Елімізде арзан шұбат қайда бар?
Алматы, Ақмола және Қостанай облыстарының кәсіпорындары өз сүт өнімдерін Қытайға экспорттай алатын болды. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігі хабарлады.
Ведомство мен ҚХР Бас кеден басқармасы арасындағы ынтымақтастық нәтижесінде тағы 3 қазақстандық сүт өңдеуші кәсіпорын Қытайға сүт өнімдерін экспорттау құқығына ие болды. Олар Көкшетау қаласының сүт зауыты, Талдықорған қаласының «Дәулет-Бекет» және Рудный қаласының «Лидер-2010» кәсіпорындары.
Еске сала кеткен жөн, президент Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр қыркүйек айында Бейжіңдегі жұмыс сапары аясында сүт және сүт өнімдерін экспорттауға ветеринариялық-санитарлық талаптар туралы хаттамаға қол қойған еді. Сол кезде Алматыдағы Фудмастер, Қарағандыдағы Евразия Инвест LTD және Түркістандағы Golden Camel Group LTD компаниялары өз өнімдерін көрші мемлекетке сату құқығын алған болатын. Осылайша сүт және сүт өнімдерін өндіретін Қытайға экспорттай алатын кәсіпорындар саны қазір 6-ға жетті.
«Нарықтағы баға» айдарында шұбаттың орта бағасына тоқталамыз. Ең төмен баға Түркістанда. Онда түйе сүтінің литрі 600 теңгеден басталады.
Өскеменде шұбаттың литрі 1200 тг, Шымкентте 900 тг, Түркістанда 600 тг, Ақтауда 1500 тг, Атырауда 1300 тг, Ақтөбеде 1200 тг және елордада 1500 тг.
Дереккөзі: Хабар 24