Қайта өңдеу зауыттарын жүктеуге басымдық берілмек
Қайта өңдеу кешендерінің жүктелу деңгейі көңіл көншітпейді. Шикізаттың тапшылығы қолдағы зауыттардың толық қуаттылыққа көшуіне қолбайлау болып отыр. Мәселені зауыттардың бірі жеке фермерлік шаруашылықтарды ашу арқылы шешуге кіріскен. Олардың бірі Шығыс Қазақстан облысында қанатын жайған.
Қазақстанда шығарылған» белгісі бар өнімдері тұрақты түрде ішкі және сыртқы нарыққа ұсынады. Қанатын кеңге жайған кәсіпорын күрделі кезеңдерді еңсеріп, бәсекеге қабілетті танылып отыр. Кәдеге жаратылатын шикізаттың 100 пайызы отандық. Шикізаттың азаюына байланысты қысқы маусымда зауытта тәулігіне 50 тонна сүт өндіріледі. Ал жазғы уақытта көрсеткіш 70 тоннаға дейін жетеді. Оның арқасында нарыққа өнімнің 60-тан астам түрі ұсынылған. Әртүрлі қораптағы 26 мың тонна сүт сауда орындарына жол тартады. «Шығыс-сүт» зауытының өнімі тұтынушылар арасында сұранысқа ие. Сүт кешені табиғи және сапалы ақпен көпшілік арасында кеңінен танымал.
– Зауыттың жұмысы толық автоматтандырылған. Ақты өңдеуден бастап оны қаптамаға құюға дейінгі шаруалар жетекші құрылғылардың көмегімен жүзеге асырылады. Майлылығы әртүрлі пастерленген сүт, бифидоқоспалары бар сусындар, қаймақ, қатты ірімшік пен сүзбенің түрлері, сары май өндіріледі. Барлық өнімдер нормативтік құжаттамаларға, технологиялық нұсқамаларға толық жауап береді. Біздің кәсіпорын сапа менеджментінің халықаралық стандартына сәйкес стандартталған. Негізгі өндіріс ошағы Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауданында орналасқан, – дейді «Шығыс-сүт» ЖШС өкілі.
Технологиялық заман қолданыстағы құрал-жабдықтарды жаңартуды талап етеді. Өнімділікті арттыру жолында қолданыстағы құрылғыларды қалпына келтіру және жаңа желілерді ендіруге басымдық берілген. Серіктестіктің еліміздегі тұңғыш роботфермасы Глубокое ауданында орналасқан. Заманауи шаруашылықта сиыр сауу бойынша инновациялық әдіс кәдеге жаратылады. Асыл тұқымды сүтті ірі қараның өнімділігі жоғары дейді зауыт мамандары. Оның арқасында серіктестік өз күшімен зауытты шикізатпен қамтамасыз етеді. Ал жетпегені аймақтағы шаруа қожалықтардан және жеке қосалқы шаруашылықтардан жеткізіледі.
– Серіктестігіміздің жеке 4 фермерлік шаруашылығы бар. Олардан алынатын сүт тұрақты түрде зауытқа жол тартады. Сонымен қатар ақ таяқ тастам жердегі ауылдардан жиналады. Көбіне бізден 10 шақырым жерде орналасқан сүтті Шемонаиха ауданына қолқа саламыз. Оның логистикасы оң жолға қойылған. Бірақ сапасы кейде көңілден шықпайды. Кейбіреуі сүтке су қосады, – деп өндірістің тынысын зауыт өкілі тергіштеді.
1990 жылдары тоқырауға ұшыраған сүт зауытын кәсіпкерлер еншілеп, оған жан бітірді. Нысанды қайта қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуге тура келген. Қажетті құрал-жабдықтар сатып алынып, қолдағы құрылғыларды жөндеу нысанаға алынды. Оның арқасында технологиялық желілер іске қосылды. Олардың тілін меңгерген мамандарға іздеу салынды.
– Зауытта шикізатпен қатар дайын өнімнің сапасы жеке зертханамызда жіті қадағаланады. Шығарылған ақты сақтау мерзімі тек бірнеше күнді құрайды. Сәйкесінше біздің өнімді шалғай облыстар мен қалаларға тасымалдаудың еш қисыны жоқ әрі тиімсіз. Алматы және Астана қалаларына дейін жұмсалатын көлік шығындары үлкен. Сондықтан сүт өнімдерінің денін облысымыздың және Павлодардың халқы тұтынады. Қалған бөлігін Ресейдің көршілес облыстарына, әсіресе Новосібірге экспорттау оң жолға қойылды. Біздің өнімге көпшілік арасында сұраныс көп. Оны өткізумен ешбір қиындықтар туындамайды. Тұтынушылар сауатты. Олар сүт өнімдерін сатып алуда сақтау мерзіміне баса мән береді. Қаптамада қысқа уақыт көрсетілсе, сүт табиғи екендігін жақсы біледі. Өнімді таңдауда халқымыздың талғамы мен таңдауы жоғары. Тек сапаның арқасында кеңінен дамыған сүт нарығында бәсекелестікке төтеп берудеміз, – деп өнімді өткізудің барысына «Шығыс-зауыт» ЖШС өкілі кеңінен тоқталды.
Кәсіпорынға қаржылық қысылтаяңның салқыны тимеген. Зауыттың жұмысы жүйелі болғандықтан, олар үшін дағдарыстың ауылы алыс. «Сүт пен нан әлеуметтік маңызды өнімдер саналады. Сондықтан оған сұраныс пен қажеттілік әрдайым жоғары деңгейде. Сәйкесінше қуаттылықты құлдилату немесе жұмысшыларды қысқарту іспетті мәселелер туындамайды», – дейді ол.
Бүгінде ауыл шаруашылығы өнімдерінің 70-90 пайызы қосалқы шаруашылықтарда өндіріледі. Бірақ алынатын өнімге сүт және ет зауыттары қарық бола алмай отыр. Логистикадағы гәптің кесірінен қайта өңдеу көрсеткіші бар-жоғы 30% пара- пар. «Еліміздегі қайта өңдейтін кәсіпорындардың қатары 400-ден астам болса, олардың жүктелуі 20-60% құрайды. Бұл бір мәселе. Екінші мәселеге сәйкес қолданыстағы мемлекеттік қолдау нақты мәселелерді шешуге бағытталмайды. Сондықтан тауар айналымында теріс көрсеткіштер қалыптасып отыр, – деп атап өтті ҚР Премьер-Министрінің орынбасары ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов.
Келешекте елімізде 1200 ауылшаруашылық кооператив құру межеленген. Олар өнімді қайта өңдеу және өткізу барысын қаперге мықтап алмақ. Егер өнімді тұрақты сатып алу және оны қайта өңдеу кешендеріне жіберу мәселесіне шешімін тапса, онда аталмыш кәсіпорындардың жүктелу деңгейі
1,3 есе артады деп күтілуде. Құзырлы ведомствоның есеп-қисабына сүйенсек, логистика қалыптасқан кезде өнімнің бағасына қосылатын үстеме ақы 15-20 пайызға құлдилауы тиіс. Жобаның нәтижелігі сезілсе, ауыл халқы өнімдерін сату арқылы 300 млрд теңге көлемінде нәпақаға кенеледі.
Жалпы елімізде 564 кооператив құрылса, олардың 81-і сүт дайындауға және өндіруге бағытталған. Олардың жылдық қуаттылығы 40 мың тоннаны құрайды. Францияның «Лакталис» компаниясы Батыс Қазақстан облысында құны 15 млн еуроға бағаланатын сүт өңдеу зауытының құрылысына қаржы құяды. Басқа шетелдік компания Оңтүстік Қазақстанда құны 25 млн долларын құрайтын түйе және бие сүтін өңдеу зауытын қаржыландырмақ. Егер жоба толық қуатына көшсе, тәулігіне 100 тонна өнім өңделеді, – деп мәселенің мәнісін ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Мал шаруашылығы және мал шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу департаментінің директоры Еркебұлан Ахметов.
Венера Мұстафина
Также читайте:
Мал шаруашылығы нысанаға алынды
Минсельхоз РК показал, как построить молокоприемный пункт без взноса
Сүт зауыттарын 100% жүктеу қажет