Ата кәсіпті дөңгелетудің сыры неде?
Бұл сауалдың жауабын тәжірибелі фермер Марат Қалықов тергіштеді. Шығыс Қазақстан облысында орналасқан шаруа қожалығы жергілікті нарыққа сүт әрі ет өнімдерін ұсынады. Аяғына нық тұрған шаруашылықтың нарыққа ұсынған өнімі тұтынушылардың сенім үдесінен шыққан.
1990 жылдардың басында экономикалық ахуал күрделі болатын. Әсіресе шағын қалалар мен ауылдардың тынысы тарылды: бір кездері аты дүркіреген өндіріс ошақтары тығырыққа тірелді, экономика құлдырады, жұмыссыздық жайлады. Тұрғындардың дені саудаға бой ұрды. Отбасын асырап, күнделікті нәпақа табу жолында шығысқазақстандық Марат Қалықов ауыл мен қала арасында жол салды. Ол семейліктерді ет пен сүт өнімдеріне қарық етті. Кейін бұл тұрақты кіріске кенелтетін кәсіпке айналды. Қолға алған істі дөңгелету оңайға соқпады. Бірақ ынта мен ықылас қашанда ырысқа жетелейтіні белгілі. Бүгінде Бесқарағай және Көкпекті аудандарындағы шаруашылықтың ісі ілгері басқан. Нарыққа ұсынылған өнімдер тұтынушылардың сенім үдесінен шыққан. Толық циклды мал шаруашылығы қаншалықты тиімді? Өнімді өткізуді қалай оң жолға қойған дұрыс? Бұл туралы «Қалиқанұлы» шаруа қожалығының жетекшісі Марат Қалықов арнайы сұхбат барысында кеңінен қозғады.
– Марат Қалиқанұлы, бүгінде «жеңілдің астымен, ауырдың үстімен жүруге» бой үйреткендер аз емес. Бейнеті көп, ауыр жұмыспен айналысуға құлықтылар аз. Тіпті шаруалар ауылда бақташы немесе жылқышыны шаммен іздеп табу қиын екендігін алға тартады. Сіз ата кәсіппен 14 жыл айналысып, қандай ой түйдіңіз?
– Әлбетте, сөзіңіздің жаны бар. Ауыл тұрғындарының күнделікті күйбең тірлігі мал шаруашылығымен біте қайнасқан. Оны тұрақты кәсіпке айналдырып, жетістікке жетуге әбден болады. Көпшілік қаланы аңсайды. Бірақ онда із салуға асығудың қажеті жоқ. Екі қолға бір күрек табу әрі баспана мәселесі туындайтынын қаперден шығармаған абзал. Сондықтан «алыстан арбалағанша, жақыннан дорбала» деген атам қазақтың сөзін ұстанған жөн.
Мен де 90 жылдары жүгімді арқалап, қалаға бет алдым. Бірақ сол кезде жаппай жұмыссыздық жайлағаны белгілі. Сол кезде күнделікті нәпақамызды ет пен сүттен таптық. Табиғи өнімдерді ауылдан тасымалдап, қалада саттық. Қалтамызға тиын-тебен түскен соң, ауылға оралдым. Мал өсіріп, оны көбейттік. Төгілген маңдай тердің жемісін бүгін көріп отырмыз. 1 мың шақырым жерден елордамызға келіп, өз өнімімізді паш етеміз деп ойламаған едік. Бас қалаға екі күнге әкелген 1 тонна 870 келі өнім бір күннің ішінде таусылды. Сондықтан тағы бір көлікті 1,5 тонна өніммен елордаға жөнелтуге тура келді.
– Бұл демалыс пен мереке демей, тынбай еңбек етудің жемісі екендігі сөзсіз. Ал сізді ата кәсіппен айналысуға кім жетеледі?
– 2005 жылы шаруа қожалығын құруға бел будым. Сол кезде әкем батасын беріп, өзінің ақыл-кеңесімен бөлісті. «Жақсы сөз – жарым ырыс» демекші, ақ бата адамды жігерлендіріп, бағын ашады. Тәуекелге бел буып, Көкпекті ауданында мал шаруашылығымен айналыса бастадым. Сол кезде ауылдарды аралап, ірі қараны таңдап, табынды көбейттім. Бастапқыда Зеңгі баба тұқымы 70-ті құраған-ды. Олардың дені ет бағытында, ал 10-ы сауын сиырлар болды. Сүтті Семей қаласының тұрғындарына ұсындық. Оны пастерленбеген әрі өңделмеген түрінде саттық. Аққа сұраныстың барына көз жеткізіп, қолдағы мал санын көбейту ұйғарылды. Бесқарағай ауданындағы Стеклянка деген ауылдан үлкен шаруашылықты сатып алдым. 2011 жылы Ресейден 150 бас сүтті красный степной тұқымды сиырлар әкелінді. Аяғымызға нық тұруға мемлекеттік қолдаудың да септігі тиді. Бүгінде сауын сиырлардың саны 600-ден асып жығылды.
– Көпшілік шикізатпен шектеліп, қайта өңдеуге аяқ басуға жүрексінеді. Ал сіз тәуекелге бел будыңыз.
– 2011 жылы Семей қаласында шағын сүт өңдеу цехын аштым. Цех пен сүт бағытындағы мал өсірілетін шаруашылықтың арасы 30 шақырым. Бір күнде 15 тонна сүт өңделеді. 17 түрлі сүт өнімдерін шығарамыз. Оның ішінде сүт, сары май, сүзбе, қоспа, қызыл ірімшік, қатық, айран, қаймақ және басқалары бар.
– Қайта өңдеу орындарында көбіне шикізат қат екендігі белгілі. Бұл бағытта қаншалықты қарапайым ауыл тұрғындарымен байланыс көпірі орнатылған?
– Әлбетте. Ауыл тұрғындарына демеу көрсетуге тырысамыз. Күнделікті өңделетін сүттің 40 пайызы біздің фермадан, қалған 60 пайызы ауыл тұрғындарына тиесілі. Бүгінде 4 ауданнан сүт жиналады. Елді мекендерде сүтті жинайтын әрі салқындататын модульдар орнатылған. Сүт тасымалдайтын көліктеріміз бар. Халық та риза. Себебі олар күнделікті сүттерін сауып, оны бізге өткізеді. Бізге де тиімді. Себебі әрдайым шикізат жетпейді.
Жаз мезгілінде сүттің бір литрі үшін ауыл тұрғынына 100 теңге төлейміз. Ал қысқа қарай сүт азаяды. Сондықтан сүт тапсырған тұрғындар ақтың бір литрі үшін 120 теңге алады. Мәселен, қазан айында сүтті 110 теңгеден сатып алып жатырмыз.
– Неліктен сүт өнімдерін нарыққа «Айша» деген брендпен ұсындыңыз?
– 2009 жылы сүтті шикізат түрінде емес, өңдеу қажет деген ой көкірегімді кернеді. Бұл менің Айша деген қызымның дүниеге келуімен тұспа-тұс келді. «Қыз – отбасының құт-берекесі» деп тектен текке айтылмаған. Үш ұлымнан кейін туған Айша үйімізге несібе, ырыс әкелді. Жұмысымыз да алға басты. Сондықтан сүтті нарыққа «Айша» деп ұсынуды ұйғардым.
– Бүгінде сауда сөрелерінде сүттің түр-түрі ұсынылған. Олардың ішінен табиғи әрі сапалы өнімді таңдаудың өзі оңай емес.
– Сөзіңіздің жаны бар. Көп сақталатын сүт өнімдерін де тұтындық. Оның ауызын ашсаң да, айлап тоңазытқышта сақтала береді. Оның құрамында не бар екенін білмейсің. Әйтеуір, түсі ақ. Соған иланасың. Шайымыз қызыл болып, соған алданасың. Әлі де мұндай сапасыз өнімдерді қолданатындар бар. Бірақ оның денсаулыққа зияны көп. Мәселен, біздің сүт тек 3 күн ғана сақталады. Айран мен қаймақ 7 тәулік сақталады. Бірақ бұл үшін оларды сақтау талаптарын ұстанған жөн. Ал мерзімі өтіп кетсе, өнімдеріміз ашып кетеді. Себебі олар – табиғи әрі таза өнім.
– Қаншалықты тұтынушылармен кері байланыс орнатылған?
– Барлық сауда павильондарында, қаптамалардың сыртында біздің байланыс телефондарымыз көрсетілген. Кейде тұрғындар апат ыстықта сатып алынған сүтті үйге жетпей, іріп кетті деп хабарласады. Бірақ біз қалжыңға ұластырып, «сіз ірімейтін, ашымайтын сүттен қорқыңыз» дейміз. Мұндайда мен бұл сүтті ауыстырып алыңыз, бірақ келесі жолы оны сақтау талаптарын бұзбауды өтінемін. Оны күнге емес, терезенің алдында емес, бірден тоңазытқышқа салу қажет. Табиғи сүт дұрыс сақталмаса, 1 тәулік ішінде іріп кетеді. Ал тоңазытқышта тұрса, үш күн қолдана аласыз.
– Сапалы өнімге сұраныс та қашанда жоғары екендігі хақ. Ақты өткізу оң жолға қойылған болар.
– Өнімдеріміздің дені Семей қаласында өткізіледі. Сонымен бірге Өскемен, Курчатов қалаларының сауда сөрелерінен де табылады. Мәселен, Өскеменге күнделікті түрде 2 көлік сүт өнімдерін тасымалдайды. Сұраныс өте жоғары. Қыл аяғы бүгін шығарылған өнім ертең кешке сауда сөрелерінен табылмайды. Халық та күнде шығарған өнімді сатып алуға әбден дағдыланған. Өзіміздің павильондарымыз, сауда нүктелеріміз бар. Семей әкімдігі қолдау көрсетіп, қаланың әртүрлі жерлерінен орын берді. Оның арқасында өнімді ешбір делдалсыз өндірушіден тікелей халыққа сатуға мүмкіндік бар. Бүгінде Семейде 9 павильон бар.
– Әдетте отбасылық бюджетке байланысты көсілетініміз рас. Өнім бағасы тұтынушылардың қалтасына с алмақ с алмай м а? С із ұстанған баға саясаты қандай?
– Мал жайлауға бет алған кезде сауда сөрелеріндегі сүттің бағасын төмендетеміз. Жұмсақ қаптамадағы пастерленген сүттің бір литрі жазда 160 теңге тұрады. Ал қысқа қарай 180 теңгеге сатылады. Себебі қар түскен кезде жиналатын сүттің көлемі азаятыны баршаға мәшһүр. Шығыс өңірінің қысы аяз, қары қалың. Десек те сүт бағасын тек 20 теңгеге көтереміз. Оған қала тұрғындары да дағдыланып алған. Бұл баға халыққа өте тиімді деп ойлаймын. Бағаны тұрақты ұстауға тырысамыз. 2011 жылдан бастап осы күнге дейін «бағаны өсіріп жібердіңдер» деп ешкім айтқан жоқ.
– Өнім бағасы қаншалықты нарықтың ахуалына тәуелді?
– Нарықтағы өзгерістерге тәуелді емеспін. Сүттің бағасын бірқалыпты ұстап отырамыз. Бізге теңге бағамының долларға шаққандағы өзгеруі немесе басқа өнімдердің қымбаттауы еш әсерін тигізбейді. Себебі малға қажетті жем-шөп қорын өзіміз дайындаймыз. 2 мың гектарға жуық егістік алқабы еншімізде бар. 15 мың гектарға жуық жайылым жалға алынды. Ешкімге алақан жаймаймыз. Малдың қысқы азығын өзіміз дайындауға мүмкіндігіміз бар.
– Толық циклды мал шаруашылығының арқасында кәсіптің тиімділігі артатын болар.
– Әлбетте. Бірақ оған бірден емес, біртіндеп қол жеткіздім. Әуелі тек мал өсірумен шектелсем, кейін өңдеуге бет бұрылды. Оның маңыздылығына әрі қажеттігіне көз жеткізген жергілікті әкімдік те қолғабыс етті. Толық циклды мал шаруашылығы тиімді екендігі анық.
– «Мал баққанға бітеді» деп бекер айтылмаған.
– Дөп бастыңыз. Егер малға дұрыс қарасаң, онда алатын сүт пен ет те сапалы әрі берекелі болады. Мәселен, красный степной тұқымды сиыр жылына 5 мың литр сүт береді. Сүтінің майлығы 4 пайыздан асып жығылады. Асыл тұқымды симменталдың өнімділігі шамамен жылына 3800 литр сүтке тең. Әрине, бұл өз кезегінде берілетін мал азығына тығыз байланысты.
– Мал шаруашылығы қажырлы әрі табанды еңбекті талап етеді. Сүт өндірісімен қатар етті мал шаруашылығын да қолға алдыңыз. Нарықтың сұранысын зерделедіңіз бе?
– Ет бағытындағы шаруашылық Көкпекті ауданында Тастай ауылында орналасқан. Онда 1 мың бас жылқы, 1 мың бас сиыр бар. Оны ет түрінде сауда нарықтарына, келісімшарт негізінде әртүрлі мекемелерге жеткіземіз. 2019 жылы шұжық цехын аштым. Әзірге 7 түрлі өнім шығарылады. Келешекте оны көбейтуді жоспарлап отырмыз. Әзірге нарықты зерттеу қажет. Сұранысты анықтау керек. Халықтың көңілінен әрі сенім үдесінен шығатын өнім ұсыну – менің басты ұстанымым. Өнімдердің сапасын сақтап, оларды жақсартуды ғана көздейміз. Өз басым санға емес, сапаға баса назар аударамын.
– Риясыз әңгімеңізге алғыс білдіремін. Ісіңіз алға бассын!
Венера Мұстафина
Мақала «АгроИнфо» газетінің 28.10.2019 ж. №19 (213) жарияланды.