Азық-түлік бағасы соңғы екі айда күрт қымбаттады – Ерболат Досаев
Ұлттық банкі төрағасы Ерболат Досаев Үкімет отырысында Қазақстанда азық-түлікпен қатар өзге тауарлар да не себепті қымбаттағанын түсіндірді, деп хабарлайды Aikyn.kz тілшісі.
«Төтенше жағдай мен карантин талаптарында тамақ өнімдеріне сұраныстың өсуінен Қазақстандағы жылдық инфляция үдеуін жалғастырды. Соңғы екі ай қатарынан 2020 жылы 4-6% нысаналы дәлізден асты. Биылғы сәуірде инфляция 6,8% деңгейінде қалыптасты. Саудалық серіктес елдерде карантин шаралары енгізіліп, импорт шектелді және ұсыныстың жеткіліксіз болуынан азық-түлік тауарлары бағасы бір айда 1,9% өсті, жылдық өсім 10,4%-ке дейін жылдамдады. Бұл – 2017 жылдан бергі ең жоғары өсім», – деді Ерболат Досаев.
Оның айтуынша, қаңтар-сәуірдегі әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысына сәйкес, биыл сәуірде көбінесе жемістер мен көкөністер – 5,6%, қант – 6,2% және жармалар – 3,4% қымбаттады.
«Сауда және сервис объектілері қызметінің тоқтатылуына байланысты азық-түлікке жатпайтын тауарлар мен ақылы қызметтер бағасының да өсуі алдыңғы айдың деңгейінде сақталып отыр. Азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасы 5,4%-ке өсті. Ұлттық валютаның әлсіреуіне байланысты дәрі-дәрмектер мен жеке қолданыстағы тауарлар сияқты жекелеген тауарлар бағасының өсуі жанар-жағармай бағасының төмендеуімен реттелді. Ақылы қызметтер бағасының жылдық өсуі 3,5% деңгейінде сақталды», – деді Ерболат Досаев.