Егістік және жинау жұмыстарына қалай несие алуға болады? «ҚазАгроның» кеңесі

1. Егін егу және жинау жұмыстарын жүргізуді мемлекеттік қолдау туралы.

Ауылдық жерлердегі басты аграрлық жұмыстарда шаруаларды қолдау мақсатында мемлекет тарапынан жыл сайын бюджеттен қаржы бөлінеді. Бұл – жыл сайын жасалатын, әрі қалыптасқан үрдіс. 2017 жылы бұл мақсаттарға «ҚазАгро» құрылымдары арқылы 60 млрд теңге бағытталып отыр. Биылғы көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын қаржыландыру бағдарламасының операторы болып «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ (Корпорация) бекітілді.

Мемлекеттік қолдаудың арқасында кредиттер арзандатылып отыр. Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі, «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі және оның еншілес ұйымдары тұрақты түрде кредит мөлшерлемесін оңтайландыру бағытында жұмыс жасап келеді. Биылғы жылы көктемгі егіс жұмыстарына берілетін пайыздық мөлшерлеме айтарлықтай төмендетілген.

Қазіргі таңда шаруалар тікелей Корпорациядан бұрынғы 5 пайыздық кредиттің орнына 2 пайыздық заемды ала алады. Ал егер несие екінші деңгейлі банк арқылы берілетін болса, соңғы қарыз алушы үшін кредиттеу мөлшерлемесі 6%-дан аспайды. Өйткені банкке қойылған мөлшерлеме 3,7 пайыздан 2 пайызға дейін қысқартылды. Егер қаржыландыру кредиттік серіктестік немесе микроқаржы ұйымы арқылы жүзеге асырылатын болса, соңғы қарыз алушы үшін мөлшерлеме 6%-дан аспайтын болады. Бұл жағдайда да кредиттік серіктестік пен микроқаржы ұйымдары үшін кредиттеу мөлшерлемесі 5 пайыздан 3 пайызға дейін төмендетілді.

«ҚазАгро» Холдингі бюджет қаражатынан бөлек, отандық шаруашылықтар мен агроқұрылымдарды қолдауда өзге қаржыландыру көздерін де тартпақ. Мысалы, 2016 жылғы егін егу мен жинау науқандарына Холдинг бюджеттік кредиттерді қоса алғанда – 114,9 млрд теңге, ал 2015 жылы – 101,3 млрд теңгені бағыттаған.

kredit-na-posevnuyu-i-uborochnuyu

2. Көктемгі егіс жұмыстарына берілетін кредиттерді қайдан және қандай шарттармен алуға болады?

Фермер көктемгі егіс жұмыстарына берілетін кредиттерді екінші деңгейлі банктердің кепілдігімен тікелей Корпорациядан ала алады. Сондай-ақ несиелерді екінші деңгейлі банктерден, кредиттік серіктестіктерден, микроқаржы ұйымдарынан да алуға болады. Өйткені бұл қаржы институттарын Корпорация қорландырып отыр.

Корпорациядан несие алу үшін шаруалар тұрғылықты тұрып немесе жұмыс істеп жүрген жерлердегі 13 аймақтық филиалдың біріне, сондай-ақ Астана қаласында орналасқан орталық кеңсеге келіп, мына құжаттарды ұсынуы тиіс:

  • қаржыландыруға өтініш;
  • шаруа және фермерлік қожалықтар, жеке кәсіпкерлер немесе заңды тұлғалар несие алуға қажетті құжаттардың тізімін Корпорацияның сайтынан, мына сілтемеден жүктей алады: http://www.kazagro.kz/web/acc/spring-field-harvest.

Екінші деңгейлі банктер, кредиттік серіктестіктер мен микроқаржы ұйымдарынан заем алу үшін жоғарыда аталған қаржы ұйымдарының тұрғылықты тұрып немесе жұмыс істеп жатқан мекен жайлары бойынша филиалдарына өтініш беру керек.

Корпорациямен жұмыс жасайтын екінші деңгейлі банктер, кредиттік серіктестіктер мен микроқаржы ұйымдарының тізімін http://www.kazagro.kz/web/acc сайтынан немесе 8-8000-80-00-08, 8 (7172) 55-99-64, 55-99-65 телефондарына хабарласып білуге болады.

3. Бюджеттік кредитті кімдер ала алады? Және үміткерлер қандай талаптарға сай болуы тиіс?

Бюджеттік кредитті заңды (соның ішінде ауыл шаруашылығы кооперативтері) және жеке тұлғалар (шаруа қожалықтары, фермерлік қожалықтар, жеке кәсіпкерлер), кредиттік серіктестіктер, микроқаржы ұйымдары мен екінші деңгейлі банктер ала алады. Несие көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын жүргізу үшін айналым қаражатын толтыру, сондай-ақ кейіннен өсімдік шаруашылығы өнімін сатып алу арқылы шаруаларды қаржыландыру мақсатында беріледі.

Қарыз алушыларға қойылатын негізгі талаптар:

  • төлем қабілеттілігі және қаржылай тұрақтылығы;
  • банктер мен өзге қаржы институттары алдындағы мерзімі өткен берешегінің болмауы;
  • кепілге қойылатын мүліктің болуы;
  • қызметін жүзеге асыру барысында, бірақ дақылдар тұрғысынан 3 жылдан аспайтын уақыт аралығында егілген нақты көлемдер мен өнімділігі туралы мәліметтерді растайтын құжаттар;
  • егістік жерлердің бар екенін растайтын құжаттардың болуы, оның ішінде бірлескен қызмет туралы шарттар бойынша.

4. 2017 жылы көктемгі егіс жұмыстарын қаржыландырудың жаңа ережелері қабылданды. Олардың ерекшелігі неде?

Егістік алқаптарын әртараптандыру мақсатында, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі, биыл несиелеу барысында басымдыққа ие болатын бірқатар ауыл шаруашылығы дақылдарын белгіледі. Олар: бірінші кезекте, майлы дақылдар (күнбағыс, рапс, зығыр, соя), арпа, қант қызылшасы, күріш, астыққа арналған жүгері, мақта, сұлы және картоп.  Басымдыққа ие дақылдарға бөлінетін 22 миллиард теңгенің сомасы 2017 жылдың 1 сәуіріне дейін сақталады. Бұдан соң, қалған ақша шаруалардан түскен өтініштер бойынша үлестіріледі. Егер бұл қарастырылған қаражат толықтай игерілмесе, қалған ақша барлық дақылдарға, соның ішінде басымдыққа ие дақылдарға да берілетін болады.

Бұған қоса, егіс жұмыстарының мерзімі шектеулі екенін ескерсек, несиелердің қолжетімділігін арттыру және мүдделі шаруалардың ауқымын ұлғайту мақсатында Корпорация өзге қаржы институттарын тартты. Яғни тікелей бюджеттен кредит алған Корпорация көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын қаржыландыру үшін қорландыру арқылы екінші деңгейлі банктер, кредиттік серіктестіктер мен микроқаржы ұйымдарын жұмылдырып отыр.

5. Астық өндірушілері бюджеттік кредитті ала алады ма?

Қазақстанның астық өндірушілері де бюджеттік кредитті ала алады. Жоғарыда айтылғандай, мемлекеттік бюджеттен бөлінген 60 млрд теңгенің  22 миллиарды 1 сәуірге дейін басымдыққа ие дақылдар үшін сақталады. Қалған 38 миллиард теңге өзге дақылдарға, соның ішінде бидай дақылдарына да үлестіріледі. 1 сәуірден соң 22 млрд теңге резервтен алынып, игерілмеген қаржы болса ерекшелігі мен басымдықтарға қарамай барлық дақылдарға  беріле бастайды.

6. Шағын фермерлік қожалықтар мен кредит алуға алғаш ниет танытқандар несиені қалай ала алады?

Шағын фермерлік қожалықтар мен кредит алуға алғаш ниет танытқандар да ірі агроқұрылымдар сияқты тікелей Корпорацияға, немесе кредиттік серіктестіктерге, микроқаржы ұйымдарына, екінші деңгейлі банктерге келіп өтініш қалдыра алады. Кәсіпорынның көлемі бойынша шектеулер немесе талаптар қойылмайды.

Алайда, жаңадан несие алушылар мен шағын қожалықтарға кредиттік серіктестіктерге өтініш беруге кеңес береміз. Өйткені кредиттік серіктестіктердегі несиелер – айналым капиталын толықтырудың оңай, әрі тез тәсілдердің бірі. Өтініштерді қараудың қысқа мерзімі, талап етілетін құжаттардың аздығы мен қолайлы кепіл саясаты бар кредиттік серіктестіктер – шағын шаруа қожалықтарының иелері мен кәсібін енді ғана дөңгелете бастағандар үшін өте қолайлы.

7. Кепілге қояр мүлкі жеткіліксіз шаруаға не істеу керек?

Көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын кредиттеу бағдарламасының шарттарына сәйкес, кепілге аудандарда орналасқан жер телімдері, тұрғын үйлер, жылжымалы және жылжымайтын мүлік, мал, ауыл шаруашылығы техникасы алынады.

Егер кәсіпкердің кепілге қояр мүлкі жеткіліксіз болса, онда өтінішті кредиттік серіктестіктерге берген жөн. Бұл жағдайда кепілзат салушы ретінде оның туыстары немесе басқа үшінші тұлғалар қатыса алады.

«ҚазАгро» холдингі» АҚ баспасөз қызметі

Поделиться материалом

Читать ещё

  • Опрос

    Каковы перспективы у запрета на импорт пшеницы в РК?

    Показать результаты

    Загрузка ... Загрузка ...
  • Архивы