Қызылордада күріш өңдеу зауыты іске қосылды
Қызылордада «Байқоңыр инвест» инвестициялық форумы аясында күріш өңдеу зауытының ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.
Соңғы жылдары облыс күрішшілері мол өнім алуда. Үстіміздегі жылы аймақ тарихында бұрын-соңды болмаған 500 мың тоннадан астам күріш жиналды.
Сонымен қатар, биыл облыста ирандық күріштің «Торем Хошеми» сорты егілді. Форум аясында Қызылорда күрішінің сортын Иран Ислам Республикасына жеткізу туралы меморандумға қол қойылды. Қазіргі таңда қызылордалық күріш өсірушілер өз өнімдерін әлемдік нарыққа шығаруға жұмыс істеуде.
«Абай Даулет» ЖШС Қызылордада күріш өңдейтін зауыт салды.
Қазіргі таңда кәсіпорында 80 адам жұмыс жасайды. Алдағы уақытта жұмысшылардың санын 100-ге дейін жеткізу жоспарлануда. Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев зауыт ұжымына сәттілік тілеп, Социалистік еңбек ері Амангелді Ахметов күрішшілерге жылы лебізін жеткізді.
«Абай Даулет» ЖШС басшысы Даулет Сарсенбаевтың айтуынша, зауытта сағатына 7 тонна астық қайта өңделеді. Кәсіпорында қалдықсыз өндіріс қолданылады.