Шағын несиелендіру: талаптылар табысқа жете ме?
Бүгінде өз ісін ашуға ниет білдіргендердің қатары қалың. Алтын бесік ауылдардың тұрғындары күнкөріс қамында жеке кәсіптерін дөңгелетуге тырысып бағуда. Бірі қолдағы қаржысын кәдеге жаратса, екіншілері мемлекеттік қолдауға иек артады. Шағын несие беру – өзін-өзі еңбекпен қамтыған және жұмыссыз тұрғындардың арасында жаппай кәсіпкерлікті дамыту жолындағы жұмыстардың бір парасы. Бүгінде оған қол жеткізгендер қандай кәсіп ашты, қолға алған істерінің ахуалы қандай?
«Малдың жайын баққан білер» деп тектен-текке айтылмайды. Солтүстікқазақстандық Сергей Паульмен тілдесіп, аталы сөздің өміршеңдігіне көз жеткіздік. Ол Қамбар ата тұқымының жайы мен күйін жете біледі. Жылқышы күнде атқа қонып, үйірге бас-көз болады. Балалық ермек күнделікті кәсіпке айналып, нәпақаға кенелтіп отыр. Өзінің және ауылдастарының жылқыларын 10 жылдан астам баққан Сергей қолындағы мал басын көбейтуге бел буған. Енді Зеленый Гай ауылының тұрғыны жылқының тұқымын жақсартуды көздеп отыр. Қағаздағы жоспарына қол жеткізу үшін іске кіріскен жылқышыны сөзге тартып, ауылдағы кәсіпкерліктің ахуалын бағамдадық.
– Таңдау жылқы шаруашылығына кездейсоқ түспеген болар!?
– Кішкентай кезімнен өзіміздегі және көрші-қолаңның жылқысын бақтым. Үйір жылқыға бас-көз болу – оңай шаруа емес. Бүгінде оларды өсірудің қыр-сырына қанықпын. Семіртілген жылқыны орташа алғанда 350 мың теңгеге саттым. 1,5-2 жастағы байталдар 220-230 мың теңге аралығында тұрады. Баға малдың тауарлық түріне байланысты белгіленеді. Сұраныс бар. Сондықтан қолымдағы жылқының санын көбейтуге кірістім. Әуелі «Бастау бизнес» жобасына қатысуды ұйғардым. 2017 жылы қаржылық сауаттылықты арттыруға, кәсіп- керліктің негіздерін үйретуге бағытталған дәрістерде қажеттінің барлығын түртіп алдық. Өзімнің көкейімдегі ойымды қағазға түсірдім. Бизнес-жоспар дайындалды. Оны сәтті қорғап, 2,5 миллион теңге көлемінде несие рәсімдедім. Жылдық мөлшерлемесі – 6%. Қаржы қолыма түскен соң, 8 биені құлынымен бірге сатып алдым. Олардың бағасы шамамен 350 мың теңге. Бүгінде менде 16 құлын, 16 бие бар. Жақында тағы біреуі құлындауы тиіс. Ендігі міндет – қолдағы жылқының санын 100-ге жеткізу. Малды өсіріп, кейін тек етке жұмсағым келмейді. Оның орнына тұқымды жақсартуды көздеп отырмын.
– Малдың тұқымын жақсарту, жалпы асылдандыру қалтаға салмақ салатыны белгілі.
Дөп бастыңыз. Асыл тұқымды малдың бағасы арзан емес. Бірақ менің мақсатым – тек ет бағытындағы мал шаруашылығымен ғана айналысу емес, қолдағы жылқының тұқымын жақсарту. Биыл әріптесімізбен бірге Мамлют ауданындағы шаруашылықтан Першерон тұқымды жабағыны 600 мың теңгеге сатып алдық. Егер тай алғың келсе, оның бағасы 3 миллионға жетуі мүмкін. Бірақ оған қаржымыз қат. Негізінен жылқының бұл тұқымы тез жетіледі және ыстыққа төзімді келеді. Сондықтан шаруа- шылығым аяққа нық тұрған соң, жылда 2-3 бас асыл тұқымды құлын сатып аламын.
– Сізде жылқыны өсірудің өзіндік әдісі қалыптасқан болар?
– Мұның барлығы тәжірибемен келеді. Бүгінде малдың күйін, қандай аурулар және қай кезде пайда болуы мүмкін екендігін жақсы білемін. «Түлік – төлден өседі» деп бекер айтпайды. Мал өсіруге селқос қарауға болмайды. Оның берекесін сезінемін десең, тер төгу қажет.
Мен жылқыны жыл бойы өзім бағамын. Тек қатты боран немесе үскірік аяз кезінде әлсіз құлындар мен жылқыларды қораға кіргіземіз. Сондықтан шырылдаған шегірткенің кебін кимеу үшін қысқа алдын ала қамданамыз. Сабан, пішен сатып аламыз. Егер малға тек шөп берсең, оның күйі көз қуантпайтыны хақ. Дәнді дақылдардың да қоры жасақталады: сұлы мен арпа. Оны берудің өзіндік мезгілі мен реті бар. Қыс кезінде тәулігіне бір жылқыға кемінде 5-6 келі жем беріледі. Оның бір бөлігін таңертең бересің. Жабағылар мен тайлар бөлек ұсталады. Себебі біріншілеріне жем жетпей қалуы мүмкін. Егер малды семіртуге қойсаң, онда таңертең және кешке бір шелектен жем бересің. Орташа алғанда 12 келі жұмсалады. Шөп 7 келі жұмсалады. Оның бір тоннасы 12 мыңға сатылады. 17-20 келілік тюктар 300-350 теңге тұрады. Мен орташа алғанда қысқа 2-3 тонна шөп, 20 тонна сабан сатып аламын. Сабанның бір тоннасы 2 мың теңге. Мен үшін малға арналған жем-шөпті өзің өсіргеннен гөрі сатып алған тиімді.
– Сізге малдың күйін, қандай ауру пайда болғанын анықтау еш қиындық туғызбайтын болар?
– Сөзіңіздің жаны бар. Жақсы жылқышының ветеринарлықтан да хабары бар. Мәселен, қазір ыстықта және шаң көтерілген кезде жылқылардың тыныс алуы қиындауы мүмкін. Егер олардың мойнында ісік және ірің пайда болып, ол ішке кетсе, онда малды аман сақтап қалу қиынға соғады. Егер сыртқы ғана белгілері байқалып, дитрим деген дәріні қолдансаң, ісік жоғалады. Оны дер кезінде аңғару қажет. Бұл ауру көбіне 1 жасқа дейінгі құлындар мен жабағыларда көбіне кездеседі. Оған бір рет шалдыққан жылқыға оның екінші рет жұғуы өте сирек кездесетін жайт.
Негізінен талғамы жоғары жылқы азықты көп жемейді. Себебі кейде іштері қатып қалуы мүмкін. Сол кезде аталарымыздан қалған әдіс бойынша қой қорасына кіргізу қажет. Олар аммиакпен демалып, мәселе шешімін табады. Мұндай мүмкіндік болмаса, онда дәріге жүгіну керек.
– Бүгінде жылқы бағудың құны қандай?
– Ниет білдірген ауыл тұрғындары өздерінің жылқыларын біздің үйірге қосады. Оның әрбір басына айына 3 мың төлейді. Жылқыны әріптесіммен бірге бағамыз. Қазір оларды түнде қамап, таң атысымен шығарамыз. Ал орақ науқаны аяқталысымен, олар түні бойы жайылымда жүреді. Әртүрлі жағдайлар орын алады. Кейде желдің соңынан ерген жылқыны табу қиынға соғады. Кейбірі үйірден бөлініп кетеді. Біз көбіне ауылдан 18-20 шақырым жердегі тұзды көлдің айналасында жылқыларды жаямыз.
Бастауға ықылас бар
Тайынша ауданының тұрғыны Әлихан Озаев та тәуекелге бел буып, өз ісін бастаған. Өткен жылы қолындағы қаржысына 20-дан астам қой сатып алған. Ұсақ малдың санын көбейту үшін шағын несиеге жүгінуді жөн санаған. Әуелі кәсіпкерлік пен маркетинг бойынша білімін жетілдірген. Бизнес-жоспары құпталып, жақында 2 млн теңге көлемінде несиеге қол жеткізген. Әлихан қаржыға 76 бас қой сатып алуды жоспарлап отыр. Оның әрбіреуіне 25 мың теңге жұмсалуы тиіс.
– Ауыл тұрғындары үшін мал шаруашылығы – кіріс көзі. Оған бойымыз әбден үйренген. Сондықтан көп ойланбай, қой өсіруге дендеп кірісуді жөн көрдім. Бұған дейін отарда 30-40 қой болатын. Оларды өсіріп, 23-27 мың теңге аралығында саттым. Егер қойды бір жасқа дейін бақсаң, онда оның салмағы 30 келіден асады. Барлығы күтімге байланысты. Алдағы уақытта малды асылдандыру жұмыстарын қолға алуды жоспарлап отырмын, – деп өзінің алғашқы қадамдарын Әлихан Озаев тізді.
Тайынша ауданында 2017 жылы «Бастау бизнес» жобасы бойынша 164 адам білім көкжиегін кеңейткен. Кәсіпкерліктің әліппесін меңгерген 40 жуық тұрғын өз ісін ашуға немесе кеңейтуге бекінген. Дені несиеге иек артса, 3 адам өз қаржысы есебінен жеке кәсібін дөңгелетіп отыр. Биыл 64 адам кәсіпкердің дағдыларын меңгеруге ниет білдірген. Олардың 12-сі біліп-түйгенін іс жүзінде кәдеге жарату үшін несиеге өтінім жолдаған. Жобаға қатысушылар арасында ауыл шаруа- шылығы саласын таңдағандар аз емес.
– «Бастау бизнес» бойынша өз ісін бастаған немесе кеңейткен адамдар бүгінде кәсіптерін дөңгелетіп отыр. Олардың ешбірі жабылған жоқ. Біз сараптама жүргізіп тұрамыз. Жақында прокуратура өкілдері де тексерді. Тұрғындар кәсіпкерлікке бет бұруға ынталы. Олар жаңа дағдыларды, маркетингтің негіздерін, бизнес-жоспарды дұрыс жасаудың талаптарын меңгеруге қызығушылық танытатыны қуантады, – дейді «Бастау Бизнес» бағдарламасының Тайынша ауданындағы үйлестірушісі Ажар Байбақышева.
2017 жылы аталған жоба бойынша еліміздің 15 мың тұрғыны кәсіпкерліктің негіздерін меңгерген. Олардың 8 мыңнан астамы бизнес-жоспарларын қорғаған. Бірақ жеңілдетілген шағын несие тек 3 мыңнан астам адамға жеткен. Енді биыл нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы аясында жаппай кәсіпкерлікті дамытуға қарастырылатын қаржы көлемі ұлғайтылды. Шағын несиелеуге қосымша 20 миллиард теңге бөлініп, оның жалпы көлемі 62,4 миллиард теңгеге жетіп отыр. Оның 45,3 млрд теңгесі ауылдық жерлерге, 17,1 млрд теңге қалаларға бағытталады. Нәтижесінде өз ісін бастаған немесе кеңейткен адамдардың қатары 2017 жылмен салыстырғанда 2 есеге артпақ. Шағын несиеге 14 мың адам қол жеткізеді деп жоспарланған. Оның 11 мыңын ауылдықтар, 3 мыңын қалалықтар құрауы тиіс. Бұл жүзеге асырылып отыр.
Оған қатысуға ниет білдіргендер үшін талап қойылған. Біріншіден, екі қолға бір күрек таба алмай жүрген және өзін-өзі жұмыспен қамтыған жандар «Бастау бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерліктің негіздерін меңгеруі шарт. Биыл ел бойынша 30 мың адамды оқыту жоспарланған.
– Елбасының 4-ші бастамасын нәтижелі жүзеге асыру үшін бағдарламаға өзгерістер енгізу қарастырылып отыр. Біріншіден, ауылшаруашылық өнімдерінің көлемін арттыру және оның кепілдендірілген түрде өткізу мақсатында ауылшаруашылық қайта өңдеу кәсіпорындары айналасында якорлы кооперацияларды дамыту көзделіп отыр. Екіншіден, шағын несиеге қол жеткізетіндердің қатарын көбейту үшін дифференциалды лимиттер белгіленген: ауылдық жерлер үшін 6 млн теңгеге дейін, қалалар мен моноқалалар үшін тиісінше 15,6 млн және 19,2 млн. Үшіншіден, географияны кеңейту және микроқаржы ұйымдарының қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін шағын несие ресурстарын кепілсіз негізде ұсыну қарастырылып отыр. Төртіншіден, жаңа бизнесті ашуды кеңейту үшін шағын несиелеуге үміткерлер арасынан өз ісі бар кәсіпкер- лерді алып тастау жоспарланып отыр. Бұл тек якорлы кооперацияны дамытуға бағытталған жобаларға ғана қатысты болмайды, – деп түсіндірді ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Нариман Мұқышев.
Венера Мұстафина
16.07.2018 ж. мақала