«Жасыл» технологиялармен түтін түтетін ауыл
Жер-жаһандағы 150-ден астам мемлекет органикалық егіншіліктің қыр-сырына қанық. Елімізде де биоөндіріске бет бұрыс бар. Бүгінгі таңда шағын елді мекендер де жасыл технологияларды ендіруге ден қойған. Өнімді өсіруде және қайта өңдеуде химиялық заттар мен қоспалардан бас тартқан «Арнасай» ауылының тынысымен таныстық.
Жаңашылдыққа жақын елді мекен
Астанадан 32 шақырым жерде қанат жайған Арнасай ауылы өзгелерден ерекше. Шағын елді мекен жасыл технология- лардың алаңына айналған. Оған қарапайым тұрғындар да асқан қызығушылық танытады. Органикалық өнімді өсіру ересектермен қатар балаларға да таңсық емес. «Жасыл» ауыл атанған Арнасайда өнімділікті еселеудің жолдары меңгерілуде, дәстүрлі қуат көздерін үнемдеуге ден қойылған. Бүгінде 168 аулада тамшылатып суару жүйесін кәдеге жаратады. Ендірілетін технологиялардың тиімділігі әуелі жан-жақты сыналады. «Арнасай» жасыл технологиялар орталығында заманауи тәжірибелік жылыжай 2015 жылдың қыркүйек айында іске қосылған. Бастапқыда 400 шаршы метрлік органикалық бау-бақшада бар-жоғы 7 жасыл технология қолданылды. Бүгінде оның саны 35-ке жеткен. Күн коллекторлары, биогумус, тұман түсіру жүйесі, диодты жарық, аквапоника және гидропоника – оның бір парасы. Оның есебінен 2016 жылы 1,5 миллион теңге қаржы үнемделді. Жиналған органикалық өнім көлемі 3 тоннадан асып жығылады. Экологиялық таза көкөністерді жергілікті мектептің оқушылары тұтынады. Ал артылғаны сауда нарығына жол тартады. Бұл жайлы орталықтың басы-қасында жүргендердің бірі, Вячеслав орта мектебінің директоры Татьяна Немцан сұхбат барысында тергіштеді.
– Татьяна Николаевна, табиғи әрі таза ауылшаруашылық өнімдерді өсірудің сыры неде?
– Заманауи күн био-вегетарий «Арнасай» орталығының екінші қабатында орналасқан. Жылыжайда ауылшаруашылық өнімдерді өсіруге арналған топырақ арнайы дайындалады. Оның бір бөлігі биогумус, екіншісі топырақ, үшіншісі вермикулит. Бізде жыл бойы ауылшаруашылық өнімдерді өсіруге мүмкіндік бар. Оның барысында жарыққа, ылғалдылыққа, жылуға басымдық беріледі. Егер мына құрылғыға үңілсек, топырақтың температурасы +25,9 градусты көрсетіп тұр. Ауа температурасы +22 градусқа, ылғалдылық 65 пайызға тең. Бұл өнімдердің өсіп-өнуі үшін жақсы көрсеткіштер. Жылыжайда әртүрлі технологиялар мен дақылдарды өсірудің жолдары сыналады. Мәселен, жарық диодты шамдардың қай түрі тиімділігін анықтадық. Олардың екі түрі орнатылған: нидерландық және ресейлік. Алғашқысында жарық беру деңгейі 1300 люкс, ал екіншісінде көрсеткіш 700-ге тең. Енді қызанақтың жайқалуындағы айырмашылықты саралайық. Жарық беру деңгейі төмен шамдардың аумағындағы қиялар екі апта бұрын егілген. Дегенмен олардың өнімділігі жарықтық деңгейі жоғары шамдардың қатарындағы көкөністерге қарағанда төмен екендігі бірден байқалады. Қызанақты өсіруде жарықтың әсері көп. Оған байланысты өскіндер және жиналатын өнім көлемі көбейеді.
Ауаны тазалау жүйесі қолданылса, көкөніс тез өседі және ерте гүлдейді. Оның нәтижесі қияр өсіруде байқадық. Өнімділік 30 пайызға жақсарды. Сонымен қатар пайдалы иондарды бөлетін ауаны тазалаудың флоронды жүйесі мектептегі балалардың денсаулығын жақсартатыны анықталды. Себебі электр иондар бактерияларды сорып алады. Аппараттың құны 5 мың долларға жуық.
– Жылыжайда ылғал мен жылуды сақтаудың қандай жүйелеріне иек артылады?
– Жылыжайдағы ылғалдылықты 60-70 пайыз деңгейінде сақтауымыз қажет. Оған ұсақ тамшымен бүрку, яғни тұман түсіру жүйесі таптырмас көмекші құралға айналды. Жазғы уақытта аталмыш технологияны 30 минут сайын қосамыз. Ал қыс кезінде ұсақ тамшымен бүрку тәулігіне бір рет қолданылады.
Өскіндерді қорғаудың әрі қуатты үнемдеудің бір жолы – инфрақызыл панельдер. Оны «жылы жастық» деп атаймыз. Жүйе автоматтандырылған. Негізінен түнгі уақытта қосылады. Егер жылыжайдағы температура 22 градустан төмендесе, олар бірден жылу тарата бастайды. Алаңдауға негіз жоқ. Инфрақызыл панельдер өсімдіктерді құрғатпайды.
Энерготиімді бояуларды сынап көрдік. Олардың 1,5 миллиметрі 6 см жылытқышты алмастырады. Оның арқасында көп қабатты үйлердегі лоджияларды агробақшаға айналдыруға болады.
Жақын арада жылыжайдағы жағдайды ұялы телефон арқылы бақылап, көрсеткіштерді телефон арқылы өзгертетін боламыз.
– Жылыжайда талай тәжірибе алаңына айналғаны байқалады. Көкөністерді суарудың да өзіндік ерекшеліктері қаперге алынған. Қандай органикалық тыңайтқыштар кәдеге жаратылады?
– Сөзіңіздің жаны бар. Көкөністерді суарудың бірнеше әдісін қолданамыз: тамшылатып суару, гидропоника, аквапоника. Мәселен, екі жақта орналасқан қызанақтар бір уақытта егілген. Біріншісіне тек қарапайым су ғана құйылды. Екіншісінде балық өсірілген суды пайдаландық. Байқасақ, арасында айырмашылық көп. Аквамәдениеттен қалған су – топырақ үшін таптырмас биотыңайтқыш. Оның құрамы азот пен фосфорға бай. Нәтижесінде өскіндер тезірек жайқалып, өнімділік жоғарылайды. Балық өндірісіндегі су тамшылатып суару жүйесі арқылы жылыжайға жеткізіледі. Сондықтан бізде қалдық жоқ. Су төгілмейді.
Экологиялық тұрғыдан қауіпсіз аквопоника да тиімділігін дәлелдеді. Жоғары технологиялық әдіс аквамәдениетті, гидропониканы және бактерияларды қамтиды. Оған сәйкес өсімдіктердің тамыры қоректі топырақтан емес, арнайы дайындалған ерітінді арқылы алады. Біз балық өсірілетін суға М-бактерияларды араластырамыз. Биотыңайтқыш маңғыстау- лық кәсіпкерге тиесілі. Тауар өндіруші Каспийдің сапропелінен бактериялар өндіреді.
Аквапоника кезінде судың қозғалысын қамтамасыз ету қажет. Бұл әдісте өсімдіктер полиэтилен құтыда өсіріледі. Ауа кіру үшін оның жан жағы бірнеше жерінен тесіледі.
– Жертөлені экологиялық жылыжайға айналдырудың тәжірибесімен бөліссеңіз.
– Жертөледе қызанақ пен қиярды өсіріп көрдік. Бірақ оның өнімділігі көңілді көншітпей, екінші қабатта ғана себуді ұйғардық. Ал жертөледегі диодты жылыжайда нарықта сұранысқа ие әрі қымбат көкөністерді тиімді өсірудің жолдарын көрсетеміз. Бұл жерде базилик, рукола, кинза, мята, шпинат, рокада іспетті 12 түрлі өсімдіктер жайқалған. Оларды бірнеше мәрте жинап, дәмін таттық. Көкөністер 160 оқушысы бар мектептің асханасында кәдеге жаратылады.
Жертөледе өсімдіктердің тез өсуіне барлық жағдай жасалған. Орнатылған диодты шамдар жыпылықтап, күннің жарықтығы әсеріне бөлейді. 22-24 градус температура тұрақты түрде сақталады. Жылу топырақтан бөлінеді. Ал жылыту жүйесін тек 10 күнде бір рет іске қосамыз.
Біз жертөледегі өсімдіктерді биогумуста өсіреміз. Ал орталығымызда тәжірибесін шыңдаған астаналық әріптестеріміз гидропоника әдісін таңдады. Олар Астанада көпқабатты үйдің 12 қабатында фитодиодты жылыжайды ашудың қам-қарекетіне кірісті.
– Органикалық өнімдерді өсіру бастамасы мектеп қабырғасынан бастау алды емес пе?
– 14 жыл бұрын ауылдың ахуалын жақсарту үшін «Ақбота» қоғамдық қорын құрдық. Бағымыз ашылып, бұлақ көздерін қалпына келтіру бойынша грант бізге бұйырды. Оны сәтті жүзеге асырып, тиімді технологияларды мектебімізге ендіруді ұйғардық. Экологиялық жылыжайдың негізі қаланды. Онда қызметкерлермен қатар оқушылар жыл бойы көкөністерді өсіреді. Балалар еңбектің жемісін мектеп асханасында татады. Мен қоғамдық ұйымның көшбасшысы және мектеп директоры ретінде баланы қуат көзін, суды үнемдеуге тәрбиелеген дұрыс деп санаймын. Кез келген бала инновацияның нәтижесін сезініп, оған көз жеткізу қажет. Біздің оқушылар күн коллекторлары, диодты жарық не екенін жақсы біледі. Бүгінде салалық министрліктер мектептер мен әлеуметтік нысандарды салуда технологиялардың ендірілуіне баса назар аударғаны жөн. Жасыл технологиялардың ендірілуін көруге ниет білдіргендердің қатары артты. Мектептің іші таршылық еткендіктен, арнайы орталық ашылды.
– Тобықтай сөздің түйіні, экожылыжай арқылы нәпақа табуға бел буғандарға қандай кеңес берер едіңіз?
– Ниет білдіргендер табылса, онда биогаз қондырғысын орнатып, жылыжай салыңыз және аквамәдениетті қолға алған ләзім. Себебі балық өсірілген су бірегей органикалық тыңайтқыш. Бұл өнімділікті бірнеше есе арттыруға мүмкіндік береді. Оның нәтижесін біздің орталыққа келіп, көзбен көруге болады. Бізге жүгінгендер жасыл технологияларға көшудің жолдарымен танысады.
«Арнасай» орталығында бос жатқан аумақ жоқ. Қарапайым жертөле де аквамәдениеттің ошағына айналған. Жабық жағдайда африкалық жайын көбейтіледі. Оны 900 экзотикалық балық мекендейді. Әрбір сыйымдылықта 150 жайын бар. Ауа температурасы 24 градусты құрайды. Мамандардың дәйегінше, шеттен жеткізілген жайындар суыққа төзбейді.
– Бізге бір айлық балықтар жеткізілді. Сол кезде әрбіреуінің салмағы 10 грамм, ұзындығы 10 см болған. Бүгінде көрсеткіштер еселенді: тиісінше 230 грамм және 46 см. Жайындарды 2-2,5 келіге дейін өсіріп, оларды жазда жабық су айдынына жіберіп көрмекпіз, – деп аквамәдениеттің ерекшелігіне технолог Александр Сеич тоқталды.
Тіршілік нәрі арнайы биосүзгілер арқылы тазартылып, балықтарға жеткізіледі. Екі күнде бір мәрте жайындардан артылған су жылыжайға жол тартады.
Органикалық егіншілікке ден қойылды
Бүгінде өнімнің сапасына әрі табиғи тазалығына баса мән беретіндердің қарасы артты. Сұраныстың артуына байланысты биоөндіріс заман талабына айналып отыр. Өндірілген органикалық өніммен өзімді қамтып, сыртқы нарықтағы сұранысты да өтеуге әбден болады. Бүгінде жасыл технологиялар ауылдық жерлерде табысты кәдеге жаратылуда. Олар бірінші кезекте елді мекендердегі өмір сапасын жақсартуға бағытталған. Бұл бағытта «Жасыл экономиканы қолдау мен «G-Global»-ды дамыту коалициясы» 3 ауылда ауылшаруашылық кооперативтерді құруға кіріскен: Арнасай, Бабатай, Волгодоновка.
– Жасыл технологиялар қымбат деген пікір қалыптасқан. Бірақ біз өзіміздің жобамызбен оның арзан екендігін паш еттік. Арнасай жасыл технологиялар орталығы ТМД аумағындағы бірегей алаң саналады. Оған бюджеттік қаржы жұмсалған жоқ. Қолданылатын 35 жасыл технологияның 90 пайызы отандық тауар өндірушілердің еншісінде. Біздің кәсіпкерлер қуатты үнемдейтін технологияларды құрастыра алады. Білімді тарату орталығында 2016 жылы 4 мыңнан астам арнайы курстан оқыған. Вячеслав орта мектебінде жасыл технологияларды орнатудың арқасында 3 миллион теңгеге жуық қазына қаржысы үнемделген. Тәжірибеміз кең құлаш жаюда. Қосымша 6 жасыл технологиялар орталығы құрылды: Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Алматы, Солтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстарында. Ауыл шаруа- шылығы министрлігімен, ЕҚЫҰ Арнасайдағы орталық негізінде органика орталығын құрып, тауар өндірушілерге қолғабыс ету, ақыл-кеңес беру пысықталуда. Бәлкім 3 айдан кейін орталық ашылатын болады. Бұл бізге не береді? Біріншіден, құқықтық база қалыптасады және тренингтер өткізіледі. Екіншіден, органикалық өнім өндіру бойынша тәжірибемізді және жетістіктерімізді орталықта тіркейміз. Үшіншіден, бүгінде органикалық тыңайт- қыштарды демеуқаржыландырудың маңыздылығы артты. Бұл заңнамада қарастырылмаған. Бірақ бұл органикалық ауыл шаруашылығы үшін негізгі саналады. Гербицидтер субсидияланады, бірақ органика одан тысқары қалды, – «Жасыл экономиканы қолдау мен «G-Global»-ды дамыту коалициясы» ЗТБ басқарма төрайымы Салтанат Рақымбекова.
Бүгінде органикалық қозғалыс қарқын алды. Жалпы елімізде 33 тауар өндіруші органикалық егіншілікпен айналысады. Олардың дені – ірі шаруашылықтар. Экологиялық таза өнім өндірілгенімен, оны таңбалау мәселесінде гәп туындайды.
– Егер тауар сауда сөресінде орналасса, оның органикалық өнімге жататынын қалай білесің? Бір гәп осыған тіреледі. Бізде әлі күнге дейін оны растайтын зертхана жоқ. Бірақ біз Арнасай ауылындағы 100 үй биогумуста өнім өндіріп, химиялық тыңайтқыштар қолданбайтынына сенімдіміз. Неліктен олардың өндірген өнімдерін таңбалап, нарыққа ұсына алмаймыз? Жалпы ережелер жоқ. Сондықтан экологиялық таза өнімдерді food.kz деген маркамен ұсынуды ұйғардық, – дейді ол.
Гидропоника – өсімдіктерді топырақсыз, жасанды ортада өсіру әдісі. Оған сәйкес қоректік заттар арнайы дайындалған ертіндіден алынады.
Венера Мұстафина
20.03.2017 ж. мақала