Сүт өндірісі бәсекеге қабілетті болуы шарт
Келер жылдан бастап елімізде сүт шикізатын ұсынатын шағын шаруашылықтар техникалық регламент талаптарын орындамаса, тұрақты табысынан қағылады, деп хабарлайды «Хабар 24».
Яғни, нарықта жұмыс істеу мүмкіндігі шектелуі мүмкін.
Еске сала кетейік, 2020 жылы Кедендік одақ бойынша бірыңғай техникалық талаптарды енгізу мерзімі аяқталады. Сәйкесінше, отандық экспорттаушы кәсіпорындар тұтынушыларға сапалы әрі қауіпсіз өнім ұсынуы тиіс. Мамандардың айтуынша, елімізде 150-ден аса сүт өңдеу кәсіпорны жұмыс істейді. Олар жылына 1,5 миллион тонна шикізат қабылдайды. Салада тапшылық та жоқ емес. Әсіресе, құрғақ сүт өндіру ісі көш соңында қалғандықтан, импортқа тәуелдіміз. Бұған қоса, шикізат ұсынатын қосалқы шаруашылықтар өнімінің сапасы сын көтермейді. Сондықтан Ауыл шаруашылығы министрлігіне 2021 жылға дейінгі жол картасын жүзеге асыру ұсынылып отыр.
Әлиакпар Мәтішев, «Сапа» тұтынушылардың құқықтарын қорғау ұлттық қоғамы» ҚБ төрағасы:
– Тек қана зауыттарға таза сүт түсу керек. Бір. Сосын таза болмаған сүтпен не істеу керек екенін фермерлерге жәрдем беруіміз керек. Зауыттар таза емес сүтті қабылдамау керек. Сол шоғарылған сүт тұтынушыларға жетуі керек. Осының бәрін қадағалап, жәрдем беріп отыру керек. Негізі бұлардыкі бизнес, біздікі тұтынушылардың атынан бақылап отыру.