Кәсіпкерлікті бастауға қадам нық па? (талдау үшін)
Бүгінде өз ісін ашуға ниет білдіргендердің қатары қалың. Алтын бесік ауылдардың тұрғындары күнкөріс қамында жеке кәсіптерін дөңгелетуге тырысып бағуда. Бірі қолдағы қаржысын кәдеге жаратса, екіншілері мемлекеттік қолдауға иек артады. Шағын несие беру – өзін-өзі еңбекпен қамтыған және жұмыссыз тұрғындардың арасында жаппай кәсіпкерлікті дамыту жолындағы жұмыстардың бір парасы. Бүгінде оған қол жеткізгендер қандай кәсіп ашты, қолға алған істерінің бағыты қандай?
Қызығушылық жоғары
Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіп- керлікті дамыту бағдарламасы аясында «Бастау Бизнес» бағдарламасы 2017 жылы өмірге жолдама алған. 3 жыл ішінде 76 мыңнан астам адам кәсіпкерліктің негіздеріне үңілді. Оның ішінде 20 298 қазақстандық тұрғын өздерінің кәсіпкерлік жобаларын қорғап, мемлекеттік қолдаудың шапағатын сезінді. Орта есеппен бір жобаның құны 3,3 млн теңгені құрайды. Бағдарлама аясында өз ісін бастаған тұрғындарға берілген шағын несиенің жалпы көлемі 35 млрд теңгені құраған. Ал өз кезегінде олардың шығарған өнімдерінің құны 50 млрд теңгеден асып жығылған көрінеді. Есеп-қисабын шығарған «Атамекен» ҰКП 1 теңге көлеміндегі мемлекеттік қолдауға өсім 1,8 теңгені құрағанын алға тартып отыр.
2017 жылы бағдарлама бойынша білім алғандардың 20% қызмет көрсету саласын таңдаса, 80 пайызы ауыл шаруашылығына бет бұрған. Оның ішінде ата кәсіпке ден қойғандардың үлесі басым. Етті және сүтті бағыттағы мал шаруашылығына, Шо- пан ата мен Қамбар ата түлігін көбейтуге қызығушылықтың бары байқалады. 2018 жылы бағдарлама қатысушыларының 72 пайызы жеке кәсібін агроөнеркәсіптік кешенмен сабақтастырған.
– Ауыл шаруашылығы министрлігі 2018 жылдан бері «Еңбек» бағдарламасының екінші бағыты саналатын бағдарламаның операторы болып табылады. Бұл бағыт бойынша 2019 жылы 75 мың адамды оқыту жоспарланған. Кемінде олардың 20 пайызы кәсібін ашады немесе кеңейтеді деген үміт бар. Бұл бағытта 5,9 млрд теңге бөлінді. Оның ішінде 1,5 млрд теңге жастар жылы аясында екі қолға бір күрек таба алмаған және оқымайтын кейінгі толқын өкілдерііне бағытталды. Бүгінде 33 мың адам немесе жоспарланған адам санының 44 пайызы оқытылды, – деп мәселенің мән-жайын Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров ортаға салды.
2017 жылы жұмыссыз немесе өзін-өзі қамтыған 15 мың адам оқытылды. Олардың 22 пайызы немесе 3 314 адам тәуекелге бел буып, өз ісін ашты. Жеке кәсіппен айналысуға ұмтылғандардың қатары артып келетіні қуантады. 2018 жылы 28 мыңнан астам адам білім көкжиегін кеңейткен. Өздерінің кәсіпкерлік жобаларын қорғаған олардың 27 пайызы немесе 7692 адам несиеге және грантқа қол жеткізіп, кәсіпкерлікке қадам басқан. Биылғы 9 ай ішінде 32 923 адам бағдарлама бойынша білімдерін шыңдады. Оның 9 мыңы өз ісін ашып, оның тасын өрге домалатуға талпынып отыр.
Өнімді өткізу тізбегі нысанаға алынған
Бүгінде «Бастау-Бизнес» бағдарламасы 160 ауданда жүзеге асырылып отыр. Оған өзін-өзі қамтыған азаматтар, көпбалалы және тұрмысы төмен отбасылар, жұмыссыз әрі оқымайтын жастар да тартылған.
Бір ерекшелігі, биыл бағдарламаға өзгерістер енгізілген. Оның әдістемесін жетілдіру ұйғарылған. Егер бұған дейін білімін шыңдаған қатысушылар кәсіпкерлік жобаларын сәтті қорғаса, сертификат берілген және қаржы алу мүмкіндігіне жол ашылған. «Атамекен» ұлттық кәсіпкер- лер палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметовтің сөзінше, енді оқу курсынан кейін бизнес-жоспарда ұсынылған өнімге сұраныс скрининг арқылы анықталады. Егер ауыл шаруашылық кәсіп болса, онда бағдарлама қатысушыларының үлкен тауарлы экономикаға кіруіне жағдай жасау көзделген. Ет немесе сүт фабрикаларымен кооперация құру мүмкіндігі бар. Осылайша «Бастау- Бизнес» қатысушыларын өнімді өткізу тізбегіне тарту көзделген. Мәселен, Ақ Жайық өңірінде бағдарлама бойынша білім алған 26 батысқазақстандық тұрғын бірігіп, «Кублей» ЖШС ет тапсыруды жолға қойған. Ал 26 адам күш-жігерлерін сүт өндірісіне жұмылдырып, ақты қатты ірімшік шығаратын компанияның біріне тапсырады. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген ұстанымға қостанайлықтар да берік. Өңірдің 10 тұрғыны бірігіп, жергілікті сүт өндіретін компанияларға шикізат жеткізеді.
Қолдаудың шапағаты
Бағдарлама қ атысушылары кәсіпкерлік жобаларын сәтті қорғаса, олар шағын несиеге үміттене алады. Ауылдық жерлерде несиенің орташа сомасы 4 миллион теңгеге жуықтаса, қалада 11 миллион теңгеге жеткен. Биыл шағын несиелендіруді кеңейту мақсатында Ұлттық қордан қосымша 20 млрд теңге үлестіріліп, оның жалпы көлемі 83 млрд теңгені құрады. Оның 60 млрд теңгесі ауылдық жерлерге бағытталса, қалғаны қалаға бұйырады. Оның арқасында 19 мың азамат шағын несиеге қол жеткізеді деп күтілуде. Бүгінде 9 мыңнан астам адам шағын несиені рәсімдеп, жеке кәсібін кеңейтті немесе өз ісін ашты.
Ауылдарда несиенің 80 пайызы мал шаруашылығына, 9,6% қызмет көрсету саласына, 6% көлік, 2,7% өсімдік шаруашылығына рәсімделеді. Ал қала тұрғындарының таңдауы өзгерек: 30% жуығы сауда, 15,3% өнеркәсіп, 12,4% құрылыс, 8,5% ауыл шаруашылығы салаларында өз ісін дөңгелетуге ниет білдіріп, мемлекеттік қолдауға ие болған. Шағын несие алушылардың 74 пайызын өзін-өзі қамтыған жандар, 22% жұмыссыз азаматтар құ- райды. Аз қамтылған отбасылардың үлесі 1,5%, мүмкіндігі шектеулі жандардың қатары 2,5% тең. Шағын несие алғандардың 90% ауылдық жерлерде түтін түтетеді. Бір қызығы, өз ісін ашуға ниет білдіргендер арасында ерлердің үлесі басым. Шағын несие рәсімдегендердің 70 пайызға жуығы ер азаматтар болып табылады.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетовтің айтуынша, бағдарлама аясында өткен жылдан бері мемлекеттік гранттар беріледі. Олар қайтарымсыз. Биыл мемлекеттік қолдаудың бұл түрін 38 мың адам иеленеді деп күтілуде. Оның бір бөлігі 100 АЕК, екіншілері 200 АЕК көлемінде мемлекеттік гранттың шапағатын сезінбек. Ресми деректерді тергіштесек, әзірге 7 мыңнан астам адам оған ие болған. Гранттардың 33 пайызы мал және құсты сатып алуға қолданылған.
Енді «Бастау-Бизнес» жобасына қатысушылардың санын ұлғайтып, өз ісін ашқандар немесе кеңейткендер санын 20-дан 30%- ға дейін жеткізу көзделіп отыр.
Өткізу нарықтары кеңеймек
Тынымсыз еңбекті қажет ететін мал шаруашылығына жас бет бұрғандардың қатары қалың. Төрт түлікті бағудан жастар да ат тонын ала қашпайды. 2018 жылдың екінші жартысынан етті мал шаруашылығын дамыту бағдарламасы қар- қын алған. Оның аясында шағын және орта шаруашылықтар нысанаға алынды. Мәселен, биылғы 8 ай ішінде «Сыбаға» бойынша 730 шаруашылық 71,5 мың ірі қараны, 282 қожалқы 156 мыңнан астам ұсақ малды сатып алуға қаржыландырылған.
– Сүтті мал шаруашылығын дамыту бағдарламасы аясында 25 сүт-тауарлы ферма қолданысқа берілді. Олардың жалпы қуаттылығы 6 мың бас ірі қараны құрайды. Бірақ бұл – жеткіліксіз. Министрлік алдында олардың санын ұлғайту міндеті тұр. Бүгінде қуаттылығы 1180 бас малға жететін 1 өнеркәсіптік және 6 отбасылық сү т-тауарлы фермасы ашылды. Биылғы 8 ай ішінде ұйымдастырылған шаруашылықтар 1,1 млн тоннадан астам сүт өндірді, – деп ата кәсіптің бүгінгі тынысына ҚР Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Айдарбек Сапаров кеңінен тоқталды.
Өнімді өткізу нарық-тарының қолжетімдігін қамтамасыз ету және экспортты дамыту жолдары да қаперге мықтап алынған. Атқамінерлердің сөзіне сүйенсек, аспан асты еліне қазақстандық өнімнің 17 тобын жеткізуге жол ашық. Оның ішінде балық өнімдері, мұздатылған қой еті, бал, сұйық май, ұн және т.б. бар. Сонымен бірге жақында сүт өнімдерін, теріні және зығырды экспорттау бойынша хаттамаға қол қойылған. Айдарбек Сапаровтың сөзіне сүйенсек, қыркүйек айының соңында құрама жемді және шошқа етін Қытай нарығына тасымалдауға рұқсат беретін хаттама мақұлданады деп күтілуде.
Венера Мұстафина
Мақала «АгроИнфо» газетінің 30.09.2019 ж. №17 (211) жарияланды.