Бидай себілмей қалса, карантиннен соң нансыз қалмаймыз ба?

Қазір күллі әлем күрделі кезеңге тап келді. Коронавирус пандемиясының салқыны барлық салаға тиіп жатыр. Біраз мемлекет осы тығырықтан шығу үшін сыртқа шығаратын азық-түлік көлемін азайтты. Қазақстан да бірқатар өнімдерден бөлек, бидай мен ұн экспортына шектеу қойды. Толықтай тыйым салған жоқ. Белгілі бір мөлшерде шектеді. Күшейтілген карантин кезінде бидайды өзгені айтпағанда, өзімізге жеткізе аламыз ба? Отандық мамандарды алаңдатып отырған да осы мәселе. Бұл туралы aikyn.kz сайты хабарлады.

Иллюстративное фото: ©DESPIERRES / pixabay.com

Карантиннің қашанға дейін созылатыны белгісіз. Азық-түлікке қойылған шектеуді ұзаққа созу экономикаға кері әсер етуі мүмкін, алайда қазір ішкі нарықты қамтамасыз ету маңызды мәселе болып отыр. Бидай мен ұн экспорты Ауыл шаруашылығы белгілеген ай сайынғы квота шеңберінде жүзеге асырылатын болды.

Елімізде жылына 20-18 млн тонна бидай өндіріледі. Оның шамамен 12 млн тоннасы ішкі нарықты қамтамасыз етсе, қалғаны өзге елдерге экспортқа шығарылатын. Мамандар жер бетін қауіпті індет жайлаған кезде экспортты айтпағанда, егістіктен өзімізге жететін 12 млн тонна бидайды ала аламыз ба деп алаңдап отыр.

– Егін егу науқанын жүргізіп жатқан ауыл шаруашылығы ұйымдары, компаниялар жұмысының тоқтап қалу қаупі бар. Өйткені көбісі қазіргі жағдайға байланысты жұмысшыларын үйіне жіберіп жатыр. Егін уақытында егілмесе, өнім қайдан болады? Жұмыс тоқтамау керек. Аз уақыттың ішінде егіп алуға болады. Жұмысшыларға айлығын беріп, жағдайын жасаса жөн болар еді. Дәл қазіргі уақытта осыған мән беруіміз керек. Егінді уақытында екпесек, бидаймен өзіміздің ішкі нарықты қамтамасыз ете алмай қалуымыз мүмкін, –  дейді Қазақ егіншілік және шаруашылық ғылыми-зерттеу институтының Жемдік дәнді-дақылдар бөлімінің меңге­рушісі, биология ғылым­дарының кандидаты Қалдарбек Құрақбайұлы.

Еліміздің оңтүстік өңірінде күн ерте жылитындықтан, диқандар бидайын егіп қойды. Ал солтүстіктегілер сәуірдің ортасында кіріссе, Орталық Қазақстандағылар мамырда бастауға дайындалып отыр. Салыстырмалы түрде қарайтын болсақ, бидайдың негізгі, яғни басым бөлігін Солтүстік өңір береді.

Ауыл шаруашылығы министрлігі кейінгі кезде еліміздегі  бидай егетін алқаптың көлемін азайтып, гектарынан алынатын өнімді көбейтуге күш салып жатыр. Ол үшін заманауи техника мен сапалы тұқым керек. Қазір шаруашылықтағы күрмеуі қиын мәселе осы болып тұр.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған мәлімдемесінде көктемдегі егіс жұмыстарын уақытылы жүргізу маңызды екенін айтып, осы мақсатқа  мемлекеттік бюджеттен 70 млрд теңге бөлінетінін жеткізген еді. Мұнымен қоса «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында қосымша 100 млрд теңге қарастыруды тапсырды. «Үкіметке ауыл шаруашылығы өнімін шығаратындар үшін дизель отынының бағасын литріне 165 теңгеге немесе нарықтық құнынан 15%-ға төмендету туралы тапсырма беремін. Ол үшін жеңілдетілген бағамен шамамен 390 мың тонна дизель отыны бөлінеді», – деді Президент.

Жасыратыны жоқ, арнайы бағдарлама арқылы несие алуға көбісінің шамасы келмей жатады. Өйткені несібесін жерден іздеген ауылдағы ағайынның кепілдікке қоятын мүлкі немесе жаңа техникасы жоқ, жанармай да оларға жеңілдетілген бағамен жетпей жатады. Мұндайда шаруа не істейді? Амал жоқ, қолда бар дүниемен тіршілік қылуға мәжбүр.

Түркістан облысы Көксәйек ауылының тұрғыны Болат Орманов он жылдан бері бидай егумен айналысып келеді. Биыл 7 гектар алқапқа бидай тұқымын сепкен шаруа жерді тыңайту үшін алғашында жоңышқа еккен екен. «Қырдың төбесін төрт ауыл бөліп алғанбыз. Әркім құжат бойынша алған жеріне егінін егеді. Биыл 7 гектарға бидай ектім. Техника жетіспейді. Лизингке алатын трактор, комбайндар өте қымбат. Оны алу үшін кепілдікке қоятын мүлік жоқ. Ауылға жалдамалы тракторлар келеді. Сағатына аламыз. Соның өзі жетіспей жатады. Бидай егудің арқасында ұн сатып алмаймын. Көрші ауылда диірмен бар, содан өткізіп аламын. Өз нанымызды өзіміз табу үшін тіршілік етіп жатырмыз», – дейді ол.

Не ексеңіз де, мол әрі сапалы өнім алу үшін сапалы тұқым себуіңіз керек. Өнімділік тұқымға тікелей байланысты. Елімізде жүйелеуді, бірізге түсіруді қажет етіп тұрған саланың бірі – тұқым шаруашылығы. Мамандар бұрынғы жүйені енгізсек, ұтар едік деп отыр.

– Кеңес Одағы кезінде тұқым шаруашылығының арнайы жүйесі болатын. Республикада өсірілген тұқым одаққа тарайтын. Диқандар сапалы тұқым алып отыратын арнайы мемлекеттік мекеме болғаны дұрыс. Қазір көбі жекеменшікке өтіп кетті. Кім қандай тұқым сеуіп жатыр? Оны тексеріп жатқан ешкім жоқ. Қолында не бар, соны егіп жатыр, – дейді  Қазақ егіншілік және шаруашылық ғылыми-зерттеу институтының Жемдік дәнді-дақылдар бөлімінің меңге­рушісі, биология ғылым­дарының кандидаты Қалдарбек Құрақбайұлы.

P.S. Қалай десек те, қазіргі нарық заманында табиғи таза өнімді өндіріп отырған – ауылдағы диқандар. Ерте көктемнен бастап ала жаздай еткен еңбек, төккен тер еш кетпеуі керек. Ал табиғи өнімді тұтас халық толық тұтына алу үшін, әрине шаруалардың жайын көбірек ойлап, жағдайын жасау керек.

Поделиться материалом

Читать ещё

  • Опрос

    Каковы перспективы у запрета на импорт пшеницы в РК?

    Показать результаты

    Загрузка ... Загрузка ...
  • Архивы