Жаңаөзен қаласында теңіз суын тұщытатын ірі зауыт салынады
Жаңаөзен қаласында теңіз суын тұщытатын ірі зауыт салынады.
Кендірлі аймағында бой көтеретін кәсіпорын шаһардың ауыз суға қажеттілігін толық өтеуі тиіс. Бұл туралы zakon.kz сайты хабарлады.
Қала күні қарсаңында Жаңаөзен қаласының әкімі Мақсат Ибағаров журналистермен кездесті. Осылайша, жарты ғасырлық тарихы бар қаланы дамытуға бағытталған кешенді жоспар аясында алдағы 5 жыл жүзеге асырылатын жобалар жайында айтты.
Қаладағы ауыз су тапшылығы да осы кешенді жоспар аясында шешімін табады. Кендірлі аймағынан теңіз суын тұщытатын ірі зауыт салу көзделуде. Қазір жобаның техникалық негіздемесі жасалып жатыр. Тәулігіне 50 мың текше метр су өндіріліп, халыққа таза ауыз су ұсынылады.
– Бұл Жаңаөзен жұртшылығының тіршілік нәріне деген сұранысын толық өтейді. Ауыз су мәселесі бар. Дефицит 15 мыңдай екен. Кендірлі аймағында теңіз суын тұщыту зауыты салынады. 2021-2022 жылдары саламыз деп отырмыз. Тәулігіне 50 мың текше метр. Барлық қажеттілікті өтейді. Қазір техникалық-негіздемесі жасалып жатыр. Келесі айда бітеді,- деді қала әкімі М. Ибағаров.
Мемлекеттің қолдауы мен Үкімет бекіткен моноқалаларды дамыту бағдарламасының аясында қаланың келбеті көркейіп, инфрақұрылымы дамыды. Биыл тағы да алдағы 5 жылға арналған кешенді жоспар бекітілді. 48 жобаны жүзеге асыруға түрлі қаржы көздерінен 62 млрд теңге қаржы бөлінбек. Қомақты қаражатты игеру басталып кетті. Жаңаөзенге қарасты Рахат ауылында мәдениет үйі салынып жатыр. Ал, ашылғалы жөндеу көрмеген қалалық мәдениет үйі жаңаруда. Күрделі жөндеу жүргізіліп, сахна ауыстырылды. Бірнеше мектеп жөнделіп, қажетті құралдармен жабдықталды. Орталық көшелер жарықтандырылып, жолдар жөнделді.
– Қордаланған мәселелер ескі үйлер. 52 үй бар. Кешенді жоспарға кірген. 27 үйге документация жасағанбыз. Жобалық-сметалық документациясын жасадық. Оның бәрі «Самұрық Қазынаның» көмегімен осы жылы сол проектіге қарай 3 үйді жөндеу жұмыстарын бастап кеттік. Осы бір айдың ішінде бітіреміз деп күтілуде. Осы 3 аптадай болды жасап бастағанына. Сонымен қатар келесі жылға 24 үйді модернизация ЖКХ бағдарламасы аясында бюджеттен қаржыландырып, жөндейміз деген жоспарымыз бар, -деді ол.