Ата кәсіптің аяқ алысы қалай?
Дастарханның сәніне айналған етке келгенде, сыни пікірлер түгесілмейді. Бағасы қалта қағады, экспорттаудан гөрі сырттан жеткізілетін өнімнің үлесі басым – оның бір парасы. Ал атқамінерлер еттен қағажу көрмейтінімізді алға тартады.
Ілгерілеу бар
Статистикалық мәліметтерді тергіштеп көрелік. 2014 жылы еліміздегі мүйізді ірі қараның саны 6 миллионды құраса, 4 жылдан кейін көрсеткіш 20 пайызға артқан. 2018 жылы Зеңгі баба тұқымы 7,2 миллион басқа жеткен. Ал қой шаруашылығының даму қарқыны аса көңіл көншітпейді. 4 жыл ішінде өсім бар-жоғы 4 пайызды құраған. Егер 2014 жылы отарда 17,9 млн бас қой бағылса, 2018 жылы көрсеткіш 18,7 миллионға теңелген. Есесіне еліміздегі жылқы саны 36 пайызға арта түскен. Өткен жылы Қамбар ата түлігі 2,6 миллионға жетті. 2014 жылы бұл көрсеткіш 1,9 млн құраған.
– АӨК дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде министрлік мал шаруашылығы салаларын дамытудың ұзақ мерзімді салалық бағдарламаларын іске асыруда. Мал шаруашылығы саласында 4 салалық бағдарлама қабылданды: етті мал шаруашылығы (ірі қара мал және қой), сүтті ірі қара мал шаруашылығы, құс және шошқа шаруашылығы. Әрбір бағдарламада фермерлік шаруашылықтарды және өндірістік қуаттарды құру бойынша өңірлер бойынша индикативтік көрсеткіштер бар және мал шаруашылығы өнімін өндірудің жоспарлы көрсеткіштері көрсетілген, – деп жіпке тізді Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров.
Мәселен, етті мал шаруашылығын дамыту мақсатында 2020 жылы 200 мың бас ірі қара, 450 мың бас ұсақ мал сатып алу жоспарланған. Салалық бағдарлама 10 жылды қамтиды. Осы уақыт аралығында 960 мың бас Зеңгі баба және 12 мың бас Шопан ата тұқым сатып алу көзделіп отыр. Сонымен бірге 10 жыл ішінде 80 мың отбасылық фермерлік шаруашылықтар құрылуы тиіс. Қағаздағы жоспар бойынша олар бордақылау алаңдарымен және ет комбинаттарымен бірлесе жұмыс істейді. Атқамінерлер межеленген көрсеткіштер арқылы сиыр мен қой етінің экспорттық әлеуетін арттыруға жол ашылады деп үміттенуде.
Сұраныс пен ұсыныс: теңгерім бар ма?
Өткен жылды бағамдасақ, сиыр етінің өндірісі 477 мың тоннаны құраған. Бұл өз кезегінде ішкі тұтынудың 98% қамтамасыз ететін көрінеді. Отандық қой етінің көлемі 150 мың тоннаға жетсе, шошқа еті 86 мың тоннаға жеткен. Қазақстандық өнімге өзге елдердің тұрғындары тарапынан сұраныс еселенгені байқалады. Әсіресе, сиыр мен қой еті шетелдіктердің көңілінен шыққан көрінеді. Оған өткізу нарықтарының кеңеюі де өз әсерін тигізгені хақ. Ресми деректерді сөйлетсек, 2 жыл бұрын 5,5 мың тонна сиыр еті экспортталған. Өткен жылы бұл көрсеткіш 19,9 мың тоннаға жеткен. Бұл ретте импорттың да үлесі аз емес екендігін атап өткен жөн. Өткен жылы елімізге сырттан 15,2 мың тонна сиыр еті жеткізілген.
Шопан ата тұқымы да шетелдіктердің дастарханынан табылады. 2017 жылы экспорт деңгейі 0,9 мың тоннаға теңелсе, өткен жылы 3 мың тоннаға жеткен. Енді атқамінерлердің жоспары бойынша 2027 жылы 372 мың тонна қазақстандық сиыр еті және 108 мың тонна қой еті сыртқа жол тартуы тиіс.
– Сиыр еті мен қой етін өндіруде, сондай-ақ экспорт көлемін кеңейту үшін ірі қара мал мен қойдың аналық басын еселеп өсіру қажет. Етті мал шаруашылығын дамытудың ұзақ мерзімді бағдарламасы аясында өткен жылдан бастап жеңілдікті шарттармен етті мал шаруашылығында отбасылық фермерлік шаруашылықтарды құруға кредит берудің арнайы бағдарламалары іске қосылды, – деп мәселенің мәнісін министр ортаға салды.
2019 жылы 683 отбасылық ферма несие рәсімдеп, оған 42 мың аналық ірі қара сатып алған. Бұл бағытта Ақтөбе және Алматы облыстарының шаруалары көш бастап тұр. Отардағы қойды көбейтуге де бетбұрыс бар. 536 шаруашылыққа жеңілдетілген несие бұйырды. Қаржы 210 мың аналық қой сатып алуға жұмсалған. Шопан ата тұқымын көбейтуде Батыс Қазақ- стан, Алматы, Түркістан және Жамбыл облыстарының ауылшаруашылық тауар өндірушілері белсенділік танытқан.
Отандық құс етіне қарық боламыз ба?
Егер сиыр мен қой етіне қазақстандықтар қарық болса, отандық құс еті әлі де қат. Ресми деректерге сүйенсек, ішкі тұтынуда импорттың үлесі 50% құрайды. 2018 жылы 191,7 мың тонна шетелдік құс еті елімізге дорбаланған. Бір қызығы, бұл көрсеткіш жылда көбейгені алаңдатады. 2017 жылы 172,6 мың тонна, 2016 жылы 165,2 мың тонна құс еті Қазақстанға импортталған. Бұл көрсеткіштерді экспортпен салыстырсақ, оның үлесі болмашы. 2018 жылы 8,6 мың тонна отандық құс еті сыртқы нарыққа жол тартқан.
– Құс шаруашылығын дамыту бағдарламасы құс етінің импортын алмастыру үшін жаңа өндірістік қуаттар құруды көздейді. Құс етін өндіру көлемін 3 еседен артық ұлғайту жоспарлануда, – деп атап өтті еліміздің бас аграрийі.
Отандық құс етінің өндірісі жыл санап артып келеді. 2017 жылы бұл көрсеткіш 179,6 мың тоннаға теңелсе, өткен жылы 192 мың тоннаны құраған. Оның 90 пайыздан астамы құс фабрикаларының еншісінде. Бүгінде елімізде 19 құс фабрикасы бар. Олардың жалпы қуаттылығы 248 мың тоннаны құрайтын көрінеді. Бірақ олардың мүмкіндіктері толық кәдеге жаратылмайды. Ресми мәліметтер, 25 пайызға жуық қуаттылық әлі де жүктелмегенін көрсетеді.
– Құс шаруашылығын дамыту бағдарламасы аясында біз одан әрі импортты алмастыру үшін құс етін өндіру көлемін арттыру бойынша шаралар қабылдаймыз. 2018 жылы Ақмола облысында «Макин құс фабрикасы» ЖШС-нің жалпы қуаты жылына 60 мың тоннаны құрайтын ірі жобасының бірінші кезегі іске қосылды. Сонымен қатар, ағымдағы жылы қуаты жылына 20 мың тонна құс етін беретін «Capital Projects LTD» ЖШС толық жобалық қуатына шықты. Қазіргі уақытта жалпы қуаты 74 мың тонна болатын 7 жоба қосымша жүзеге асырылуда, – деп құс еті өндірісінің ахуалын бағамдады министр.
Оның айтуынша, бір кездері тығырыққа тіреліп, тоқтап қалған «Комсомольская құс фабрикасы» ЖШС жаңа инвесторды тарту жұмыстары қолға алынған. Егер қағаздағы жоспар сәтті жүзеге асса, онда Қостанай облысындағы аталған жоба 2020 жылдың басында қайта іске қосылмақ.
– Бағдарлама шеңберінде жалпы ішкі тұтынудағы өндіріс көлемін 2022 жылға қарай 70% дейін жеткізу жоспарланып отыр. Мұнда сондай-ақ қарапайым заттар экономикасын дамыту шаралары шеңберінде несие беру құралдары пайдаланылатын болады, – деп түйді Сапархан Омаров.
Халал өнім өндірісі: нақты жоспар бар ма?
Бүгінде мал шаруашылығы өнімдері Қытайға, Иранға, БАӘ, Бахрейнге және Еуропалық Одақ елдеріне жеткізілетіні белгілі. Құзырлы министрлік экспорттың көкжиегін кеңейту үшін ауыл шаруашылығы шикізатынан қайта өңделген өнімге ветеринарлық-санитарлық талаптарды келісу жұмыстарына білек сыбана кіріскен. Оның арқасында сиыр еті экспортының көлемін 37%, қой етін 32% дейін арттыруға жол ашылады деп күтілуде.
– АӨК өнімдері экспортын қазақстандық өнімнің бәсекелестік артықшылықтарын пайдалану арқылы арттыруға болады. Сондықтан «органик» және «халал» өнімдерін өндіру, өңдеу және сертификаттау жүйесін жолға қою қажет. «Органикалық өнім өндіру туралы» заң 2015 жылдың қараша айында қабылданды, бірақ әлі күнге дейін осы заңды іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары жоқ. Министрлік мемлекеттік органдармен Органикалық Ауыл шаруашылығын дамытудың Жол картасын қайта келісу рәсімін аяқтады, – деп мәселенің жай-жапсарына министр тоқталды.
Оның айтуынша, Қазақстан Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымын құруға бастамашалдық танытқанымен, елімізде халал өнімдерін өндіру саласында заңнама жоқ. Ал бұл өз кезегінде Парсы шығанағы елдерінің бір бөлігіне әрі Иранға өнімді жеткізуге кедергі келтіреді. Бұл бағытта құзырлы министрлік халал өнімдерді өндіруді дамытуға бағытталған жол картасын құптауды жоспарлап отыр.
Венера Мұстафина
Мақала «АгроИнфо» газетінің 19.08.2019 ж. №15 (209) жарияланды.