Шаруалардың базынасы бар
Ауыл шаруашылығы министрінің биылғы есептік кездесуінде диқандар қауымы титығына тиген мәселелерді бүкпесіз жайып салды. Бірі мемлекеттік қолдаудың тетігін өзгертуді сұраса, бірі суару каналдарының ахуалына қынжылды.
Су қат
Азаттықтың ақ таңы атқан жылдары қолына кетпенін алып, жерден ризығын татуға тәуекел еткендер аз емес. Оларға көпшілік таңырқай қарасқанымен, шаруалар кәсіптерін дөңгелетіп алды. Бейнетінің зейнетін татып отырған жандардың бірі Жамбыл облысында түтін түтетіп отыр. Жерден ризығын тапқан Саха Манатов егіншілікке ден қойған. «Манат» шаруа қожалығының басшысы Байзақ ауданында тәтті түбірді өсіреді. Қант қызылшасын жайқалтудың машақаты көп. Техникалық дақыл көп еңбекті талап етеді. Тек табиғат жарылқайды деп қол қусыруға болмайды. Берекелі өнімнен дәмелі шаруалар тәтті түбір алқаптарындағы жұмысқа бей-жай қарамайды. Бірақ қолбайлау болған мәселелер де жоқ емес. Жамбылдық шаруа аудандағы суару каналдарының ахуалына қынжылады. Оның кесірінен қант қызылшасы алқаптары тіршілік нәрінен тарығады.
– Біздің ауа райына байланысты жоғары өнімділікке қол жеткізу үшін қант қызылшасын 8-12 рет суару қажет. Ал біз тек 2-3 мәрте ғана суарамыз. Неліктен? Себебі біздің каналдардың жағдайы мәз емес. Одан қажетті көлемде су алынбайды. Байзақ ауданындағы су арналарын жөндеу жұмыстары қашан аяқталады?
Атқамінерлер бұл мәселеден құлағдар. Олар суару каналдарын қалпына келтіру жұмыстары келесі жылы аяқталатынына серт беріп отыр. Бүгінде Байзақ ауданда 7 су арнасы және бір су қоймасы бар.
– Еуропалық қайта құру және даму банкінен тартылған несие есебінен бүгінде Байзақ ауданындағы аталған 7 канал бойынша жұмыстар басталды. «Сәмбет», «Байзақ», «Межхоз регулятор-4» деген үш канал бойынша конкурс өткізілді. Жақында мердігер анықталады. Қалған каналдар бойынша жобалау жұмыстары аяқталды. Оларды бүгінде мемлекеттік сараптамаға тапсырдық. Биылғы тамыз айында, әрі кетсе қыркүйек айында аталған 7 канал бойынша жұмыстар басталады және келесі жылы оларды аяқтаймыз, – деп атап өтті ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ерлан Нысанбаев.
Маңдай терімен нәпақасын қант қызылшасынан тапқан диқандар тәтті түбірді өсірудің машақаты көп екендігін алға тартады. Оны өсірудің өзіндік талаптары мен технологиясы бар. Өнімділігі жоғары техникаға иек артылса, қолға алынған жұмыстың берекесі де артатыны хақ. Бірақ шаруалардың көбі үшін сол құрылғыларды еншілеу сағымға айналған. Себебі олардың бағасы қалтаға тым салмақ салады. Титығы тиген мәселені Саха Манатов жайып салды. «Қант қызылшасының бір гектарын алсақ, оның өзіндік құны 500-550 мың теңгеге жетеді. Бұл өте қымбат. Қолмен емес, комбайнмен жинағанның өзінде осындай қаржы жұмсалады. Ал егер, дақылды жинау жұмыстары адамның қол еңбегіне артылса, оның өзіндік құны одан да жоғары болады. Комбайндар барлығы ескі. Қуаттылығы 500 гектарға дейін техниканының бағасы күйіп тұр. Оған қолымыз жетпейді. Сондықтан техникалық дақыл бойынша инвестициялық субсидияны 50 пайызға дейін көтеруді сұраймыз», – деп өзінің бас нысанасымен жамбылдық диқан бөлісті.
Атқамінерлер бұл мәселе тасада қалмайтынын алға тартты. Инвестициялық субсидияның жайын құзырлы ведомство өкілдері кеңінен қарастыруда. Егер ұсыныс құпталса, онда оның көлемі ұлғаюы мүмкін. Бұл өз кезегінде диқандарды техникалық дақылды өсіруге ынталандыратыны хақ. Бүгінде Жамбыл өңірімен қатар Алматы облысында да тәтті түбір жылда жайқалады. Бүгінде Алматы облысында қант қызылшасын өсіру мықтап қолға алынған. Егер бұрын техникалық дақылдың бұл түрі 8-9 мың га егілсе, бүгінде оның көлемі 12-12,5 мың га алқап- қа жетіп отыр.
Несие қолжетімді бола ма?
Қызылордалық ауылшаруашылық тауар өндіруші Бердібек Қадіровті қаржыландырудың қолжетімділігі мазалайды. Жылда танап басындағы жұмыстардың қамын күтетін диқанның ұсынылған жеңілдетілген несиелердің пайызына көңілі толмайды.
– Біз жылда егін егеміз. Мал азығы дақылдарын өсіреміз. Жылдық сыйақысы 2 пайыздан төмен және ұзақ мерзімге несие беру қарастырылған ба? – деп өзінің сауалын «Шаған жер» ЖШС басшысы жолдады.
Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров бұл ұсыныстың дұрыс екендігіне келіседі. Оның айтуынша, ауылшаруашылық тауар өндірушілері төмен пайызбен несие алса, онда субсидия беру мәселесі де көп көтерілмес еді. Бірақ несиенің пайыздық мөлшерлемесін төмендетудің екінші жағы бар. Бар гәп ұсынылатын кепілге тірелетін көрінеді. Сондықтан артық қыламыз деп, тыртық қылудың кері келмес үшін бұл мәселе жан- жақты таразыланбақ.
– Отандық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің басты проблемаларының бірі – қаржыландырудың қолжетімділігі. Қазіргі уақытта аграрлық секторды қаржыландыруда «ҚазАгро» холдингі басым болуда. Екінші деңгейдегі банктер агроөнеркәсіптік кешен субъектілерін қаржыландырудың көлемін жыл сайын төмендетуде. Негізгі себеп – өтімді кепіл заттың жоқтығы. Аталған мәселені шешу үшін қазіргі уақытта қабылданып жатқан шаралардан басқа баламалы механизмдер көзделуі қажет, – деп атап өтті есептік кездесу барысында еліміздің бас аграрийі.
Ауылдық кредиттік серіктестіктер мен микроқаржы ұйымдары негізінде кооперативтік қаржы одақтарын құру жоспарланып отыр. Бұл бағытта қолданыстағы заңнамаға ауылдық кредиттік серіктестіктерді орталық серіктестікке бірлестіруді көздейтін өзгерістер енгізілмек. Сонымен бірге аграрлық қолхаттар қолданысқа енеді деп күтілуде. Оның арқасында күзде жиналатын дән есебінен қаражат алуға мүмкіндігі қарастырылып отыр.
Венера Мұстафина
Мақала «АгроИнфо» газетінің 05.08.2019 ж. №14 (208) жарияланды.