Жоғары өнімділікке қалай қол жеткізуге болады?
Бұл сауалдың жауабын тәжірибелі диқан, білікті басшы Әмірқан Баяндинов тергіштеді. Шығыс Қазақстан облысында орналасқан шаруа қожалығының 20 жылдық тарихы бар. Бастапқыда егіншілікпен қатар мал шаруашылығы қолға алынған. Бірақ уақыт өте келе ата кәсіптен бас тарту ұйғарылды.
1990 жылдардың басында экономикалық ахуал күрделі болатын. Әсіресе шағын қалалар мен ауылдардың тынысы тарылды: бір кездері аты дүркіреген өндіріс ошақтары тығырыққа тірелді, экономика құлдырады, жұмыссыздық жайлады. Тұрғындардың дені саудаға бой ұрып, алыпсатарлықпен айналысты. Отбасын асырап, күнделікті нәпақа табу жолында жеке кәсібін ашуға ұмтылғандар да аз емес. Шығысқазақстандық Әмірқан Баяндинов – тәуекелге бел буғандардың бірі. Таңдау ауыл шаруашылығына түсті. Әуелі қолға алған істі дөңгелету оңайға соқпады. Қаржылық қысылтаяң кезінде мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау да қат еді. Бірақ ынта мен ықылас қашанда ырысқа жетелейтіні белгілі. Бүгінде Шемонаиха ауданы Ново-Ильинка ауылындағы шаруашылықтың егіншіліктегі ісі ілгері басқан. Егістік айналымын неліктен алдын ала жоспарлаған абзал? Тиімділігі жоғары қандай дақылдарды өсірген жөн? Берекелі өнімге қ арық болудың сыры? Неліктен агротехнологиялық шаралардың барлық түйіндерін сақтау қажет? Бұл туралы «Ново-Ильинское» ЖШС директоры Әмірқан Баяндинов арнайы сұхбат барысында кеңінен қозғады.
– Биылғы күзгі жиын-терімге к өңіліңіз т олды м а? М аңдай термен өсірілген дақылды ысырапсыз жинай алдыңыз ба?
– Әлбетте, диқандар қауымы ауа райына тәуелді. Күзгі жиын-терімге қолдағы техниканы сайлап, тыңғылықты қамданамыз. Бірақ жаңбыр толастамаса, алқапта жайқалған дақылды дер кезінде жинап алу қиынға соғады. Ал әбден піскен дән масақтан жерге түсе бастайды. Бұл жағдайда оны шашау шығармай жинап алу екіталай. Биылғы тамыз айының соңы мен қыркүйектің басы жаңбырлы болды. Бірде-бір ашық күнді бос өткізмей, танап басында тер төктік. Еңбегіміз зая кетпеді. Танап басындағы жұмыстарды 20 қыркүйекте тәмамдадық. Жиналған берекелі өнім – біздің басты ырысымыз.
– Сіздің егіншілікке деген көзқарасыңыз ерекше екен. Тәжірибеден бой тасаламайсыз, өсіру технологиясын әбден меңгерген дақылдарға байланбайсыз.
– Сөзіңіздің жаны бар. Нарықтың сұранысын елемеуге болмайды. Тек дәстүрлі дақылдарды өсірумен шектелсең, алысқа ұзай алмайсың. Дақылды егумен қатар оны өткізуді алдын ала ойластырған абзал. Егер оған бас ауыртпасаң, онда әуре-сарсаңға салынасың. Қазіргі ақпараттық дәуірде мәліметтердің барлығы қолыңда. Сұранысқа ие дақылдарды зерделеп, табиғи жағдайға бейімделетін түрлерін өсіруге болады. Мұндай тәжірибеге менің көзқарасым оң. Бірсарындылықтан аулақпын. Керісінше, жаңашылдыққа жақынмын. Биыл бірінші рет қышаның сары түрін егуге бел будым. Неліктен оны таңдадым? Біріншіден, майлы дақылдың бұл түрі суыққа және құрғақшылыққа төзімді. Ең бастысы – біздің ауа райында өсіруге мүмкіндік бар. Екіншіден, оның майлылығы жоғары. Құрамында 35-47 пайыз болуы ықтимал. Үшіншіден, экономикалық жағынан тиімділігі өте жоғары. Әлемдік нарықта сапалы қышаны сатып алуға қызығушылық көп. Төртіншіден, дақылдың бұл түрі топырақтың құнарлығын арттыруға мүмкіндік береді.
– Әлбетте, қыша – экспорттық өнім. Дақылдың бұл түрі бұрын қазақстандықтарға жат болып, тек Канадаға тән еді. Бүгінде нарықтың талаптары мен сұранысын жергілікті диқандар да жетекшілікке алғаны қуантады. Қышаны бірінші жыл өсіріп, қандай ой түйдіңіз?
– Бізге сары қышаның тұқымы Калмыкия елінен жеткізілді. Әуелі оны жергілікті жағдайда сынап көру үшін 100 гектар алқапты бөлдік. Өсіруде ешбір қиындық жоқ. Сапалы өнімін алуды мақсат тұтсаңыз, технологияны мінсіз сақтау қажет. Сары қыша 25 мамыр – 1 маусым аралығында егілді. Оны тыңайту, арамшөптерден тазалау тәрізді қарапайым агротехникалық шаралар жүргізілді. Майлы дақылдың басқа түрлерімен салыстырғанда тезірек жетілетініне және пісетініне көзім жетті. Шығымдылығы да қуантты. Гектар берекелігі 18 центнерді құрады. Негізінен қышаның өнімділігі гектарынан 30 центнерге дейін жетуі мүмкін. Құрамындағы майлылығы 45% жетіп, күнбағыстан да асып түсті. Меніңше, бұл – бірінші жыл үшін өте жақсы көрсеткіш. Сондықтан болар, жиналған қыша бірден сатылды. Тоннасы орташа а лғанда 3 00 А ҚШ д олларына бағаланды. Егер нарықтың талаптарына сай көрсеткіштері жоғары дақылды ұсынсаң, оны ешбір қиындықсыз өткізесің. Енді сатып алушылар қышаның алқабын ұлғайтуды өтініп отыр. 2019 жылы оның көлемін 3 есе арттырамын.
– Жылда дәнді дақылдар бойынша жоғары өнімділікке қол жеткізетініңіз мәшһүр. Бүгінде қай өнімнің шығымдылығы сізді алаңдатады?
– Биыл 3500 гектар алқапқа дәнді және майлы дақыл егілді: бидай, арпа, күнбағыс, сары қыша. Сары алтынның өнімділігі таза салмақта гектарынан 29 центнерді, арпа бойынша 32 центнерді, күнбағыс 25-27 центнерді құрады. Дәнді дақылдың берекелігі жоғары. Оған әрдайым қол жеткізуге тырысамыз. Тек картоптың шығымдылығына көңіліміз толмады. Өзге әріптестерім де «оны неліктен жоғарлатпайсың» деп сұрау- мен болды. Бар гәп мынада. 2008 жылдан бері картопты 100 гектар аумақта барынша табиғи жағдайда өсірдік. Суарылмайтын әдіс, қара топырақ қолданылды. Оның өнімділігі орташа алғанда 17-20 тоннаны құрады. Десек те дәмі бойынша мінсіз болды. Суарылатын әдіспен өсірілетін картоппен салыстырғанда оның үй жағдайында сақталу мерзімі көбірек. Егер алғашқысында екі апта ішінде ұзын ақ сабақтар пайда болса, соңғысында бір айдан кейін байқалады. Әлбетте, өзіндік құны бойынша суармалы картоп көш ілгері. Оның өнімділігі жоғары екендігі түсінікті. Тіпті кейбірі құмда өсіріліп, тыңайтқыштар қолданады. Бұл ретте оның құрамындағы ауыр металдардың көлемі қандай? Зертханалық тексеру кезінде бұл ескеріле ме? Бұл – басқа мәселе.
Әзірге барынша органикалық әдіспен өсірілген картопқа біздің нарық дайын емес. Сондықтан биыл оны суармалы әдіспен өсіруді жөн санадым. 40 гектар аумаққа жаңбырлатып суару технологиясы орнатылды. Оның құны тамшылатып суару технологиясына қарағанда төмен, бірақ суды үнемдеу жағынан ұтылатыны қынжылтады. Десек те бір гектардан орташа алғанда 40 тонна картоп жиналды.
– Бұл бағытта үнемі білімді жетілдіру, көш ілгері шаруашылықтармен тәжірибе алмасу аса маңызды болар?
– Дөп бастыңыз. Бүгінде ауыл шаруашылығында озық технологиялар көп. Жаңашылдықтардан құр қалмай, оларды зерделеп, қажеттісін ендірген абзал. Кез келген өңірде әлемдік стандарттарды бағындырған табысты шаруашылықтар бар. Олардың деңгейіне ұмтылып, тәжірибе алмасудан бой тасаламаған дұрыс. Егіншілікпен айналыссаңыз, агротехникалық шаралардың барлық кешенін орындау қажет. Оның біріне қол сілтенсе, бұл өнімнің сапасына тікелей әсер ететіні сөзсіз. Өз басым алдағы уақытта тиімділігі жоғары дақылдарды өсіруге ден қойып, егіс алқабының көлемін ұлғайтамын. Мен үшін ертеңгі күннің басымдықтарын алдын ала білу, заман ағымына ілесу маңызды. Бірақ техниканы жаңартуға, қосалқы бөлшектерді сатып алуға екінің бірінің қолы жете бермейді. Себебі оның бағасы күйіп тұр. 5-6 жыл бұрын шығындар тізімінде қосалқы бөлшектер 5-6 орында болса, бүгінде үштікті түйіндеді. Алдағы уақытта жалақыға жұмсалатын қаражаттан асып кетсе, мен таң қалмаймын.
– Тұқым сатып алуда қиындықтар туындамай ма?
– Елімізде тұқым шаруашылығының ахуалы көңіл көншітпейді. Отандық аграрлық сала әлемдік үрдістердің тасасында қалып жатқаны белгілі. Сондықтан көбіне-көп импорттық тұқымды кәдеге жаратамыз. Алысқа көз жүгіртудің қажеті жоқ. Мәселен, мен арпаның франциялық тұқымын қолданамын. Күнбағыстың тұқымы алыс шетелден жеткізіледі. Тек бидай бойынша жартылай отандық, өзгесі ресейлік.
– Риясыз әңгімеңізге алғыс білдіремін. Ісіңіз алға бассын!
Венера Мұстафина
08.10.2018 ж. мақала