Мемлекет ұсынған жеңілдетілген несие кооперативтерге үлкен мүмкіндік береді – кооператив мүшесі
Батыс Қазақстан облысының Зеленов ауданына қарасты Көшім ауылында модульді мал сою бекеті ашылды. «Николай и Ко» ауылшаруашылық өндірістік кооперативі кооперативтер үшін берілетін жеңілдетілген (кепілсіз) несиелеу жүйесі бойынша модульге қол жеткізді. Мал сою бекетін кооператив мүшелерінен өзге Зеленов ауданының тұрғындары да пайдаланатын болады, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.
«Николай и Ко» АӨК-і биыл сәуір айында құрылған болатын. Оның құрамында Көшім ауылының 22 қатысушысы бар. Тамыз айында кооператив «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан» модульді мал сою бекетін сатып алу үшін 19 миллион теңге несие алды.
Жабдық бір тәулік ішінде 5 немесе одан да көп мал басын қабылдай алады. Инвестициялық шығындардың жартысы мемлекеттік субсидиялар есебінен өтелді. Кепіл ретінде жабдықтың өзі қойылды.
Бұдан бөлек, Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры кооператив мүшелерін «Береке» бағдарламасымен етті бағыттағы сиыр сатып алу үшін қаржыландырды. 36 миллион теңгеге 171 бас ірі қара мал сатып алынды. Бүгінгі таңда «Николай и Ко» кооперативінің мүшелерінде 300-ден астам мал бар.
“Мемлекеттік қолдаудың арқасында мен несие алдым да, оған бордақылау мақсатында бұқалар сатып алдым. Шарттар өте тиімді – ставка жылына 6 пайызды ғана құрайды. Біз несиені алғашқы партияны жүзеге асырғаннан кейін бірақ төлей бастаймыз. Міне, бүгін мен алғашқы 10 бұқаны союға тапсырамын. Бұл ыңғайлы: өзің әуре болып соймайсың, қалаға барып, сатып алушыларды іздеудің қажеті жоқ. Енді барлығын ауылдан шықпай-ақ жасауға болады” – дейді «Николай и Ко» АӨК мүшесі Серік Алқанов.
Облыс орталығынан 50 шақырым жерде орналасқан кооператив «Орал шұжықтары» қайта өңдеу кәсіпорнына, сондай-ақ сауда желілеріне ет жеткізуді жоспарлап отыр. Сонымен қатар, ет экспорттаудың нақты жоспарлары бар.
“Мемлекет ұсынған жеңілдетілген несиелер біз сияқты кооперативтерге үлкен мүмкіндіктер береді. Кооператив малды союға және дайын өнімді сатуға байланысты барлық мәселелерді өз мойнына алды. Алғашында біз өз өнімімізбен экспортқа шығамыз, деп ойлаған жоқпыз. Енді өнім көлемі көбейіп, етті Ресей Федерациясына жеткізу жөнінде нақты келісімдеріміз бар. Дәл қазіргі уақытта біздің ауданымызда ресейліктер жүр. Олар малды, оны қалай бағатынымызды және қалай соятынымызды көрді. Көршілерімізге айына 20 тоннаға дейін сиыр етін, 18-20 тонна қой етін жеткізуді жоспарлап отырмыз” – дейді Николай и Ко» АӨК төрағасы Николай Супрун.
Кооперативтің мал азығын дайындайтын ортақ техникалары бар. Атап айтқанда үш трактор және пресс-жинағыш бар. Әкімдік модульді мал сою бекетіне бөлінген жер учаскесінен бөлек жайылым мен шабындық жерлер береді деп күтілуде. Жақын уақытта жұмысқа ветеринар, қасапшылар және басқа да жұмысшылар қабылданатын болады.
“Өңірдің шекараға жақындығы кооперативтер үшін үлкен мүмкіндік. Несие қаржысының көмегімен олар мал басын арттырады, өндіріс көлемін ірі тауар партиясына дейін жеткізеді және сыртқы нарыққа шығады. Кооперация, ұсақ шаруашылықтарды біріктіре отырып, шығындарын азайтады, субсидия алуға көмектеседі және жеңілдетілген қаржыға қол жеткізу мүмкіндігін ашады. Батыс Қазақстан облысында Қордың қатысуымен 1200-ден астам ұсақ шаруашылықты біріктірген 26 кооператив құрылды. Олардың басым көпшілігі ет бағытында” – дейді «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Батыс Қазақстан облысы филиалының директоры Арыстан Арсланбаев.
Өңір кооперативтерін қолдауға 2,5 млрд теңге бағытталды. Жалпы алғанда, биыл Батыс Қазақстан облысының ауыл шаруашылық жобаларын Қор арқылы қаржылай қолдау сомасының көлемі 3,6 млрд теңгеден асты.
Айта кету керек, ауыл шаруашылығы өндірісінің көлемін ұлғайту және отандық қайта өңдеу кәсіпорындарының әлеуетін арттыру мақсатындағы ауыл шаруашылығы саласын қолдауды жүзеге асыру жұмыстары Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту мемлекеттік бағдарлама мен Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы бойынша жүргізілуде.