Ірілендірудің жемісі қандай?
Бірігуге бет бұрғандар мемлекеттің жылы алақанын сезінеді. Атқамінерлер ауылшаруашылық кооперативтердің артықшылығы мен тиімділігін дәріптеуге мықтап кірісті. Қолға алынған ірілендіру науқанына үміт артқан шаруалар күш-жігерді бір арнаға тоғыстыруға кіріскен.
Қуаныш Қыстаубай тарих мамандығының меңгергенімен, бүйрегі ауыл шаруашылығына бұрды. Алматыда білім алған ақтөбелік жарымен бірге туған ауылына оралып, отбасылық кәсіпті дөңгелетуге кірісті. Таңдау ата кәсіпке түскен. Тәуекелге бел буған Ойыл ауданының тұрғыны 2003 жылы төрт түліктің қарасын көбейтуге мықтап кірісті. Мүйізді ірі қарамен қатар жылқы және қой шаруашылығы қолға алынды. Кәсіптің тынысы кеңейгенімен, өткізу нарығының тұрақсыздығы аяққа тұсау салған. Әлекке салынбау үшін шаруа қолдағы малдың санын азайтуға бекінген. Нәтижесінде Қуаныш Тұрғанбайұлы Шопан ата тұқымын өсіруден бас тартқан.
– Бастапқыда отардағы қой 700-ге дейін жетті. Бірақ оны өсірудің машақаты көп. Қыстағын ұйымдастырып, қой қотыр болмас үшін оны дер кезінде қырқып тұру керек. Шопан ата тұқымының бағасы да көңіл көншітпейді. Отарды бағатын адамды шырақпен іздеп таппайсың. Мен үшін қой шаруашылығы тиімсіз болғандықтан, одан бас тарттым. Егер баққан малды өткізудің тұрақты көзі және қолайлы баға ұсынылса, онда кәсіптің асығы алшысынан түсетіні даусыз, – деп шаруашылығының ахуалын «Мерей» ЖШС басшысы Қуаныш Қыстаубай тергіштеді.
Бүгінде оның еншісінде 100 бас ірі қара және 80 жылқы бар. Оны ет түрінде сатады. Талапқа сәйкес мал сою цехы ашылған. Биыл 50 бас ірі қара семіртіліп, бір бөлігі сәуір-мамыр айларында өңірдегі ет комбинатына жол тартпақ. Қалғанын базарда саудалауға тура келеді. Шаруа бұған дейін етті көршілес облыстарға тасымалдаған. Бірақ оның құны қалта қағады. Сондықтан ақтөбелік тұрғын тек жергілікті нарықпен шектелуді ұйғарған. «Қысқа шөпті сақадайсай қамдаймын. Бірақ жемге келгенде тығырыққа тірелемін. Оның бағасы нарықта күйіп тұр. Бұл делдалдардың қитұрқы әрекетінен туындайды. Сондықтан өндірушілер мен тұтынушылар арасында тікелей байланыс көпірі орнатылса құба-құп. Сатылатын малды табу да әбігерлейді. Көбіне солтүстік өңірлерге қолқа саламыз. Симментал тұқымды сиырларды сатып алу қажет. Бірақ біреуінің құны 750-900 мың теңгеге бағаланады. Тауарлық малдың өзі 300-400 мың теңге тұрады», – деп қынжылды шаруа.
Белсенді кәсіпкер табысқа тоқ мейілсімейді. Ол «Дастарханда наны жоқтың, тамағының сәні жоқ» деген аталы сөзді қаперге алған. Бүгінде наубайхана өнімнің 20 түрін ұсынады. Аймақтағы диірмен-дерден ұн сатып алынады. Қамырдан тоқаштар, бәліштердің түр-түрі, самса әзірленеді. Тәулігіне 1 мыңға дейін бөлке нан пісіріледі. Оны Қуаныш Тұрғанбайұлының ауылдастары және көрші елді мекендердің тұрғындары тұтынады. Өнімге мектептер мен балабақшалар тарапынан да сұраныс бар. Сапалы нан өнімдерін пісіру жолында 20 адам тер төгеді.
Ауылда түтін түтететін ағайын үшін мал өсіру – күнкөрістің негізгі көзі. Бірақ одан түсетін пайда мәз емес. Бейнеттің зейнетін сезіну үшін Қуаныш Қыстаубай күш-жігерді бір арнаға тоғыстыруды жөн санаған.
– «Жалғыздың үні шықпас» демекші, ауылдастарымен күш-жігерді біріктіруге тәуекел еттім. Ұсақ шаруа қожалықтарын ірілендірудің жемісі мен нәтижесін сезінуге үміт артамыз. 2016 жылдың желтоқ-санында «Жаңа қадам» ауылшаруашылық өндірістік кооперативі құрылды. Оның құрамында 24 адам бар: 3-уі фермерлік қожалықтардың жетекшілері, өзгелері-жеке аулаларында мал өсіретін тұрғындар. Бірігу нәтижесінде бүгінде кооперативке 130 бас сиыр, 209 қой қарасты. Межеленген міндеттер бір төбе. Әуелі сүт бағытында жұмысымызды қамшылау қажет. Бұл бағытта ақты тасымалдайтын көлік еншіленді. Енді сүтті 50 сиыр сатып алу көзделген. Cебебі қолдағы малдың өнімділігі төмен, – деп жоспарларымен ақтөбелік шаруа бөлісті.
Әріптесінің пікірін Батырғали Қалдымұратов қостайды. 2016 жылдың наурыз айында Темір ауданының Ақсай ауылында «Рамазан-Ақсай» ауыл-шаруашылық өндірістік кооперативі құрылды. Оның қатарына 24 адам кірген: 1-уі – шаруа қожалығының басшысы, 23-і жеке ауладағы төрт түліктің иелері.
– «Қолы қимылдағанның, аузы қимыл-дайды» – деп тектен-текке айтылмайды. Білегін түрген адамның ісі өнеді. Әуе-лі ауыл тұрғындары ірілендірудің мәні мен маңыздылығын түсінбей, кооперацияларға күдікпен қарады. 9 ай ішіндегі жұмысымыздың нәтижесін көрген қалың жұртшылық қатарымызды толықтыруға құлшынып отыр. Ірілендірудің болашағына көз жеткізгендер тарапынан сұраныс артты. Биыл кооперациямыз 200 адамға дейін көбеймек. Бүгінде 120 ірі қараға бас-көз болсақ, енді табындағы мал саны 600-ден асып жығылады, – деп келешектің еншісіндегі шаруаларды «Рамазан-Ақсай» АӨК директоры Батырғали Қалдымұратов жіпке тізді.
Бірігуге бел буған тұрғындар сүт және ет бағытындағы қам-қарекеттерге жан бітіруге кірісті. Малдың тұқымын, қоңын жақсарту нысанаға алынған. Әуелі 4 асыл тұқымды бұқа сатып алынды. Нарықтық бағаға сәйкес әрқайсысына 330 мың теңге жұмсалған. Қаржының 50 пайызын мемлекет демеуқаржы есебінен кооператив мүшелеріне қайтарды. Сонымен қатар селекциялық-асылдандыру жұмыстары қолға алынып, әрбір сиырға 18 мың теңге төленген.
«Асыл тұқымды мал өсіру – тиімді. Оның өнімділігі 2-3 есе жоғары. Мәселен, асыл тұқымды малдың төлі 270-300 келіге дейін тартса, қолдағы түліктің торпағы 210-220 келі салмақ жинайды. Айырмашылық елеулі. Өткен жылы 30 бас ірі қараны мал бордақылау алаңына тапсырдық. Оның тиімділігі сезіледі. Сондықтан өзгелерге қолқа салмауды шештік. Биыл бордақылау алаңын салып, малдың қоңын жақсартуға кірісеміз», – деп айқындалған жұмыстарды Батырғали Бақытқалиұлы бағамдады.
Өткен жылы кооператив мүшелері бақташыны іздеп сандалған. Тығырықтан шығу үшін өздерінің арасынан сайлаған. Бірі – мал бағу жүгін арқаласа, екіншісіне оның қосшысы міндеті жүктелген. Ол үшін арнайы 3 жылқы сатып алынған. Қамбар ата тұқымымен табын сиыр жайылымдарда бағылады.
– 2016 жылы кооператив мүшелерінің күшімен мал азығымен қамдандық. Кейбірі шөп шапты. Оны жинауға қолайлы болу үшін рулонды тығыздауыш сатып алынды. Қапы қалмай, барлығын сайлап алдық. Оның арқасында мал азығынан таршылық көрмейміз. Сонымен қатар етті тасымалдайтын арнайы көлікті еншіледік. Оған ауылдың тұрғындары да қолқа салады. Олар үшін етті базарға сатуға апарудың оңтайлы мүмкіндігі жасалған. Тек көлікке жағармай ғана құю қажет, – дейді кооператив директоры.
АӨК дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында ұсақ фермерлік қожалықтармен қатар жеке қосалқы шаруашылықтарға басымдық берілген. Алдағы 5 жылда 600-ден астам ұсақ тауар өндірушілерді біріктіру көзделген. Оның арқасында 1500-ден астам ауылшаруашылық кооперация құрылмақ.
Венера Мұстафина
06.02.2017 ж. мақала