденіп, жаңа өнімдермен қуантамын деген ойдамын. Әзірге менің қолымнан шыққан сабынның 12 түрі тұрақты түрде сатылады. Жақында оның тағы 3 түрін ойлап таптым: біріншісі – кофе, ешкі сүті, кокос, ши майы қосылған скраб сабын, екіншісі –құрамында бал мен ешкі сүті бар сабын, үшіншісі – қырмызыгүл, прополис, деготь, эфирлі майдан тұратын проблемалық бет терісіне арналған сабын. Сонымен бірге бетке арналған 4 крем, ерінге арналған бальзам, қолға арналған крем дайындаймын.
– Бұл өнімдерді дайындау көп еңбекті, күш-жігерді және уақытты талап ететіні белгілі. Оларды өткізуде қиындықтар туындамайды ма?
– Бал өнімдерін және косметикалық бұйымдарды өткізуде ешбір қиындықтар туындамайды. Петропавл қаласында үш сауда нүктеміз ашылған. Өзіміздің тұрақты клиенттеріміз де бар. Олардың пікірлеріне құлақ асамыз, ұсыныстарын жерде қалдырмаймыз.
Сонымен бірге Астана мен Алматыда, өзіміздің қаламызда өтетін ауылшаруашылық жәрмеңкелерге тұрақты түрде қатысамыз. Бүгінде біздің өнім тұрғындар үшін таңсық емес.
– Баға саясаты қандай? Ең арзан және ең қымбат балдың құны қандай?
– Баға саясатына келсек, оның барынша қолжетімдігіне баса назар аударамыз. Сабынның бағасы әртүрлі: 300-1200 теңге аралығында. Кремдер 600-1000 теңгеге ұсынылады. Ал балдың ең арзаны 1400 теңге тұрса, ең қымбаты 6 мыңға жетеді. Алғашқысына күнбағыстан жиналған балдың түрі жатады. Бізде оның көлемі басым. Сондықтан бағасын төмендеттік. Ал пресстелген балдың құны неге жоғары? Себебі ол бұрынғы әдіспен алынады әрі көп еңбекті талап етеді. Бұл мақсатта ағаш пресс және ара өнімдер қолданылады. Дайын бал жөке бөшкеде сақталады.
– Бал өндіру барысын оңтайландыруға талпыныс пен мүмкіндік бар ма?
– Келешекте аралар ұясының санын 2 мыңға жеткізу – менің басты арманым. Әрине, бұл ретте еңбек өнімділігін арттырып, жұмысты автоматтандыруға баса назар аударылады. Мәселен, мен Израильде омарташылық бойынша білімді шыңдап, тәжірибе алмастым. Онда 5 мың ара ұясына бар-жоғы 4 адам бас-көз болады. Біз де оған талпынуымыз қажет.
– Биыл «Қазақстанның үздік тауары» республикалық байқау-жәрмеңкесінде екінші мәрте бақ сынайсыздар. Бұл жолы көпшіліктің назарына қандай өнім ұсынылады?
– Әлбетте, сөзіңіздің жаны бар. 2017 жылы алғаш рет «Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауына жолымыз түсіп, көпшіліктің назарына бал өнімдері ұсынылды. Оған қатысушылар арасында бәсекелестік жоғары болғандықтан, жүлделі орын бұйырмады. Сондықтан биыл тағы да бағымызды сынауды ұйғардық. Байқаудың өңірлік деңгейінде «Халық тұтынатын үздік тауарлар» аталымында топ жардық. Енді республикалық деңгейдегі байқауда косметикалық бұйымдарымызды таныстырамыз.
– Тұшымды сұхбатыңызға рахмет. Қолыңызға алған кәсіп тек табысқа жетелесін!
Венера Мұстафина
10.09.2018 ж. мақала