Ауыл тірлігінен, ауыр жұмыстан қашпаған жөн
Қатонқарағай – Шығысқазақстан облысындағы шөбі шүйгін, жері құнарлы аудандардың бірі. Жергілікті халық негізінен ауыл шаруашылығымен айналысып, күнделікті нәпақаларын табады. Ауданда тәтті бал өндіру, мал басын көбейту оң жолға қойылған.
Мәселен, Топқайың ауылында бүгінде 130-ға жуық отбасы түтін түтетеді. Еңбекқор ауыл тұрғындары күнкөріс қамымен мал өсіріп, оның өнімін сатады. Қамбар Исинов те төрт түлікті бағудың қыр-сырын жақсы біледі. Ол 1984 жылы кеңшарда ірі қара мен жылқыға бас-көз болған. Күні-түні бақташылық қызметін абыроймен атқарды. Бірақ 1990 жылдардың басында кеңшарлар тарай бастады. Ондағы ірі және ұсақ мал пай түрінде еңбек еткен жұмысшыларға үлестірілді. Көзі қарақты Қамбар Исинов бұйырған ырысты шашқан жоқ. Мұны ол жеке кәсіптің бастауы ретінде қабылдады. Ауыл тұрғыны қолындағы аздаған мал санын көбейтіп, оны үлкен табынға және үйірге айналдыра білді. Бүгінде Зеңгі баба тұқымы 100-ден асса, Қамбар ата түлігі 200-ге жетті. Неліктен шығысқазақ- стандық шаруа малды асылдандыруды ұйғарған? Денсаулыққа пайдасы көп ұлттық сусынды дайындаудың басты сыры неде? Бұл т уралы « Данияр» шаруа қожалығының жетекшісі Қамбар Исинов арнайы сұхбат барысында кеңінен тергіштеді.
– Бүгінде «жеңілдің астымен, ауырдың үстімен жүруге» бой үйреткендер аз емес. Бейнеті көп, ауыр жұмыспен айналысуға құлықтылар аз. Тіпті шаруалар ауылда бақташы немесе жылқышыны шаммен іздеп табу қиын екендігін алға тартады.
– Әлбетте, сөзіңіздің жаны бар. Қазіргі ақпараттық дәуірде, кейінгі толқын өкілдері мал бағуға ықылас танытпайды. Тіпті 10 жылдан кейін нағыз малшы-жұмысшы мамандарды табу қиынға соғатын сыңайлы. Ауыл тірлігінен, ауыр жұмыстан қашпаған жөн. «Еңбегіне қарай өнбегі» деп тектен-текке айтылмайды ғой, сірә?! 22 жыл бұрын ата кәсіпке бет бұрдым. Мал басын сақтау, оның күйін қадағалау, қысқы жем-шөбін дайындау, жазда жайылымда бағу тынымсыз еңбекті талап етеді. Төгілген маңдай тердің берекесі мен жемісі сезілетіні хақ. Мәселен, мен ата кәсіптен түскен кірісті шаруашылықты кеңейтуге жұмсадым. Шөпті шабуға қажетті техникамен қамданып, малдың тұқымын жақсартуды жолға қойдым. Сонымен бірге баланы оқыту да қомақты қаржыны талап ететіні белгілі. Қалада пәтер жағаламау үшін ұлым мен қызыма баспана алдым. Оған күнделікті кәсібімнің арқасында қолым жетті.
– Неліктен малды асылдандыруды қолға алуды шештіңіз?
– Қарабайыр ірі қара көбіне ұсақ келеді. Шөбі шүйгін жерде жайылса, мал күйлі болады және бойына қоң бітетіні белгілі. Табиғи жағдайға байланысты табынды жыл бойы бағуға мүмкіндік жоқ. Ал қар түскен кезде қораға кірген малдың салмағы күрт төмендеп, оны сату қиынға соғады. Сондықтан 6-7 жыл бұрын еттің сапалық көрсеткіштерін жақсарту қажеттігін түсіндім. Жерсіндіруді қажет етпейтін қазақтың ақбас тұқымын таңдадым. Одан туған төл әлдеқайда ірі келеді.
Етті бағыттағы асыл тұқымды малдың аталығын сатып алып, 30 сиырдан тұратын табынға қосамын. 2 жыл сайын асыл тұқымды бұқаларды ауыстырамыз. Биыл кезекті рет жаңарту қажеттігі туындады. Екі асыл тұқымды бұқаның әрқайсысына 450 мың теңге жұмсалды. Енді оның бір бөлігі мемлекет тарапынан субсидия түрінде қайтарылуы тиіс. Оған қажетті барлық құжаттарды тапсырдым.
– Егер малдың тұқымын жақсартуды көздесеңіз, онда аналық ірі қараны сатпайтын боларсыз?
– Дөп бастыңыз. Тек аталық малды ғана өткіземін. Бізге көбіне оңтүстік өңірлерден, Астана қаласынан сатып алушылар келеді. Қазір 130 бұзаудың ветеринарлық құжаттары дайын. Оларды Шымкент қаласының тұрғыны тасымалдап әкетеді. Бір бұзаудың орташа бағасы 120-130 мың теңгені құрайды. Биыл малды қорадан алып кетіп жатыр. Қайда өткіземіз деп әлекке салынбаймыз. Малдың күйі жақсы болса, тұрақты сатып алушылар да табылады.
Өткен жылы біз 20 торпақтың етін Өскемен қаласында саттық. Ірілері 150-160 келіге дейін таза ет берді. Орташа алғанда біреуі 140 мың теңгеге сатылды.
– Қысқа қамдандыңыз ба?
– Бізде 2 жыл қатарынан жазда жауын-шашын деңгейі өте төмен болды. Құрғақшылық орын алды. Шөп шабу үшін Ақсу, Черемушки секілді ауылдарға жол салдық. Онда шөптің шығымдылығы жақсы болды. Қысқа қажетті мал азығы толық дайындалды. Бұл бағыттағы жұмыстарды дер кезінде жүргізу үшін биыл лизингпен трактор сатып алдым. Бағасы – 7 млн 300 мың теңге. Енді оның 25 пайызы мемлекет тарапынан субсидия түрінде қайтарылады.
Егіншілікпен айналыспаймыз. Малға қажетті жемді жылда сатып аламыз. Оның ішінде арпа мен сұлының қоры жасақталады.
– Бие байлап, қымыз ашытуды да жолға қойдыңыз. Ұлттық сусынға сұраныс көп болар?
– Еншімізде 200 жылқы бар. 11 жылдан бері биені жыл бойы сауамыз. Тек олардың саны құбылып тұрады. Қыста көбіне 10, жазда 45 бие сауылады. Биенің жасы ұлғайған сайын өнімділігі де төмендейді. Әдетте 15 жастан асқан кезде оларды сатамын.
Жылқы шөбі шүйгін өрісте жайылса, онда сапыралатын қымыздың дәмі де ерекше болады. Жазда биелер күніне 6-7 рет сауылады. Орташа алғанда тәулігіне 200 литрге жуық қымыз дайындалады. 1996-1997 жылдары ауыл төңірегінде шаруа қожалықтары некен-саяқ еді. Бүгінде біздің ауылда олардың саны 4-ке жетті. Сонымен бірге 30 тұрғын бие байлап, қымыз дайындайды. Сондықтан бүгінде ұлттық сусынды сату үшін өзіміздің және көршілес ауылдармен ғана шектелмейсің. Қымызды құтыларға құйып, Өскеменге жөнелтеміз. Оның сапасына көз жеткізген тұрақты сатып алушылар бар. Ең бастысы бие байлағаннан бастап қымызды ашытуға дейінгі жұмыстардың барысында тазалықтың сақталуына баса мән береміз. Неғұрлым көбірек пісірсең, соғұрлым иі қанады әрі қою болады. Меніңше, бұл – дәмі тіл үйіретін қымызды дайындаудың басты құпиясы.
– Тұшымды әңгімеңізге рахмет. Ісіңіз өрге жүзсін!
Венера Мұстафина
12.11.2018 ж. мақала