Ел ырысы: биылғы сары алтынның ахуалы қалай? (талдау үшін)

Биылғы егіс науқаны оңтайлы мерзімде басталды және аяқталды. Барлық технологиялар сақталған. Дәннің шығымдылығы да көңілге қуаныш ұялатқан. Алайда негізгі астықты өңірлердің бірінде табиғат то­сын мінез танытқан. Сондықтан атқамінерлер ел қамбасына құйылатын сары алтынның көлемі өткен жылғыдан төмендеу болатынын алға тартып отыр.

Иллюстративное фото: из открытых источников
Фото: Ашық дереккөздерден алынды

Нан бар жерде ән бар

 Оған Жанат Сәриева көз жеткізген. Ақтөбелік нәзік жан дастарханның сәнін келтіріп, ауылдастарының ризашылығына бөленуде. Шағын наубайхана 2003 жылы Алға қаласында құлашын кеңге жайды. Әуелі тек нан және батон пісірілсе, бүгін­де өнімнің 28 түрі сатылады. Оның ішінде бөлке нанның түр-түрі, тоқаш, бәліш бар.

– Біз бағаның қолжетімділігіне баса назар аударамыз. Нан өнімдері қымбат болса, бұл жергілікті тұрғындардың қалтасын қағады. Бірақ күнделікті нанды пісіру­ге қажетті өнімдердің бағасы бір орында тұрмай, өсетіні белгілі. Барлығы астықтың әрі ұнның бағасына байланысты. Мәсе­лен, бір ай бұрын бірінші сұрыпты ұнның бағасы 98 теңге болса, бүгінде 110-113 тең­ге аралығында сатылады. Сондықтан нан­ның бағасына 5 теңге қосуға тура келді, – деп кәсіпкер сыр шертті.

Бүгінде шағын наубайханада тәулігіне 2,5 тонна нан өнімдері пісіріледі. Күнделік­ті иленетін қамырдың көлемі сұранысқа әрі сатылымға байланысты құбылады. Экологиялық таза және сапалы нан өнім­деріне көрші аудандардан да сұраныс бар. Қамыр илеудің технологиясы қатаң сақта­лады. Оны жетілдіруді Жанат Сәриева өз мойнына алған.

– Сұраныс көбейген соң, өндірістің қарқынын күшейту қажеттігі туындады. Мемлекеттік бағдарлама аясында 20 мил­лион теңгеден астам қаржыны жеңілде­тілген несие ретінде рәсімдедім. Оның арқасында швейцариялық және түр­киялық пештер мен құрал-жабдықтар­ды сатып алдым, – деп наубайхананың тыныс-тіршілігіне ақтөбелік кәсіпкер тоқталды.

Бүгінде наубайхананың тізгінін ұстаған Жанат Кәмелқызы 40 жуық ауылдасын жұмыспен қамтып отыр.

Ас атасы нан қымбаттай ма?

Бұл сауал бүгінде көпшілікті мазалайды. Бірақ әзірге алаңдауға негіз жоқ. Атқамі­нерлер әлеуметтік нанның бағасы өзгер­мейтінін алға тартып отыр. Бүгінде оның бағасы тұрақты: бір бөлкесі дүкен сөре­лерінде 78-ден 85 теңге аралығында сатылады. Егер астықтың бағасы шарықта­са, онда әкімдіктерге қарасты тұрақтан­дыру қорлары және Продкорпорация бұл бағытта жұмылдырылмақ.

– Бүгінде нанның бағасы қымбаттайды деп айту әлі ерте. Орақ науқаны аяқталып, барлық дән элеваторларға жол тартқан соң, биыл жиналған сары алтынның қан­шасы үшінші немесе төртінші әлде бесін­ші сұрыпты екендігін көреміз. Сол кез­де нанның бағасы, қымбаттай ма әлде жоқ па екендігі, туралы болжам жасауға болады. Министрлік күнделікті жағдайды назарға алып, сараптама жүргізуде. Әзір­ге нан бағасы тұрақты. Егер нан бағасы қымбаттағанның өзінде оның деңгейі болмашы болады. Бірақ әлеуметтік нан­ның бағасы өзгермейді. Себебі әкімдіктер тұрақтандыру қорларына ұн сатып алуда. Сонымен бірге Продкорпорация да бидай сатып алуда. Оны да нан бағасын тұрақтан­дыруға бағыттаймыз. Сондықтан әлеумет­тік нан бойынша мәселе жоқ, – деп түсін­дірді ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров.

Ауа райына тәуелдіміз

Биылғы тамыз айының соңына таман егістік алқаптарына комбайнның тісі тиген. Оған еліміздің негізгі астықты өңі­рлеріндегі диқандар қауымы да мықтап кіріскен. Алайда табиғат тосын мінезі аяққа тұсау салды. Белгіленген жоспарға ауа райы өзінің өзгерістерін енгізген. Қыр­күйек айының соңында еліміздің солтүсті­гінде және орталығында ауа температу­расы төмендеп, жаңбыр толастамады. Бұл өз кезегінде орақ науқанының барысына әсер етіп, оның қарқынын баяулатқан.

– Орақ науқаны басталған кезде апат ыстық орын алса, бұл кейін жаңбырлы күн­дерге ұласты. Егін жинау науқаны өте қиын жағдайда өтіп жатыр. Шындығын айту керек. Барлығы ауа райына байланысты болып отыр. Себебі негізгі 3 астықты өңір – Ақмола, Солтүстік Қазақстан және Қоста­най облыстарында 12-15 күн жаңбыр бол­ды. Күнара жаңбыр жауды. Осыған бай­ланысты әрбір қолайлы күнді барынша тиімді пайдаланған жөн. Өнімділікті арт­тыру шараларын қаперде ұстаған абзал. Сары алтынмен қатар майлы дақылдарды оңтайлы мерзімде жинау үшін мүмкінді­гінше комбайндардың екі ауысым бойын­ша алқапта болуын қамтамасыз ету қажет, – деп мәселенің мәнсін Айдарбек Сей­пілұлы ортаға салды.

Диқандар қауымы төгілген маңдай тер ақталады деп үміттенеді. Олар ел ырысын шашау шығармай, оны жинап алуға барын салды. Түркістан және Батыс Қаза­қстан облыстарында күзгі жиын-терім жұмыстары мәресіне жетті.

Қыркүйектің соңындағы мәліметтер­ге сүйенсек, элеваторларға 2,5 мил­лион тонна астық жеткізілген. Оның 58 пайызы үшінші сұрыпты бидай екенді­гі анықталған. Атқамінерлердің сөзіне сүйенсек, жиналған дәннің ылғалдылығы мөлшерден жоғары. Астықты кептіру үшін элеваторларға және кептіру құрылғылары бар астық токтарына қосымша 50 мың тон­на жағармай бөлінді.

Экспорттық әлеуетіміз қандай?

Болжам бойынша биыл ел қамбасы­на шамамен 17 миллион тонна сары алтын құйылмақ. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 3 миллион тоннаға неме­се шамамен 15 пайызға төмен. Сәуегейлік жасаған құзырлы министрлік алаңдауға негіз жоқ екендігін алға тартады.

– Шілденің бірінен астықты өңір Қоста­най облысында апат ыстық орын алған­дықтан, 8 аудандағы егіс алқаптары күйіп кетті. Орақ науқаны қолға алынған жерлерде өнімділік гектарынан 3-4 цент­нерден айналып отыр. Десек те еліміздің сары алтынға қажеттілігі 100 пайыз қам­тамасыз етілмек. Оның ішінде тұқымға, жемдік астыққа, ұн мен макарон өндірісі­не, өнеркәсіптік мақсаттарға қажетті дән жеткілікті болады деп ойлаймын, – деп биылғы ахуалды құзырлы ведомствоның өкілі жіпке тізді.

Бірінші кезекте астықпен ішкі нарық толық қамтамасыз етіледі. Ал артылғаны сыртқа жол тартады. Биыл дәнді дақылдың өнімділігі өткен жылмен салыстырғанда төмендеу болғандықтан, сыртқа дорбала­натын қазақстандық сары алтынның көле­мі де құлдилайды. Өзге елдерге 6 немесе 7 миллион тонна астық экспортталуы ықти­мал. Әзірге бұл тек болжам.

– Экспортқа жол тартатын сары алтын­ның көлемін алдын ала болжау оңай емес. Өткен жылмен салыстырғанда оның көле­мі төмен болады деп ойлаймын. 6 немесе 7 миллион тонна бидай экспортталуы мүм­кін, – деп экспорттың әлеуетін Айдарбек Сейпілұлы тергіштеді.

Еліміз бойынша сақтау сыйымдылығы 27 млн тоннаға тең. Оның ішінде нан қабыл­дау кәсіпорындарында 12,4 млн тонна, ал тауар өндірушілердің сақтау қоймалары 14,6 млн тонна дәнді сақтауға болады. Қолда бар сыймдылықтар биыл жиналған дақылды сақтауға жеткілікті.

Продкорпорация: сатып алу бағасы өзгерді

Қыркүйек айының басында үшінші сұрыпты бидайдың бағасы жариялан­ды: тоннасы 62 мыңнан 72 мың теңгеге дейін бағаланды. Бұл – нарықтық бағаны қалыптастыру үшін жасалған қадам. Атқа­мінерлердің айтуынша, трейдерлердің ұсынған бағасы жоғары болған, әлбет­те. Енді отандық ауылшаруашылық тау­ар өндірушілерді қолдау үшін Продкор­порация сатып алатын астықтың бағасын көтермек.

– Енді үшінші сұрыпты бидайдың бір тоннасы 70 мыңнан 76 мыңға дейін сатып алынады. Нақты құны дәннің сапалық көр­сеткіштеріне байланысты анықталатыны белгілі. Нарық үшін бұл жақсы баға. Бүгін­де Продкорпорация сары алтынды сатып алуға кірісті. Сатып алынған дән ас атасы нанның бағасын тұрақтандыруға бағыт­талмақ, – деп сөзін түйіндеді Айдарбек Сапаров.

Продкорпорация тек үшінші сұрыпты бидайды сатып алумен шектелмейді. Сонымен бірге 4-ші және 5-ші сұрыпты бидайдан жем қоры жасақталмақ. Оның арқасында еліміздегі мал мен құс шаруашылықтарына демеу көрсету қарастырылған.

Бүгінде атқамінерлер келесі жылғы егіс науқанына дайындық қамына кірі­скен. Диқандар қауымы тұқым қорын жасақтауды қолға алды. Бүгінде 1 мил­лион 600 мың тонна тұқым дайындалды. Бұл қажеттіліктің 60 пайызын құрайды. Бұл жұмыстар жалғасуда.

Венера Мұстафина

Мақала «АгроИнфо» газетінің 14.10.2019 ж. №18 (212) жарияланды.

Поделиться материалом

Читать ещё

  • Опрос

    Что чаще всего воруют рабочие вашего сельхозпредприятия?

    Показать результаты

    Загрузка ... Загрузка ...
  • Архивы