Құрама жем зауыттарының әлеуеті толық пайдаланылмайды
Еліміздегі құрама жем өнеркәсібі әлі де қанатын кеңге жая алмай отыр. Қолданыстағы зауыттар бар-жоғы 48% жүктелген. Бар гәп шығарылған өнімге сұраныстың аздығына, тұрақты өткізу нарығының жоқтығына тіреледі. Тәуекелі басым кәсіппен айналысуға көпшілік әлі де иемене қарайтын сыңайлы. Енді құзырлы министрлік мемлекеттік қолдаудың арқасында құнарлы мал азығы өндірісін және оған деген сұранысты ынталандыруды жоспарлап отыр.
Өнімділікті арттыруға басымдық беріледі
Отандық құрама жем өнеркәсібінің дәурені 1990 жылдары дүрілдеген. Бірақ төрт түлік пен құс санының құлдилауына байланысты саланың тынысы тарылған. Құнарлы мал азығына сұраныстың төмендеуіне еліміздегі мүйізді ірі қараның 80% астамы жеке қосалқы шаруашылықтарда шоғырлануы да әсерін тигізген.
2010 жылдан бері мал азығы өндірісін қайта жандандыру мықтап қолға алынды. Техникалық тұрғыда жаңартуды талап ететін зауыттар мемлекеттік демеудің игілігін сезінді. Бүгінде атқамінерлер жеңілдетілген қаржыландыруға және инвестициялық демеуқаржыландыруға үміт артады. Оның арқасында 2020 жылға дейін ірі құрама жем зауыттарында жаңғырту жұмыстары жүргізілуі тиіс. Әзірге бұл тек қағаз жүзінде межеленген міндеттер. Бүгінгі құрама жем өндірісінің ахуалын бағдарласақ, оған бет бұрған кәсіпорындардың қатары шамамен 70-ті құрайды. Олардың жалпы жылдық қуаттылығы 2 миллион тоннаға жуықтайды. Бірақ іс жүзінде отандық құрама жем зауыттары бар-жоғы 48% жүктелген. Олардың шығаратын өнімі 1 миллион 300 мың тоннаға тең. Бірақ бұл қажеттілікті толық өтемейді. Әлі де еншіміздегі қор қат. Ақуызды және энергетикалық мал азығы, биологиялық белсенді заттар тапшы. Бар гәп мал азығын өткізуде және саудалау көлемінде тұрақтылықтың жоқтығына тіреледі.
– Құнарландырылған құрама жемді дайындауға қажетті қоспалардың дені Батыс Еуропа, АҚШ мемлекеттерінен жеткізіледі. Оның құны доллардың өсуіне байланысты еселене түсетіні мәлім. Бағасы қалтаға салмақ салатындықтан, ұсақ тауар өндірушілер мен құс өсірушілер қоспаларды сатып алудан бас тартады. Бірақ қосымша дәрумендер, минералдар, макро және микроэлементтер, аминқышқылдар, ақуыз қолданылмаса, мал шаруашылығындағы өнімділік 50% дейін құлдилауы кәдік. Өндірілген отандық құрама жемге сұраныстың азаюынан жергілікті мамандандырылған кәсіпорындар тоқырауға ұшырауы мүмкін. Оның салдарынан мал азығы қоспалары бойынша сыртқа алақан жаюымыз ықтимал. Сондықтан мал және құс шаруашылықтарын мал азығы қоспаларын отандық өндірушілерден сатып алуға ынталандырып, демеуқаржыландырудың тетігіне иек артқан абзал. Оның арқасында құрама жем өнеркәсібін дамыту мәселесі шешіліп, мал және құс шаруашылығында сандық және сапалы көрсеткіштердің жақсаруына әсер етеді, -деп мәселенің мәнісін Қазақстан құс өсірушілер одағының президенті Руслан Шәріпов тергіштеді.
Құрама жем өнеркәсібін өркендету 2017-2021 жылдарға арналған Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың мемлекеттік бағдарламасы тұжырымдамасының жобасында көрініс тауып отыр. ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары Қайрат Айтуғановтың сөзіне сүйенсек, саладағы өндіруші зауыттардың жүктелуін 80% дейін ұлғайту көзделген. Оның арқасында қосымша бір миллион тонна құнарлы құрама жем өндірілмек. Межені бағындыру үшін еліміз бойынша мал азығы теңгерімін әзірлеу және қолданысқа енгізу жұмыстары қолға алынбақ. Егіс алқаптарын әртараптандыру жұмысы жалғасын тауып, жем-шөп дақылдарының алқаптары ұлғайтылады. Мемлекеттік қолдау арқылы құрама жем өндірісін және оны тұтынуды ынталандыру, жайылымдық жерлердің құнарлығын жақсарту жоспарланып отыр.
Тұрақты өткізу нарығы қажет
Құрама жем құс шаруашылығында кеңінен кәдеге жаратылады. Бүгінде оның жалпы қажеттілігі 1545 мың тоннаны құрайды. Саладағы кәсіпорындардың қатары 60-қа жетіп отыр: 33-і жұмыртқа өндіреді, 19-ы етті және 8-і асыл тұқымды бағытта. Салаға бет бұрғандардың дені жеке өндірісті оң жолға қоюға тырысады. Оның тиімділігіне «Қазгер-Құс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі көз жеткізген. Әуелі құс фабрикасы тауыққа арналған құнарлы азықты сырттан дорбалады. Б ірақ бұл қ алтаға қ атты салмақ салған. Шығынға батпау үшін құрама жем зауытының іргетасын қалау ұйғарылды. Қажетті құрылғылар орнатылып, шикізат сатып алынды. Оның алғашқы жемісі 2008 жылы сезілді. Әуелі зауыттың қуаттылығы сағатына 5 тоннаны құраған. Бүгінде оның қауқары екі есе арттырылды. Отандық жұмыртқа өндірісіндегі көшбасшы құс фабрикаларының бірі құрама жемге қажеттілікті өз күшімен өтейді. Нарыққа жылына 300 миллион жұмыртқа ұсынатын кәсіпорын тауыққа арналған азықтың дайындалуына және құнарлығына баса мән береді.
«Құрама жемді өзіміз өндіргендіктен, оның сапасы бойынша ешбір күдік туындамайды. Құнарлы қоспалардың түрлері көп. Оның мөлшері құстардың жасына байланысты реттеледі. Белгіленген талаптар қатаң сақталады. Оның арқасында жұмыртқа өндірісінде өнімділікті еселедік», – деп серіктестіктегі құрама жем зауытының жұмысына «Қазгер» ЖШС директорының коммерция бойынша орынбасары Яков Мартин тоқталды.
Балапанның 40-45 күннің ішінде кемінде 2-2,5 келі салмақ жинауы құнарлы азық түрлерін талап етеді. Сапалы құрама жемді өндіру үшін 10-нан астам дақыл түрлері мен қоспалар кәдеге жаратылады: 74 пайызы астыққа, арпаға және жүгеріге тиесілі. 25% соя және күнбағыс күнжарасы, сұйық май, балық ұны құрайды. Сонымен қатар оның құрамында қоспалар мен дәрумендер де бар. Мамандардың байламынша, тауыққа арналған құнарлы азыққа барлық шығындардың 60% астамы жұмсалады. Оның ішінде тек дәнді және майлы дақылдар отандық, ал қоспалар сырттан дорбаланады. Шетелдік нарықтан жеткізілетін дәрумендердің құны қымбаттаған сайын оның кері өнімнің өзіндік бағасына әсер етеді. Сондықтан құрама жемге қажетті компоненттердің отандық өндірісін жолға қойып, оның өзіндік құнын арзандату қажет дейді тауар өндірушілер.
– Нарықта құрама жемнің құны қалта қағады. Оған жұмсалатын шығын өзіміздің зауытымыз іске қосылғаннан бері азайды. Өндірілген құрама жем құс фабрикамызды 100% қамтамасыз етеді. Өндіріс тек ішкі тұтынуға бағытталған. Оны басқа тауар өндірушілерге сатуға қосымша қуаттылықтар қажет. Егер құрама жемді өткізу мәселесі туындамай, оның нақты кепілдіктері қарастырылса, сыртқы сауданы қолға алуға болады. Бірақ макроэкономикалық жағдай құбылмалы сипатқа ие. Егер жыл басында астықты белгілі бір бағамен сатып алсақ, бүгінде оның құны өзгерген. Тағы бір түйткіл: зауыттағы құрылғылар әбден тозады. Оны жаңарту үшін шетелге қолқа салу қажет. Мұның барлығы түптеп келгенде дайын өнімнің бағасына әсер етеді, – деп мәселенің мәнісін Яков Иванович жайып салды.
Құрама жем өнеркәсібі мемлекеттің «жылы алақанын» сезінбек. Бірақ ұсынылған тетіктер бойынша тауар өндірушілердің пікірі екіге жарылған. Бірі оның ауадай қажеттігін алға тартса, екіншілері қазына қаржысына салмақ салмауды құптайды. «Құрама жем зауыттарының толық қуаттылыққа көшпеуі – кәсіпкердің тәуекелі. Бұл мемлекеттің емес, оның бас ауыртатын мәселесіне айналуы тиіс. Оның жеке проблемасын неліктен мемлекет шешуі тиіс? Бәлкім жаңа жобаларды қолдау қажет болар», – дейді Яков Мартин
1990 жылы елімізде 4 миллион тонна құрама жем және ақуызды-дәруменді қоспалар өндірілген. Олардың 1 миллионнан астамы құс шаруашылығының қажеттілігіне жұмсалды.
Венера Мұстафина
28.11.2016 ж. мақала
Также читайте:
Линия ВТМ превзошла все ожидания при производстве комбикормов!