Қазақстанда жасалған: отандық өнімнің ахуалы қандай?

Бір кездері тұралап қалған жеңіл өнеркәсіп бүгінде серпіліп келеді. Тоқыма және тігін өндірісіне қызығушылық артты. Отандық киім индустриясына бет бұрған қазақстандықтар аз емес. Олар қолға алған істі дөңгелетудің қыр-сырымен Орталық коммуникациялар қызметі алаңында бөлісті.

Іскерлік костюмдер елімізде тігіледі

Қазақстандық өнімдер шетелдіктер үшін таңсық емес. Бүгінде елімізде шығарылған тауарлар легі сыртқы нарықты бағындыруда. Бұл бағыттағы қадамдарымыз нық па? Қазақстандық өнімнің бүгінгі ахуалы қандай?

Гүлшат Байбосынова

Шетелдік үлгідегі заманауи костюмдер елімізде де тігіледі. Талғамыңыз жоғары болса, сәнді киімді іздеп, алысқа ат терлетудің қажеті жоқ. 2013 жылы «Алтын Адам» тігін фабрикасы іске қосылды. Өндіріс Сайрам ауданының Ақсукент ауылында орналасқан. Онда 250-ден астам адам еңбек етеді. Фабрика қызметкерлері өлшемдерді алудан бастап киімді сатуға дейінгі жұмыстарды қолға мықтап алған. Шеберлердің жұмысы да оңтайландырылған. Олар жоғары технологиялық құрылғылардың көмегіне жүгіне­ді. Заманауи құрал-жабдықтар Германиядан, Түркиядан және Жапониядан жеткізілген. Оның арқасында тігілген киімдер шетелдік брендтерден еш кем түспейді.

– «Алтын Адам» – іскерлік киім бойынша тұңғыш отан­дық бренд. Бүгінде ерлер мен әйелдерге арналған костюм, пальто және жейде тігіледі. Сонымен бірге оқу­шылар үшін мектеп формасын да нарыққа ұсынамыз. Зауытта орнатылған заманауи құрылғылардың сапасы әлемдік брендтерге еш дес бермейтін өнімді шығаруға мүмкіндік береді. 2014-2016 жылдары фабриканың өнді­рістік қуаттылығы күніне 250-300 костюм тігуге мүмкіндік берген. Бүгінде бұл көрсеткіш еселене түсті. Енді тәулігіне 300-500 костюмді нарыққа ұсына аламыз, – деп өндірістің тынысын «Golden Nomad» отандық брендінің ресми өкілі Гүлшат Байбосынова жіпке тізді.

Оның сөзіне сүйенсек, фабрикада өндірістің барлық кезеңі қамтылған. Барлығы дизайнды қағазға түсіру­ден басталса, кейін киімді орау әрі тиісті қаптамаға салу жұмыстары да жүргізіледі. Өнімді нарыққа ұсынумен қатар оны өткізу мәселесін де назарсыз қалдырмау қажет. Бұл ретте еліміздің әртүрлі қалаларында «Алтын Адам» фабрикасының сауда желілері ашылуда. Бүгінде олардың саны 11-ге жетіп отыр. Гүлшат Байбосынованың айтуын­ша, отандық киімдер сыртқы нарықты да бағындыруда. «Қазақстанда шығарылған» деген белгісі бар киімдер бүгінде Қытайдың Үрімші қаласындағы сауда орындарын­да ұсынылған. Фабрика өкілдері келешекте ресейліктер­мен келіссөз жүргізуге кіріскен.

– Киімдерге қадалатын түйменің өзін Шымкенттегі зауыттан сатып аламыз. 2018 жылдан бастап ерлер мен әйелдерге арналған пальто да тігіледі. Әлбетте, бәсе­келестік бар. Осы істі бастаған кезде көпшіліктің маған қоятын сұрағы бір еді: «Италиялық, Германиялық және Қытайлық киімдер нарықта көптеп ұсынылғандықтан, сіздің өніміңіз өтеді ме?». Мен сеніммен «өтеді» деп жау­ап бердім. Енді бүгінде кейбір тұрғындар бұл костюмдер­дің елімізде тігілетініне аң-таң болады. Фабрикада тігіле­тін киімдерді өзіміз де киеміз. Мәселен, менің бойым­дағы мына костюмнің бағасы 20 мың теңгеден басталады. Оның құрамына тоқталсам, 80 пайызы жүннен тұрады, – деп өзінің ойын Гүлшат Байбосынова қорытындылады.

1 мың теңгемен кәсібін бастаған етікші

Самғау Нәсіпхан 2000 жылдардың басында Қытай­дан атамекенге оралған. Талапты жігіт Шығыс Қазақстан облысына қоныс аударған. Ол бойкүйездікке жол бермей, ұлттық нақыштағы киімдер мен бұйымдарды дәріптеуге кірісті. Қолы алтын шебер аяқ киімді тігудің қыр-сыры­на қанық.

Самғау Нәсіпхан

– 2014 жылы Ақтөбеден Астанаға 1 мың теңгемен келіп, өз кәсібімді бастадым. Ісім өрге басты. Бүгінде алдағы жылдарға қойған мақсаттарға біртіндеп қол жеткізуде­міз. Шағын шеберханада күніне 40-50, айына 300-400 жұп аяқ киім тігеміз. Оның басы-қасында менімен бірге 6-7 адам еңбек етеді. Көпшіліктің ойынша, өмірде орнын таппаған, құлағы естімейтін адамдар етікші атанады. Бұл қасаң қағиданы бұзу үшін мен өзімді өндіруші кәсіпкер емес, етікшімін деп таныстырамын, – деп өзінің көкейін­дегі ойымен «Самғау» аяқкиім шеберханасының негізін қалаушы Самғау Нәсіпхан бөлісті.

Жазғы аяқ киімдер 8-35 мың тең аралығында. Оның сапасына кепілдік бар. Негізінен аяқ киімнің бағасы қол­данылатын материалға байланысты белгіленеді. Қымбат тері қолданылса, сәйкесінше дайын өнімнің құны жоғары болады. Шикізат Тараздан және Шымкенттен жеткізіле­ді. Сонымен бірге аяқ-киімге тапсырыс берушілердің сұранысымен қажетті материал Италиядан және Түрки­ядан да сатып алынады. Мұндай аяқ киімдердің бағасы да сәйкесінше 50 мыңнан басталып, 300 мыңға дейін жетуі ықтимал.

– Қазіргі таңда біз тапсырыс бойынша аяқ киім тігеміз. Оның әрқайсысы бойынша тыңғылықты жұмыс жүргізіле­ді. Сенім үдесінен шығуға тырысамыз. Әр адамның қажет­тілігі мен сұранысы ескеріледі. Бірінші кезекте аяқтың өлшемін аламыз. Аяқ киімнің нобайын жасау, ою-өрнек салу да қалыс қалмайды. Сондықтан кей уақытта аяқ киім­нің бір жұбын тігуге бір ай көлемінде уақыт жұмсалады. Әлбетте, өзімізге де аяқ киім тігеміз. Себебі қолымыздан шығатын тауардың сапасын бірінші кезекте өзіміз тек­серіп алуымыз қажет, – деп қолға алған кәсібінің бүгінгі тынысын жас кәсіпкер саралады.

Еңбекқорлық, қажырлық пен күш-жігер өз жемісін беретіні хақ. Мұны Самғау Нәсіпхан өз ісімен дәлелдеп отыр. Бүгінде жас кәсіпкердің табысы орташа алғанда айына 500 мыңнан 1,5 миллион теңгеге дейін жетеді. Қол­мен тігілген отандық аяқ киімге сұраныс жоғары. Бүгін­де оның қолынан шыққан өнімдер танымал тұлғалардың гардеробынан табылады. Отандық аяқ киімді шетелде Димаш та дәріптеп жүр.

– Димаштың Қытайдағы, Лондондағы, Мәскеудегі кон­церттеріне аяқ-киімдерін тіктік. Кез келген аяқ киімнің оюларын әрі тігісін осы заманға лайықтауға тырысып бағудамыз. Бізде етікшілік кәсіпті дамытудың өзіндік сыры бар. Үш атадан бері ұлтарақты дайындаудың ерекшелігін сақтап келеміз. Бірінші кезекте өсімдіктің бір түрін үнемі қолданамыз. Оның ортопедиялық қасиеті бар», – деп жеке кәсіптің ерекшелігіне Самғау Нәсіпхан тоқталды.

Жас кәсіпкер әлемдік үрдістерді назарсыз қалдыр­майды. Ол заман талабына сәйкес тігілетін аяқ киімнің өзіндік белгісін ойлап тапқан. Сонымен бірге төл өнімнің сапа стандарттарын қалыптастырған.

Енді шебер танымал шетелдік компаниялардың дең­гейіне қол жеткізуді армандайды.

– Тек өнім өндірумен ғана шектелсең, кәсібің дамы­майды. Маркетингті де қамшылау қажет.

Бүгінде ісмерлікке деген менсінбеушілік әрі теріс көзқа­рас өзгеріп, қызығушылық оянды. 30-ға жуық адамды өз ісімізге баулыдық. Олардың ішінде 11-12 тәлім алушы мем­лекеттік қолдауға ие болып, өз кәсіптерін ашты.

Қолөнер шеберлерін де өнер жұлдыздары секілді насихаттау қажет. Оның арқасында нағыз еңбек адамы қалыптасады, – деп түйді өз ойын шебер.

Суреттен басталған кәсіп

Аңсаған Мұстафа – елімізге белгілі суретші әрі иллю­стратор. Оның қаламынан туған туындыларда терең мән-мағына бар. Туған жерге және шығармашылыққа деген сүйіспеншілік жеке кәсіпке жетелеген.

Аңсаған Мұстафа

 – Осыдан 4,5-5 жыл бұрын мен әлеуметтік тақырыптарға сурет салып, көрме ұйымдастыру мақсатында елімізді араладым. Сол кезде Қазақ хандығының 550 жылдығының кеңінен тойлануы туралы ақпаратты естіп, оған қалай үлес қоса аламын деген ой келді.

Бұл маңызды мейрам қарсаңында жастар үшін қаза­қы нақыштағы жейделер шықса игі еді деп іштей түй­дім. «Қазақ хандығына 550 жыл» деген жазумен сурет­тің бір нобайын қағазға түсіріп, әлеуметтік желі­ге жүктедім. Мұндай өнімге көпшіліктің сұранысы мен қызығушылығын тексергім келді. Сондықтан «бұл сурет 550 лайктан көбірек жинаса, онда оның 55 түрін жасап беремін» деген жазу қалдырдым. Жарты сағаттың ішінде бұл пост 1 мың лайк жинап, әлеуметтік желі қол­данушылары өз идеяларымен бөлісті. Өзім аң-таң болып, бұл іске белсене кірісуді ұйғардым, – деп өзінің сүйікті кәсі­бі жайлы Аңсаған Мұстафа кеңінен баяндады.

Ол қазақы нақыштағы 55 дизайнды ойлап тапқан. Сай­тқа жүктелген суреттерді оқырман қауым өз кәдесіне жаратқан. Бірі оны пайдаланып, көпшілікке күнтізбе ұсын­са, екіншілері футболка шығарды.

– Көпшілік мені де түрлі бұйымдар шығарады деп, әле­уметтік желі арқылы тапсырыс бере бастады. Менің салған суреттеріме көпшіліктің ықыласын көріп, қызығу­шылығым оянды. Бастапқыда принт шығару үшін өзгелер­ге жүгіндім. Кейін өзім қажетті құрылғыны сатып алдым. Тапсырыс көп. Сенім үдесінен шыққымыз келеді. Бүгінде 500-600 қазақы нақыштағы сурет бар. Тұрғындар олардың бірін таңдап, бізге тапсырыс береді. Незігінен бұл істі мен қаржы табу мақсатында бастаған жоқпын. Жастар қазақы нақыштағы киім кисін деген ой келді.

Қазіргі таңда қазақы нақыш-тағы суреттер басылған 40 мың футболка шығарылған. Бірақ кәсіпкердің өнімдеріне ұқсас, бірақ сапасы төмен тауарлар базарда көбейген. Бұл қолға алған істі дөңгелетуге кедергі келтіріп, аяққа тұсау салып отыр.

– Тұрғындар базарлардан біздің принтке ұқсас киімдер­ді суретке түсіріп, сапасы нашарлапты деген пікірлер жаз­ды. Кейін мәселенің мәнісін анықтап, сурет біздікі, бірақ киімнің матасы нашар екендігіне көзіміз жетті. Оны база­рға барып, өзім көрдім. Бұған дейін біз 60 дүкенмен өзара байланыс көпірін орнаттық. Оның ішінде Атырау, Ақтөбе, Тараз, Алматы қалаларындағы сауда орындары біздің фут­болкаларды сатумен айналысты. Кейін олар базардан 2 есе арзан бағаға ала бастады. Осылайша жарты жыл ішінде әріптестік орнатқан 60 дүкеннің тек 17-сі бізбен жұмысты жалғастырды. Ұқсатып жасалған тауарлар жұмысымызға едәуір кедергі келтіреді. Десек те оған қарамай, ісіміздің алға басуына бар күш-жігерімізді жұмсаймыз, – деп өзі­нің көкейін кернеген мәселемен Аңсаған Мұстафа бөлісті.

Кәсіпкер 3 жыл бойы ақ түсті жейдеге қазақы оюлар мен бұйымдардың суретін басып, нарыққа ұсынған. Кейін оның қатарын көйлектер мен күртелер толықтыр­ды. Бүгінде нәзік жан тауар түрлерін көбейтуге бел буып отыр.

Венера Мұстафина

Мақала «АгроИнфо» газетінің 27.05.2019 ж. №9 (203) жарияланды.

Поделиться материалом

Читать ещё

  • Опрос

    Каковы перспективы у запрета на импорт пшеницы в РК?

    Показать результаты

    Загрузка ... Загрузка ...
  • Архивы