Ата кәсіпке нәзік жандар да бел буған
Агроөнеркәсіптік кешеннің тынысы оң. Жағымды көрсеткіштерді биылғы 9 айдың қорытындысы айғақтайды. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы ішкі көлемі 2 501,0 миллиард теңгеге жеткен. Көрсеткіш өткен жылғы сәйкес мерзіммен салыстырғанда 4,9% еселенген. Тергіштесек, қайта өңдеу саласындағы ілгерілеу көңілге медеу. Көш басында Ақмола, Қостанай және Батыс Қазақстан облыстары.
– 2016 жылдың 9 айы бойынша азық-түлік өнімдері өндірісі көлемінің өсімі 3,5% құрады: жарма – 44,7%, қант – 61,6%, ұн – 14,7%, өсімдік майы – 13,5%, кілегей – 10,5%, шұжық өнімдері – 9,5%, қышқыл сүт өнімдері – 5,9%. Бұл ретте сары май өндірісінің көлемі 4,9%, ірімшік және сүзбенің 25%, құрғақ сүттің 21%, өңделген және консервіленген көкөністердің 21,3%, кондитерлік өнімдердің 2,9%, макарон өндірісі 0,75% төмендеуі байқалып отыр. Оның негізгі себептері өндірістің маусымдылығында, сондай-ақ ішкі нарықтағы арзан импорттың болуына байланысты отандық өнімді өткізуге тіреледі, – деп қорытындылады ҚР Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Қайрат Айтуғанов.
Егіншілікпен қатар мал шаруашылығы да кеңінен қанат жаюда. Статистикалық мәліметтерді бағамдасақ, еліміздегі мал басының саны 1,1 пайызға артқан. Еліміз бойынша өндірілген еттің деңгейі 3,2% еселенген. Шикізат түрінде сатудан гөрі оны ұқсатуға ден қойғандардың қатары көбейген. Тәуекелге бел буғандардың бірі – Айжан Нұрахметова. Нәзік жан күрделі шаруаның қиындығына қарамастан, оны ұршықтай иіріп әкетті. «Ішкі нарықты жан-жақты зерделедім. Сараптама нәтижесінде ет өнімдеріне сұраныс жоғары екендігі анықталды», – дейді теріскей тұрғыны. Кәсіп кіріске кенелтетіне көз жеткізген нәзік жан іске белсене кірісті. Әуелі оның жоспары түзілген. Белгілінген жұмыстарға сәйкес етті өңдеуге арналған құрал-жабдықтар сатып алынды. Электр ет тартқыш, вакуумды қаптаушы, тоңазыту және сүрлеу камералары орнатылды. Кәдеге жаратылатын шикізаттың сапасына, санитарлық талаптардың сақталуына баса назар аударылмақ. Өндірілетін өнім жергілікті тұтушылардың көңілінен шығып, тілді үйіретініне сенім артады.
«Бақыт кілті – еңбекте». Бұл Гүлсан Мауина үшін басты ұстанымға айналған. Мамандығы – ұстаз. Бірақ нәпақасын мал шаруашылығымен айыруды ұйғарған. Табыстың сырын тапқан ауылдасына жергілікті тұрғындар бой түзейді. Нәзік жан ауылшаруашылық кооперативтің тізгінін қолына алды. Бірнеше ата кәсіппен айналысатын фермерлердің басын қосқан ұйымды басқару оңайға соқпайтыны белгілі. Бірақ Солтүстік Қазақстан облысының тұрғыны жүгі ауыр жауапты қызметті абыроймен атқарып, шаруаны дөңгелетіп отыр. Өткен жылы Гүлсан Мауинаның белсенділігімен «Семиполка жалыны» кооперативі құрылды. Оған 45 үлескер кірді. Әуелі жергілікті мүйізді ірі қараның тұқымын жақсарту мақсатында төрт асыл тұқымды бұқа сатып алынды. «Ауылшаруашылық кооперативтің жұмысындағы негізгі қағида – артылған сенімді ақтау. Оның құрамына мал шаруашылығымен айналысатын ауылдастарым кірді. Мен өмір бойы Шал ақын ауданының Семиполка ауылында түтін түтеттім. Жоғары педагогикалық білімім бар. Бірақ ауылдағы мал шаруашылығын дамытуға атсалысуды жөн санадым. Асыл тұқымды бұқаларды сатып алып, олардың жергілікті ауа райына бейімделуі іспетті мәселелер туындады. Бірақ бізге мемлекет тарапынан ұсынылған демеуқаржы айтарлықтай қолғабыс етті», – деп өзінің ойымен нәзік жан бөлісті.
Нәзік жан да ата кәсіпке бет бұрған. Ол кооперацияның жұмысын үйлестірумен қатар өзінің шаруашылығын да дамытуға кіріскен.
Венера Мұстафина
14.11.2016 ж. мақала
Также читайте:
Итоги развития казахстанского АПК за 9 месяцев 2016 года
Что такое глубокая переработка зерна?