«Келесі жылы бәрі мақта егетін шығар». Мақтарал диқандарының бір күні

Оңтүстік Қазақстан облысы, Мақтарал ауданында қазір мақта теру науқанының қызған шағы. Диқандар биыл мақта бағасының көтерілуі әжептәуір көмек болғанын айтады. Baq.kz ақпарат агенттігінің өңірдегі тілшісі егіс алқабында болып, диқандармен әңгімелескен еді.

Таңертеңгілік уақытта облыс орталығы Шымкенттен шығып, діттеген жерімізге түс ауа жеттік. Мақта шаруашылығын кәсіп еткен маман табу біз үшін қиындық туғызбады. Өзіміз әлеуметтік желі арқылы жақсы танитын, сол ауылдың тұрғыны Мықтыбек Оразтайұлы өтінішімізді орындауға бірден келісті. Аудан орталығынан күтіп алып, Атамекен ауылдық округіне қарасты Жеңіс ауылындағы мақта алқабына алып барды. Шалғайда жатқан ауыл тұрғындары қызу жұмысқа кірісіп кеткен. Барлығының мақсаты бір – пісіп-жетілген өнімді жауын жаумай тұрып жинап алу.

Диқан Полат Кәленов еліміз егемендік алып, совхоз тарағалы бері мемлекеттен бөлінген жерді өзі игеріп келеді. Соңғы 20 жылдан бері мақта егуді кәсіп еткен ол кеңес өкіметі кезінде де бұл іспен айналысқан. Ол кезде мемлекет берген жоспарды жалақыға орындаса, жерді өзі игере бастағалы жағдай оңала бастағанын айтады. Еңбек еткен адам аш болмайды дейді ол.

Hlopok-59033
Иллюстративное фото

Диқандар егіс алқабын қараша айында дайындай бастайды. Жерді жыртып, минералды тыңайтқыштар себеді. Оны арнайы техника жасайды, техникасы жоқтар ақыға істетеді. Бір гектар жерді қопсытып, жырту жұмыстары үш мың теңге тұрады. Бұл жұмыстар сәуір айына дейін екі рет жүргізіледі. Содан соң шитті мақта тұқымы себіледі. Оны арнайы зауыттан әкеледі. Диқан Полат Кәленовтің меншігіндегі 2,5 гектар жерге 50-60 келідей тұқым кетеді. Он күн өткен соң егілген тұқымның шыбықтары пайда болып, қатар түзіледі. Қырық күннен кейін культиватор көмегімен жерді қопару жұмыстары жүргізіледі. Арада алпыс күн өткенде мақта суғарылады. Сосын тағы бір қопарылып, бір айдан кейін екінші рет суғарады. Суды аса қажет етпейтін өнімнің бұл түрі бес айдан соң теріле бастайды.

Жуырда ғана дүниеге бесінші перзенті келген диқан бүгінде таңертеңнен кешке дейін мақта алқабының басы-қасында жүр. Таңғы сағат жетіден бастап терімшілерді үйді-үйінен жинап, алқапқа алып келеді, олардың терген мақтасын салмағын өлшеп, жазып отырады. Арасында мақта өткізу бекетіне барып, өнімін өткізіп те келеді. Терімшілердің бір мезгіл ас-ауқатын жеткізіп, кешкі сағат жетілерде оларды үйлеріне апарып салады.

«Менің жерім аса көп емес, сол себепті өнімді қолмен жинап аламын. Негізі комбайнмен өнім жинау тиімді. Бағасы да арзанға түседі, уақытты да үнемдейсің. Тек ауылда комбайн тапшы. Кезекке тұруға тура келеді. Сондықтан терімші жалдаймыз. Әйтеуір ағайын-туыс, құда-жекжаттарымның арқасында терімші жағынан қиналып жатқаным жоқ», – дейді.

Диқан науқанның қызған уақытында мақта өткізу бекетінде кезек көп болатынын айтады.

Полат Кәленовтің мектеп жасындағы балалары демалыс күндері және сабақтан бос кездерде әкелеріне көмектеседі. Бірақ диқан балаларын сабақтан қалдырмауға тырысады.

Терімші Ерлан Жошыбектің жасы 21-де. Шымкенттегі медициналық колледждердің бірінде білім алған ол қалада жұмыс табылмаған соң ауылға келіп, егін алқабында нәпақа тауып жүр. Өз жанұясы да мақта шаруашылығын кәсіп етеді. Бірақ әзірге ол өнім пісіп-жетіле қоймағандықтан Ерлан қосымша табыс табудың қамына кіріскен.

«Тұрақты жұмыс болса, кіремін ғой. Қалада жұмыс табылмаған соң ауылға қайттым. Бар ойым отбасыма көмектесу. Қазір мақта теру науқаны болғандықтан жұмыс қызып тұр. Ал көктем мен жаз кезінде егін шаруашылығындағы басқа да жұмыстарды жасаймын. Ауылда мен секілді жастар баршылық. Қалада жұмыс істейтіндері де көп. Ауылда қалып, мақта теруің қажет деп ешкімді мәжбүрлемейді», – деді терімші.

Былтыр терімші терген мақтаның әр келісіне 20-25 теңге төленсе, биыл еңбекақы 25-30 теңге. Бір алқаптан екі рет өнім алуға болатындықтан екінші кезеңде мақта теру ақысы да қымбаттайды. Мұны диқандар өнім көлемінің азайып, сұраныстың артуымен байланыстырды.

Терімші Салтанат Кендебайқызы – Аймешовтердің әулетінің ортаншы келіні. Қара шаңырақта қалған ол енесі Ұлболсын әжейге кенже ұлын тастап, өзі алқапқа шығады. Қызу тіршілікке үйреніп қалған оған енесі кейде сол терімге шықпай-ақ қойшы дейді екен. Ал Салтанат құр жатқанша, қосымша табыс табуды дұрыс көреді. Жылына бір мезгіл терімші қызметін атқару ешқандай қиын емес дейді ол.

Салтанаттың енесі Ұлболсын әжей де осы ауданның тумасы. Жас кезінен елу бес жасқа дейін мақта алқабында еңбек еткен ол кісіні әңгімеге тартып, ауылдың тынысы туралы аз-кем сұрап білдік.

«Жолдасым екеуміз Алланың берген бес қызы мен үш ұлын тәрбиелеп өсірдік. Шүкір, барлығы бір-бір үй болып отыр. Отыз бес немерем бар. Үш ұлым да мақта шаруашылығымен айналысады. Бұрындары қол теретін, қазір комбайн мен трактор алғалы жақсы болып қалды. Шамаң жетсе, техника деген көп қой қазір. Уақытыңды үнемдейсің. Ортаншы келінім ауылдағы өзге диқаннның алқабында мақта теріп жүр. Мақта теру негізі денсаулыққа пайдалы. Қимыл-қозғалыста жүрген адамда ауру-сырқат аз болады. Шүкір, соның арқасында ғой, қазір жолдасым екеуміз шауып жүрміз (күліп)», – деді 62 жастағы Ұлболсын апа.

Мақта алқабына барған соң комбайнмен теру жұмысына да куә болдық. Техника әп-сәтте жұмысты атқарғанымен кейде бұзылып, уақыт жоғалтатын кездер де болады. Ондай сәтте ауыл адамдары бір-біріне көмекке келеді. Жабылып жүріп, техниканы жөндеуге кіріседі.

Ұлболсын әжейдің үлкен ұлы Мықтыбек Оразтайұлы мақта шаруашылығын кәсіп еткен соң қажетті техниканың барлығын түгендеп алғанын айтты.

«Отбасыда ұлдан үшеуміз. Үшеуіміз де ауылда қалдық, осы кәсіпті игердік. Техника өзімізден болған соң мақта өсіру, оны пісіру оншалық қиын емес, шығын аз болады. Шалқып байып кетпесек те, көштен қалып жатқан жоқпыз. Мақта өсіріп те жұрт қатарлы тірлік кешуге болатынына көзіміз әлдеқашан жеткен. Бұрындары қауын, пияз, қарбыз еккенбіз, бірақ негізгі кәсібіміз осы мақта шаруашылығы. Мақта арзандап, келісін 16-ақ теңгеден өткізген жылдар да болды. Әйтсе де бұл шаруаны тастамадық. Биыл жиырма жыл болды. Бұл кәсіптің бір артықшылығы, шығыны аз, банкрот болам деп қорықпайсың. Арзанға болса да өткізіп, еңбегіңді ақтайсың» деді диқан Мықтыбек Оразтайұлы.

Бұл ауылда соңғы бес жылда мақтаны кәсіп еткендер азайғанымен, былтыр баға 160 теңгеге жеткенде диқандардың басым көпшілігі мақта егуді қолға алыпты.

Тұрғындардың айтуынша, басқа жаққа кеткендер біртіндеп ауылға оралып жатыр екен. Бүгінде диқандар қабылдау бекетінде мақтаның келісін 170 теңгеден өткізіп жатыр, бұл былтырғыға қарағанда он теңгеге жоғары. Бағаның жыл сайын өскеніне қуанған тұрғындар келер жылдан бастап ауылдағылардың барлығы жаппай мақта егуді қолға алатын шығар деп болжайды.

Диқандар еккен мақта өнімінің әр гектарына мемлекеттен 12 мың теңге субсидия алады. Ал алынған өнімнің әр тоннасына тағы 6 мың теңге беріледі. Мәселен, Полат Кәленов 2,6 гектар жерінен 8 тонна өнім аламын деп жоспарлап отыр. Мақта қабылдау бекетінде бұл өнім бір млн теңгеге бағаланады. Оның 400 мың теңгесі кеткен шығын (жер жырту, қопару жұмыстары, мақта тұқымын алу, терімші қызметі) болса, қалғаны таза табыс екен. Мақтаралдық диқандар биыл баға да көтерілді, ауа райы да қолайлы болды дейді. Соның арқасында мол өнім аламыз, табысымыз жақсы болады деп үміттенеді.

Поделиться материалом

Читать ещё

  • Опрос

    Каковы перспективы у запрета на импорт пшеницы в РК?

    Показать результаты

    Загрузка ... Загрузка ...
  • Архивы