Қазақстанда мал шаруашылығы өндірісінің артқаны байқалды
2017 жылдың бірінші тоқсанындағы ауыл шаруашылығының жалпы өнімі өткен жылдың дәл осындай кезеңімен салыстырғанда 2,9%-ға артып, 353,7 млрд теңгені құрады. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары Қайрат Айтуғанов хабарлады.
«Мал шаруашылығы өнімінің өндірісі 3%-ға (339,1 млрд теңге) артса, өсімдік шаруашылығы өткен жылдың деңгейінде сақталды – 14,4 млрд теңге. Аталмыш кезеңде азық-түлік өндірісінің өсімі 3,4% құрады», – деп хабарлады Қ. Айтуғанов.
Айта кетерлік жайт, Қазақстанның барлық аймақтарында ауыл шаруашылығы өнімінің өндірісі артқан.
«Ауыл шаруашылығының негізгі капиталына инвестиция көлемі ағымдағы жылдың қаңтар-ақпан айларында 6,6%-ға өсіп, 19,4 млрд теңгені құрады», – деп толықтырды бірінші вице-министр.
Қ.Айтуғановтың айтуынша, мал шаруашылығы саласында ет өндірісі 3,8%-ға, сүт 3,6%-ға көбейді.
«Мал шаруашылығы саласындағы өндірістің артуына жеке ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру септігін тигізді. Сонымен, 2017 жылдың бірінші тоқсанында 182 дана кооператив құрылды, оның 62 сүт қабылдайтын пунктісі бар кооператив, 58 мал бауыздайтын пунктісі бар кооператив», – деп толықтырды спикер.
Сонымен қатар, Қайрат Айтуғанов атап өткендей, бүгінде Қазақстанның оңтүстік аймақтарында көктемгі егін егу жұмыстары жүргізілуде. Айта кетерлік жайт, ауыл шаруашылығы министрлігінің республикалық бюджетінен 2017 жылдың егін егу науқанына 318,1 млрд теңге бөлінді.
«Есепті кезеңнің игеру жоспары 106,1 млрд теңгені құраса, нақты 101,9 млрд теңге немес 96% игерілді», – деп түйді Айтуғанов.
Дерек көзі: strategy2050.kz