ӘКК тауар өндірушілердің сенімі бар ма?
Өңірлерде әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар қызмет ететіні мәшһүр. Олар жергілікті деңгейдегі әлеуметтік-экономикалық саланы дамытуды баса назар аударған. Айқындалған міндет қаншалықты жүзеге асырылуда? ӘКК тиімді ме? Қандай салаларға баса назар аударылған? Бұл бағытта Алматы облысындағы «Жетісу» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Руслан Ғалиевпен тілдестік.
– Алматы облысында басымдыққа ие техникалық дақыл – қант қызылшасына қаншалықты қолдау көрсетіледі?
– Бұл бағытта біздің «Жетісу» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының міндеті – сервистік-дайындау орталықтарын (СДО) құру. Бірінші кезекте қант қызылшасына баса назар аударылған. Бүгінде облыс бойынша 29 СДО құрылған. Олардың дені қант қызылшасы бағытында. Техникалық дақылды белсенді түрде себетін аудандарда 2-3 СДО бар. Олар барынша суармалы жерлерді қамту үшін тиімді орналасқан. Жылда СДО саны артып, құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіледі. Онда көктемгі дала жұмыстары мен күзгі орақ науқанына қажетті техниканың толық жиынтығы сатып алынады: егістіктерді жырту, суару, тыңайту, культивациялау. Комбайндар, сепкіштер, бүріккіштер – оның бір парасы. Құрал-жабдықтар заманауи. СДО сүдігерді жыртудан бастап күзгі жиын-терімге дейінгі қызметтерді көрсетеді.
СДО соңғы уақытта мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде құрылуда. Шынтуайтында келгенде, бұл техника лизингі.
Бүгінде 29 СДО арасында үшеуінде түйткілдер туындап отыр. Туындаған мәселелер әртүрлі. Төлемдердің дер кезінде төленбеуі – оның бір себебі. Бірақ оған қарамастан, жалпы бағдарлама іс жүзінде орындалуда. Ешкім қағаз үшін жұмыс істемейді.
– Қаншалықты тауар өндірушілер СДО қызметін пайдаланады?
– Олар СДО қызметін 100 пайыз пайдалана алады. Оның барысы әкімдік тарапынан зерделенеді. СДО қызметінің тиімділігі үнемі назарда. Олар барынша қолдағы егістіктерді ысырапсыз жинауға көмектесуі қажет. СДО қызметі тегін емес. Олардың техникасын пайдалану үшін тауар өндіруші қалтасынан қаржы төлейді. Бағасы бекітілген. Сондықтан өзінің техникасын ұсынатындар үшін бұл тиімді. Айналасындағы шаруалардың алқаптарын жинауға көмектесумен қатар кіріске кенеледі. Барлық комбайндар қатаң түрде қай күні қандай шаруашылықта болатыны алдын-ала бекітіледі.
– «Жетісу» қант қызылшасын өсіретін тұрғындар тұқым ұсынатыны белгілі. Бұл қаншалықты шаруашылықтар үшін тиімді?
– Әлбетте. Биыл 9 м ың гектар а лқапқа тәтті т үбірдің тұқымы сатып алынса, келесі жылы көрсеткіш 11 мыңға дейін ұлғаймақ. «Жетісу» ӘКК бүгінде Алматы облысындағы 720-ға жуық шаруа қожалығына тұқым ұсынады. Меніңше, бұл қант қызылшасын өсірушілердің 90 пайыздан астамы. Алдын-ала төлемақы деген атымен жоқ. Есеп айырысу күзгі өнім негізінде жүргізіледі. Тұқымның сапасы жоғары. Сұрыпы франциялық және неміс. Оның операциялық кезеңі 9-10 ай. Диқандар тұқымды ақпан немесе наурыз айында бізден алса, оның ақысын қараша айында төлейді. Бұл бағытта дебиторлық қарызды жинау көрсеткіші 99 пайызды құрайды. Оған қалай қол жеткіздік деген сауал туындауы ықтимал. Оң жолға қойылған жұмыс жүйесі бар. Тауар өндіруші тапсырылған өнімнің ақысын алу үшін зауыттың есепшісіне ғана емес, сол жердегі біздің маманға да жүгінеді. Оның тарапынан тиісті өтінім жазылып, оның қарызы сол сомадан ұсталады.
Егер дебиторлық жинау бізде секілді жоғары болса, бұл тиімді екендігі сөзсіз. Себебі ӘКК бір теңгеге алып, дәл сол бағаға сата алмайды. Оған қосылатын үстемеақы мөлшері төмен.
– Сонда ӘКК-ға тауар өндірушілердің сенімі бар ма?
– Шаруалардың қант зауытына және ӘКК сенімі қалыптасқан. ӘКК тиімділігі дистрибьюторда іспетті емес. Қаржы – мемлекеттік. Сондықтан одан ешкім пайда табуға тырыспайды. Техника, тұқым ұсынылады. ӘКК 2017 жылдан бастап қосымша бағыт бойынша қолдау көрсетеді. Өсімдіктерді қорғау құралдары, яғни гербицидттер де алдағы жиналатын өнімге беріледі. Маңдай термен еңбек еткің келсе, егіншілікте біліп-түйгенің болса, онда жол ашық.
– ӘКК қызмет аясын кеңейту жоспарда бар ма?
– Біздің ұсынатын қызметіміздің аясы кеңеюде. Гербицидтпен қатар алдағы уақытта тыңайтқыштарды да ұсыну жоспарланған. Оның ішінде қант қызылшасының егіс айналымындағы дақылдардың тұқымы бойынша да қолдау қарастырылмақ: соя, люцерна. Болашақта кредиттік серіктестікті құруды және нарықтық тәсілдер арқылы қаржыландыру ұсынуды көздеп отырмыз. Бұл бізге де әрі тауар өндірушілер үшін де өзара тиімді әріптестік: ӘКК үшін – тиімділігі шағын бизнес болса, шаруа қожалықтары үшін «бір терезе» қағидасымен қызмет ететін супермаркет іспетті.
– Өңірдегі қант қызылшасының қазіргі тынысын қалай бағалайсыз?
– Өткен жылы аймақтағы қант қызылшасының алқабы 7 мыңға жуық еді. Биыл оның көлемі ұлғайды. Жалпы 9 мың гектарға тәтті түбір тұқымы себілді. Күзгі жиын-терім науқаны бойынша оның 98 пайызы жиналды. Гектар берекелігі аудандар бойынша әртүрлі. Өнімділігі орташа алғанда 200-500 центнерден айналады. Бізде биыл Ақсу қант зауыты қант қызылшасын қабылдай бастады. Оның қуаттылығы қолданыстағы Көксу қант зауытына қарағанда 2 е се ж оғары. С ондықтан қ ант қ ызылшасы алқаптарын ұлғайтумен қатар оның өнімділігін арттыру керек. Әсіресе, Ақсу, Сарқан, Алакөл аудандарында. Келесі жылы қант қызылшасының алқабын 11-12 мың гектарға арттыру межеленген.
– Шаруалар тарапынан техникалық дақылға қызығушылық бар ма?
– Негізінен ауылшаруашылық тауар өндірушілердің қант қызылшасына қызығушылығы жоғары. Бұл әуелі дақылдың нарықтағы тиімділігімен байланысты. Мемлекеттік қолдауды қаперге алсақ, тәтті түбірді өсіру өте тиімді. Егер қант қызылшасының өнімділігі орташа алғанда гектарынан 400 центнер жиналса, оның берекелігі сезіледі. Қант қызылшасы – техникалық дақыл. Оны өсіре білу қажет. Арнайы техниканы, құнарлы жерді, суаруды, дер кезінде гербицидтер мен тыңайтқыштарды пайдалануды талап етеді. Соны соң технологияларға да қол сілтеуге болмайды. Оның ішінде тамшылатып суару жүйесінің өзіндік артықшылықтары бар.
Венера Мұстафина