Ауа райы қалыпты болса, бір түйірді дәнді далаға тастамаймыз – дихан
Биыл Ақмола облысы бойынша астық дақылдарын 15,1 млн гектар алқаптан жинау көзделген болатын. Бүгінгі күнге дейін соның 3,1 млн гектарынан (21%) астық жиналды, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.
ҚР Ауыл шаруашылығы ұйымдастырған баспасөз туры барысында облысқа қарасты Целиноград ауданындағы егін жинау науқанымен танысқан журналистер биылғы егіннің жиналу барысын өз көздерімен көріп қайтты.
Жалпы биыл республика бойынша бидай жинау көлемі 20 млн тоннадан асады деп болжанып отыр. Эксперттік əлеует 9 млн тонна деңгейінде бағаланып, оның ішінде 6,0 млн тоннасы бидай түрінде, 2,1 млн тонна ұн болдырып өткізу көзделген. Өткен жылдар сияқты бидай өнімдерінің экспорттық көлемі, қазақстандық бидайды дəстүрлі импорттаушы мемлекеттер, яғни Орталық Азия елдері мен Ауғанстанның және Иранның үлесінде.
Сонымен қатар бидайдың белгілі көлемдері Қытай, Италия, Түркия нарықтарына жеткізілетін болады. Республикада бидай сақтаудың жалпы сыйымдылығы 26,7 млн тоннаны құрайды, оның ішінде 13,7 млн тоннасы нан қабылдаушы кәсіпорындарда, ал 13 млн тонна бидай ауыл шаруашылық тауар өндірушілерде.
Қазіргідей ауа райының құбылмалылығына қарамастан өңірде астық жинау қарқынды жүріп жатыр.
«Аудан бойынша 2018 жылы ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері аумағы 202 021,6 гектарды құрайтын дәнді және бұршақты дақылдарды жинайды. Оның ішінде 17 037 га майлы дақылдар, 10 239 га біржылдық шөп, 289 га картоп, 185 га көкөніс бар. Осы тұрғыда ауданымыздың ауыл шаруашылық құрылымына күзгі дала жұмыстарын жүргізу үшін бекітілген бағамен 3900 тонна дизель отыны бөлінді», – дейді аудан әкімі Малғаждар Тәткеев.
Сонымен қатар аудан әкімі тамыз айының аяғы жаңбырлы болуынан дәнді дақылдарды жинау 10-12 күнге тоқтатылғанын, дегенмен қолайсыз ауа-райына қарамастан егінді жинау жұмыстары қарқынды жүріп, ешқандай дәнді дақылдардың шашылуы, құлауы немесе жарамсыз болуға соқтыратын жағдайдың орын алмағанын айтады.
«Бүгінгі таңда 543 астық жинау комбайны жұмыс істеп тұр. Оның 101-і заманауи жоғары өніммен жинайтын комбайн, одан бөлек 126 трактор және 116 автокөлік бар», – дейді әкім.
Дәнді дақылдарды жинаудың күнделікті өнімділігі 10 500 гектарды құрайды. Осы қарқынмен жұмыс тоқтаусыз жүрген жағдайда ауыл шаруашылығы мамандары дәнді дақылдарды 19-20 күнде аяқтауды көздеп отыр. Соның нәтижесінде 29 мың тонна астық жинау жоспарлануда.
Сонымен қатар журналистер астық сақтайтын қоймалар мен элеваторларды да аралап көрді. Әзірге астықты өлкенің «алтынын» сақтап алуға барлық қоймалар дайын. Ауа райы тұрақты болса, бір түйір дәнді де суға тигізбей сақтап алуға мүмкіндік бар.