Қазақстандық бал өндірушілер Қытай нарығына кіреді
Осы мақсатта азық-түлік қауіпсіздігін бақылау және бал өндіретін қазақстандық кәсіпорындарға тексеру жүргізу үшін қытайлық сарапшылардың инспекциялық тобы Қазақстан Республикасына келді.
ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің қолдауымен сарапшылар Алматы, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан облыстарындағы бірқатар бал өнімдерін өндіретін кәсіпорындарды тексереді. Осы инспекцияның қорытындысы бойынша қазақстандық балды Қытай нарығына шығару туралы шешім қабылданады.
2018 жылдың 5 мамырында делегация Алматы облысының Алакөл ауданындағы кәсіпорындарды тексеруді бастайды. Жоңғар-Алатау ұлттық паркінде орналасқан «Лепсі-өнімі» кәсіпорнына тексеру жүргізілді. Кәсіпорын зәкірлі өндіріс үлгісі болып табылады, себебі олар өз омарталарынан басқа, жергілікті омарташылардан да бал алып, өнімнің біртектес дәмі мен хош иісін анықтайды.
Инспекциялық топтың Қазақстан Республикасы аумағына шақырылуы – Елбасының отандық ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің экспорттық әлеуетін арттыру, бірінші кезекте агроөнеркәсіптік кешендегі еңбек өнімділігін және экспорттық өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерін 2,5 есе арттыру керек деп қойған тапсырмасын жүзеге асырудың бірден-бір жолы болып табылады.
Сондай-ақ, жұмыс барысында Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері инспекциялық топтың сарапшыларына және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне Республикамыздағы ең ірі асыл тұқымды «Ангус» және «Герефорд» репродукторларын, Алакөл ауданында орналасқан ет комбинаттарымен бірге бордақылау алаңдарын және бекіре тұқымдас балық фермасының жұмыстарымен таныстырды.
Инспекциялық топтың оң қорытындысы отандық тауар өндірушілер үшін дамудың перспективалық бағыттарын ашып, өнімнің көлемін ұлғайтуға, техникалық және экономикалық әлеуетті арттыруға мүмкіндік береді
Дерек көзі: ҚР АШМ Қоғаммен байланыс